Жаңалықтар

Поделиться

Нұрбек Дәуренбеков, ЖСДП Қызылорда облыстық филиал төрағасы

Сырдария өзенінің суы қайтадан төмен түсіп кетті. Жылғалап ағатын жылдағы кейпіне келген дарияны қайта тірілтуді өзбектердің қайырымына қалдырдық. Аралға тиесілі суды біз білетін бес су қоймасын толықтырғаннан бөлек, бізге белгісіз басқа да су қоймаларының қойнауын Сырдарияның суына бөгіп жатыр. Осы уақытқа дейін мемлекетаралық қаншама келіссөздер жүргізілсе де нәтижесі сиырқұйымшақтанып тұр. Енді Үкіметіміз суды тамшылатып беріп жатқан өзбек еліне қатаң экономикалық немесе транслогистикалық шараларды қолданбаса Қызылорда облысы қуаңшылық апатына ұшырауы кәміл. Өйткені Сыр өңірінің экономикалық және экологиялық жағдайы, халқының тыныс-тіршілігі осы Сырдария өзенінің суына тәуелді. Күріш еккен диқандарды артық егін егіп, суды ысырап жатыр деу де бос сөз. Су тапшылығы салдарынан жылдан жылға егістік көлемі қысқарып жатыр. Көрші мемлекеттер бүйтіп шөміштен қыса берсе күндердің күнінде Қазақстан күрішсіз қалуы мүмкін.

Облыс аумағында өзеннің ұзындығы 1274 шақырымды құрайды. Аймақ халқының 85%-ы Сырдария өзенінің бойында тұрады және халықтың табысы да осы өзен суымен байланысты. Аймақтың табиғи-климаттық және топырақ ерекшеліктеріне сәйкес ауыл шаруашылығы саласы толығымен суармалы егіншілікке негізделген. Суармалы жерлер 6 массивте орналасқан, жалпы көлемі 254 мың гектар құрайды, оның 178,6 мың гектары инженерлік жүйеге келтірілген жерлер. Біздің аймақ су шығыны көп, суармалы күріш егісіне бейімделген, сондықтан мелиоративтік жүйелер мен құрылыстарды ұстап тұруға мәжбүрміз және олардың техникалық жағдайына тікелей тәуелдіміз.

Күріштің 90 пайызын өндіретін аймақ болғандықтан, республика бойынша суармалы судың 30 пайыздан астамын тұтынамыз. Су тапшылығы жағдайында суды көп тұтынатын дақылдар көлемін азайту мен су үнемдеу технологияларын енгізу қажет екенін түсінеміз. Алайда, күріш өсіру экологиялық маңызға ие және күріштік алқаптарды суға бастыру арқылы топырақтың тұздануын болдырмаймыз. Сол себепті, күріш егілмей қалса, қатты тұздалған топырақта басқа дақылдардың өсуі қиын. Оның үстіне әр дақылдың техникалық ерекшелігінен бөлек, автопаркі де бөлек. Осыған байланысты, күріш егісінің көлемін күрт азайтуға болмайтындығын және оған су үнемдейтін - тамшылатып немесе жаңбырлатып суаратын технологияларды қолдану мүмкін еместігін ескеру керек. Дегенмен, облыста ауыспалы егіс тәртібін қатаң сақтай отырып, күріш дақылының көлемін кезең-кезеңімен 75-80 мың гектарға тұрақтандыру бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Соңғы екі жылда күріш егісінің көлемі 11 мың гектарға қысқартылып, биыл 78,2 мың гектарға күріш егілді. Сондықтан Сырдариядағы су шаруашылығы - экономиканың барлық салаларының тұрақты жұмысына, халық тіршілігінің қамтамасыз етілуі мен қоршаған ортаның тұрақтылығына тікелей әсер ететін бірден бір сала.

Жалпы Сырдария өзенінің суын бірлесіп пайдалану мақсатында Орта Азия мемлекеттерінің арасында құрылған Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясымен жыл сайын Нарын-Сырдария каскадындағы су қоймаларының болжамдық жұмыс кестелерін белгілейді. Сырдария өзенің жалпы жылдық су қоры - 37,1 км куб болса, дария Тоқтағұл, Әндіжан, Бахри-Точик, Шарбақ, Шардара су қоймаларының және Көксарай су реттегішінің жұмысымен реттеледі. Сонау 1982 жылғы 5 мамырдағы Кеңес Одағы «Мемлекеттік ГЭК Госплан СССР жоспары» қаулысына сәйкес Сырдария өзенінен Қазақстанның алатын жалпы су көлемі орташа жылдық 12 млрд. куб, су аз жылдары 10 млрд. куб болып бекітілген. Бірақ 2020 жылдан бастап, Солтүстік Арал теңізіне тасталатын су көлемі азайып, бүгінде есептеулер бойынша оның көлемі 20,2 км3 құрап отыр. Былтырғы жылдың сәуір айынан қазірге дейн Үлкен Аралға бір тамшы су барған жоқ. Көршілеріміздің әлемге апатты жағдайымен танылған Аралға су жібермеуі өз қамдарының күйттеп кеткені емей немене.

Бүгінде су көлемінің төмендігінен Сырдария өзенінің төменгі ағысында күрделі су тапшылығы орын алуда. Арал-Сырдария бассейнінде су бөлу мәселелері бойынша Орталық Азия елдерінің Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясына шұғыл түрде Сырдария мәселесін қайта күн тәртібіне шығаруды Сыр елінің қалың халқы сұрап отыр.

Нұрбек Дәуренбеков, ЖСДП Қызылорда облыстық филиал төрағасы  

Астаналық филиал

site Астана қ., Шевченко к-сі 10/1, 203-кеңсе

site+7 701 653-24-37

siteastana@osdp.kz


Аймақтардағы филиалдар

Байланыс

Астана қ-сы, Т. Шевченко көшесі 10/1, 203-кеңсе

Жаңалықтармен таныс
болыңыздар

Сделано в IMA - создание и продвижение сайтов