
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын барынша қатайтуды ұсынып отыр. Комиссия баптардың қазіргі санкциялары бойынша шенеуніктер бюджетті жымқыру арқылы табыс табудың оңтайлы тұстарын өздеріне реттестіріп алған. Және олар жазалаудың дәл қазіргі әрекеттерінен еш қорықпай қаржы саласындағы тәртіпсіздікті жалғастыра береді деп санайды.
Бұған комиссия төрағасы Берік Жағыпаров бірнеше мысал да келтірді. Мәселен, 2023 жылы «Жезқазған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» жұмыс істеп тұрған ЖШС-нің бірімен жол бойына жеңіл қоршау орнатуға келісім шарт жасасайды. Келісім шарт бойынша мердігер бұл жұмыстарға 56 миллион теңгеге жуық қаражат алып, жол бойына орнатылатын қоршауға 850 қада секциясын орнатуға міндеттелді. Алайда ЖСДП мүшелері іс жүзінде аумаққа 731 қада секциясын ғана орнатқанын дәлелдейді. Демек мердігер шамамен 7,8 миллион теңгені заңсыз алған деген сөз. Мәселе бойынша 2024 жылдың қыркүйегінде партия мүшелері Жезқазған прокуратурасына жүгініп, тергеу жүргізілді. Бюджет қаражатының қайтарылуы мен тұлғалардың әрекеті жіті тексерілуі талап етілген. Прокуратура өз кезегінде негізсіз аударылған соманы мердігер қайтарып қойғанын хабарлады. Оның үстіне мемлекеттік аудиторлардың есебі бойынша қаражат 7,8 емес, 6,6 миллион теңге екені нақтыланған.
Жағыпаров атап өткеніндей, бұл шаруа бойынша кейіннен құқық қорғау органдары келісімге қол қойғандардың ешқайсысына ешқандай шағым түсірмеген екен. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы араға аз уақыт салып тіпті де жоғары лауазымға барып жайғасқан.
Сонымен қатар, социал-демократтардың құқық қорғау органдарына жолдарды күтіп ұстаудағы заң бұзушылықтарға қатысты бірнеше рет жүгінуінен кейін мемлекеттік аудиторлар ТКШ бөлімінің мердігерлердің бірімен келісім-шарттарына тексеру жүргізіп, 67,5 миллион теңгеге жуық артық төлемді анықтады. Материалдар Ұлытау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне тапсырылды, бірақ ТКШ бөлімі тексеру нәтижелерін сотқа жолданғанымен тергеу осы күнге дейін болмаған.
«Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің қорытындысына шағымданудың барлық заңды құралдарын жасап тауыстық, алайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті аталған фактілерді Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркемейді және біздің ойымызша, бюджет қаражатының ұрлануына жол берген тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізбей отыр», - деді Жағыпаров.
Партия мүшелері Жезқазған жолдарындағы жөндеу жұмыстарының сапасы мәселесін қайта көтерген болатын. Сараптама нәтижесінде 60-тан астам ақаулар мен зақ бұзушылықтар белгіленіп, 50-ден астам нормаларға сәйкес келмеу фактілері анықталды. Бірақ бұл жерде де тәртіп бұзушыларға жаза болмай отыр.
Сондықтан ЖСДП-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясының мүшелері тиісті заңнаманы күшейтпей, бюджетті «игерту» жағдайы жақсы жаққа өзгермейді деп есептейді. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін санкцияларды қайта қарау шенеуніктерді тәртіпке келтіруге көмектеседі, деп есептейді Берік Жағыпаров. Келтірілген шығындарды өтеу бұл жеңіл жаза, көбінесе оның мүлдем орындалмауы мемлекеттік қызметшілерді саналы түрде жымқыруға итермелейді, сондықтан барлық олқылықтарды қайта реттестіру қажет-ақ.