Қалай болса солай арық өткізу, сауатсыздық - жауапсыздық

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының мүшесі Нұрлан Ауесбаев пен партияның орталық аппаратының жетекшісі Мақсұт Насибуловтың бастауымен бір топ партияластар Астана іргесіндегі Қоянды ауылының қазіргі ахуалымен танысып қайтты.

Осыған дейін аталмыш ауыл тұрғындары партия жетекшілеріне ауылдағы бүгінгі қиын ахуал туралы айтып, шағым түсірген болатын. Мәселесі қордаланған аталмыш елді мекен елорда іргесінде тұрғанымен шешімін табар дүниенің шаш етектен екені белгілі. Бұған дейін де талай рет телеарна барып түсіріп, тұрғындардың арыз-шағымына құлақ түрген. Бұл жолы партия мүшелері де арнайы келіп, ауыл белсенділерімен кездесті. Кездесуге ауыл әкімі Бахытқан Солтанбай да келді.

Ауыл тұрғындары жыл сайын көктем мен күзде қарғын судан әбден зәрезап болғандарып айтып отыр. Олардың сөзінше қыстай жауған қар уақытылы шығарылмағандықтан ауылды көктем келе су басып, жұрт үйлерінен шығалмайтын күйге жетеді. Ал әкімшілік әрекет жасағанымен шаруа тым сылбар дейді ауыл белсенділері.

Ауыл тұрғындарының нұсқауымен ЖСДП мүшелері ауласы мен жертөлелері суға толған бірнеше тұрғын үйлерді аралап көрді. Су басқан үй тұрғындарының сөзінше ауыл әкімшілігі мен шаруашылық бөлімінің еш жоспарсыз қазған арықтары салдарынан маңай суға жиі толатын болған. «Арық қазудың да өзіндік жөн-жобасы болуы керек, су жиналды екен деп қалай болса солай арық өткізу бұл сауатсыздық әрі жауапсыздық»,-дейді тұрғындар. Шынымен де аулыда жол бойын жағалай қазылған арық ешбір талапқа сай келмейтіні көзге анық байқалып тұр. Бұл туралы депутат Нұрлан Сатыбалдыұлы ауыл әкіміне және шаруашылық бөліміне ескерту жасап, жақын арада мәселені шешуді тапсырды. Тіпті қандай да күрмеуі қиын шаруа шығып іс алға жылжымай жатса, тікелей өзіне хабарласып мәселені айтуға болатындығын жеткізді. Өз кезегінде депутат түйткілдің түйінін тарқату үшін қажет болса облыс әкімінің өзімен жолығып, шаруаны баяндайтынын айтты.

Ауыл тұрғындарының сөзінше ешбір жобаға сай келмейтін арықтар қазудың салдарынан жолдар мен аулалар суға толып, қарғын су кей жерлерге шамадан тыс мөлшерде жиналып қалатын болған. Сондый жерлердің бірі ауылдың орталық көшесінің төменгі бөлігі. Қазір су жиналған орталық көшемен қоғамдық көлік соңғы аялдамаға дейін келе алмай жолдан қайтуға мәжбүр. Салдарынан тұрғындар таңның атысымен кештің батысына дейін су кешіп, автобусқа жетуде. Тіпті кейбір тұрғындардың ауласы түгел суға толған.

Ауыл әкімі мен ауылдың шаруашылық бөлімінің мамандарының сөзінше қазылған арықтар уақытша қиындықтан шығудың амалы ғана. Су кетіп жер құрғаған соң арықтар жобаға сай реттелетін көрінеді. Бірақ әкімшіліктің бұл уәдесіне тұрғындар сенуден қалғанбыз деп отыр.

Не дегенмен де ЖСДП өкілдерінің келіп мән-жайға қанық болуы мен жергілікті әкімге нақты іс жасауы керектігін ескертуінің салдарынан болар, арада бірнеше сағат өтпей жатып ауылдың орталық көшесіне қиыршық тас төгіліп, автобус соңғы аялдамаға дейін жүре бастағаны жөнінде тұрғындар хабарласып айтты. Егер Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері келіп мәселені нақтыламағанда тұрғындар соңғы аялдамадан орталыққа жаяу қатынап, су кешіп жүрген болар ма еді?

Қоянды ауылындағы қордаланған мәселе әлі де болса ЖСДП бақылауында болады. Алдағы уақыттарда да ауыл әкімімен хабарласып, мәселенің егжей-тегжейін нақтылап, қажет болса көмек қолын ұсынып отыру міндет,- дейді орталық аппарат жетекшісі Мақсұт Насибулов.

ЖСДП баспасөз қызметі

Смотрите также:
Депутатские запросы