
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының ұйымдастыруымен мәжілісте «Арал маңындағы экологиялық апаттан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғаудың маңыздылығы» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды.
Шараға ЖСДП фракциясының мүшелері Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіның депутаттары Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Рахымжанов Асхат Нұрмағамбетұлы, Экология және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі Сағандықова Ажар Бақытқызы, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Қожықов Ерболат Селбайұлы, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Құтпанбаев Ерлан Нұрқанатұлы, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Вице-министр Ертаев Асқарбек Маратұлы, Қазақстан Республикасы Су шаруашылығы және ирригация министрлігі, Су шаруашылығы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Серіков Нұрбек Нұржанұлы мен бірге еліміздің денсаулық сақтау министрлігімен ұлттық экономика министрлігінен арнайы өкілдер келді.
Нақты айтар болсақ Арал мәселесін араға күн салмай үнемі көтеріп жүрген белсенді топ мүшелері, арал жұртының аманатын арқалап келген Жомарт Қартбайұлы мен Алдажар Өмірзақұлы алдымен мәселенің шынайы бетіне үңілуге мүмкіндік жасады.
Кезінде «Аралтұз» АҚ-да қызмет атқарған белсенді топ жетекшілері өздерінің жан айқайын айтып партия төрағасы Асхат Рақымжановтың жеке қабылдауына кірген. Мәселенің мән жайына қанық болған халық қалаулысы жағдайды кабинетте емес үлкен алаңда көтеруді құп көрген.
Отырыс тізгінін қолға алған ЖСДП депутаты Ажат Бақытқызы «Бүгін біз экологиялық тарихтың ең қасіретті, сонымен бірге тағылымды беттерінің бірі – Арал теңізінің құрғап кетуінің салдарын талқылауға жиналдық. Бұл Орталық Азия үшін жергілікті проблема ғана емес, сонымен қатар табиғи ресурстарды басқаруда экологиялық зардаптарды әлемдік деңгейде көрсететін жаһандық мәсел. Сонау 1960 жылдары Арал теңізі көлемі жағынан әлемде төртінші орында болды. Теңіз шамамен 68 мың шаршы шақырым аумақты алып жатты. Алайда кейінгі онжылдықтарда судың көлемі 90%-дан астамға кемісе көлемі 75%-ға дейін кішірейді. Бұл шынымен әлемдік экологиялық апатқа айналып отыр. Сондықтан біз Арал маңын мекен етіп отырған тұрғындардың үніне құлақ түріп, мәселелеріне назар аударсақ дейміз»,- деді.
Алдымен Арал маңында тұрып жатқан азаматтардың бүгінгі ахуалы сөз болды. Бұл туралы жергілікті белсенді Жомарт Қартбайұлы жағдаймен таныстырып, жиналғандарға Арал маңындағы қазіргі ахуалды бейне көрініс негізінде баяндап берді. «Теңіз табанынан көтерілген құмды дауыл жергілікті тұрғындарды экологиялық тұрғыдан қатты әлсіреткен. Ересек азаматтар түгілі жаңа туылған нәрестенің өзінің саулығында кінәраттар бар. Ал үкімет соңғы жылдары зейнет жасындағы азаматтарға экологиялық аймақта тұрғаны үшін берілетін үстемақыны да беруді тоқтатқан. Тұз кешіп шаң жұтқан халықтың жағдайын кім ойлайды. Олардың бәрі Арал қайтып оралады деп сіздерден үлкен үміт күтеді. Және соған сенеді. Сенгеннен кейін көшпей сол өздері туған мекенде отыр»,-деп қынжылды белсенді Жомарт Қартбайұлы.
«Министрлік тұз-шаң тасымалымен күресіп, қозғалатын құмдарды бекіту және осы құбылыстың қоршаған ортаға теріс әсерін оқшаулау бойынша жұмыс жүргізуде. 2021 жылы Мемлекет басшысы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында 2025 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған табанына сексеуіл екпелерін отырғызу ісін қолға алып, жалпы ауданы 1,1 млн. га орман мелиорациялық жұмыстарды жүргізу міндетін қойды.
Арал теңізінің құрғаған түбі жалпы ауданы шамамен 6 млн. га құрайды, оның ішінде Қазақстанға 2,8 млн. га құрғатылған түбі тиесілі. Арал теңізінің түбін Өзбекстан жағынан кебу біздің бөлікке қарағанда ертерек басталды. Бұл жағдайлармен де мемлекет аралық байланыс арқылы жұмыстар жүргізілу үстінде»,- деді Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Қожықов Ерболат.
Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі өкілдері Арал теңізінің бүгінгі ахуалы мен алдағы атқарылмақ жұмыстардың тезі туралы баяндап шықты. Олардың сөзінше теңіз деңгейі біртіндеп қалпына келу үстінде екен. «2002-2008 жылдары «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау, 1-кезең» жобасы іске асырылды. Нәтижесінде теңіз алаңы 2414-тен 3151-ге дейін көтеріліп, су көлемі 15-тен 27-ге дейін жеткен. Қазіргі уақытта 2-кезеңді іске асыру үшін «Арал теңізінің солтүстік бөлігін өңірлік дамыту және қалпына келтіру» жобасын әзірлеу жүргізілу үстінде.1 жобаны іске асыру бойынша төмендегі нәтижелерге қол жеткізілді. Атап айтар болсам, Сырдария өзені арнасының өткізу қабілеті 350-ден 600 м3/с дейін өсті. Арал теңізінің солтүстік бөлігін географиялық климат түзуші объект ретінде сақталған: - теңіздің құрғаған түбінің аумағы 870 км2 су айнасымен жабылған. Судың минералдануы 23-тен 12 г/л-ге дейін төмендеді. Ирригациялық және көлдік жүйелердің сумен қамтамасыз етілуі артты. Шардара бөгетін пайдалану қауіпсіздігі және Шардара СЭС-нің жұмыс режимі тұрақтандырылды. Қазіргі таңда жергілікті балық түрлерінің дамуы артып, бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру үшін қолайлы жағдайлар жасалынуда. Балық аулау көлемі 0,4 мың тоннадан 2,5 мың тоннаға дейін өсті және перспективада балық аулауды 11мың тоннаға дейін ұлғайту күтілуде»,-деді Су шаруашылығы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Серіков Нұрбек Нұржанұлы.
Жиынды қорытындылаған депутат Ажар Сағандықова Арал мәселесін бір отырыс деңгейінде ғана емес үнемі Үкімет назарында ұстау керектігін айтты.
«Біз өткенді өзгерте алмаймыз, бірақ одан сабақ алуымыз керек. Бүгінгі міндет – салдарын талқылау ғана емес, ортақ, шынайы шешімдер табу. Соның келесілері трансшекаралық су дипломатиясын дамыту, ауыл шаруашылығы саласында инновациялық су үнемдеу технологияларына көшу, экологиялық мониторинг пен су ресурстарын басқарудың институционалдық платформаларын нығайту. Сол себепті бүгінгі кездесуге келген барша құзырлы орын өкілдері мен белсенді топ мүшелеріне жағдайға бей-жай қарамау керектігін тағы да баса айтқым келеді. Арал адамзаттың алдындағы шешілуі тиіс мәселе болуы керек- деді халық қалаулысы өзінің қорытынды сөзінде.
ЖСДП баспасөз қызметі