Арал мәселесі жалпыұлттық мәселе

Арал теңізі жайлы айтылмаған ақиқат қалмаған секілді. Бірақ, Аралдың кейпі уақыт өткен сайын өте қыйын жағдайға әкетіп бара жатқаны белгілі.

Қазір теңізді қайта толтыруға арналған түрлі жиындарда айтылып, баяндамалар оқылып жатыр. Айтылып жатқан ұсыныстар да толассыз. Бірақ көңіл қуантатын әрекет некен-саяқ. Десе де, адамзаттың табиғат алдындағы міндеті тоқтамауы керек. Осы мақсат шеңберінде жуырда Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы өкілдері «Арал экологиясының қасіреті және елімізге тигізер әсері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Шараға Арал ісімен үздіксіз айналысып, түрлі зерттеулер жүргізіп жүрген ғалымдармен, қоғам белсенділері және экология жанашырлары арнайы келді.

Дөңгелек үстелге ЖСДП Төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбай (Zoom арқылы), Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Дәуренбеков, Арал ауданы әкімінің орынбасары Еркін Әбішев (Zoom арқылы), облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы орман бөлімінің басшысы Дәмелі Бердешова, осы басқарманың су бөлімі басшысы Жүсіп Әжібеков, сондай-ақ облыс бойынша экология департаментінің Қармақшы ауданы және Байқоңыр аймағы бойынша мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Әлішер Шамкенов, «Бітім» медиация орталығының басшысы Жанна Мейрамбекқызы және қоғам белсенділері қатысып, тұшымды ойларын білдіріп, келелі ұсыныстарын ортаға салды.

Жиын барысында сөз алған ЖСДП ҚОФ Төрағасы Нұрбек Дәуренбеков арнайы баяндама жасап, мәселені шешу барысында халықаралық ынтымақтастықты берік ұстауға шақырды. «Арал теңізінің мәселесі – бұл тек экологиялық емес, әлеуметтік және экономикалық жағдайды қамтитын өте өткір тақырып. Аралдың тартылуы – табиғат пен адамзат арасындағы тепе-теңдіктің бұзылғанының айқын көрінісі. Бірақ бұл жағдайды түзетуге және алдағы ұрпақ үшін шешім табуға болады», – деді филиал төрағасы.

Баяндамасында ол мәселені шешудің бірнеше маңызды бағытына тоқталды. Ең алдымен, Арал теңізі мәселесін шешуде халықаралық ынтымақтастықтың рөлі ерекше екенін атап өтті.

«Қазақстан өз тарапынан белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Бірақ жаһандық деңгейде қолдау көрсететін халықаралық ұйымдардың көмегі шешуші мәнге ие. БҰҰ, Дүниежүзілік банк сияқты ұйымдардың және аймақтық серіктестердің қатысуы экожүйені қалпына келтіруге және халықтың жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді», – деді ол.

Арал теңізінің көлемі соңғы 50 жылда 10 есеге дейін қысқарды. Теңізден 100 шақырымдық радиус аумақта жазда бұрынғыдан гөрі қатты ыстық әрі құрғақ, ал қыста өте суық әрі ұзақ болады. Жауын-шашынның түсуі де бірнеше есе қысқарды. Жан-жануарлардың 173 түрінің небәрі 38-і қалды. Балық түрі 20 есеге қысқарып, Үлкен Аралда балық мүлдем қалмаған.

ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Дәуренбеков Арал теңізінің мәселесін шешу үшін бірқатар маңызды бағыттарды ұсынды.

Шара барысында, қатысушылар - Арал теңізінің тағдыры – тек аймақтық емес, жаһандық мәселе. Оны шешуде бірлескен күш-жігер мен үйлесімді әрекеттердің қажеттігіне баса мән берді. Тек осылай ғана біз келер ұрпаққа айдынды Аралды қайтара аламыз, деді белсенділер.

«Су – тіршіліктің көзі, жер – елдің негізі» деген даналық сөзді басшылыққа ала отырып, табиғат пен қоғам арасындағы тепе-теңдікті қалпына келтіру жолында аянбай еңбек етуіміз керек. Себебі табиғатты қорғау – болашақты қорғау.

Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ, ЖСДП ҚОФ баспасөз хатшысы

Смотрите также:
Депутатские запросы