Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Жамбыл облыстық филиалы Тараз қаласындағы мектептердің маңындағы жол бағдаршамдар мен қауіпсіздік белгілерінің жұмысына мониторинг жасады.
Партия өкілдері мониторинг барысында қаламыздың Абай, Байзақ батыр, Д.Қонаев, С.Сейфуллин, Б.Момышұлы көшелері мен халық көп орналасқан «Талас», «Жайлау», «Салтанат», «Самал», «Мыңбұлақ», «Алатау», «Аса», «Жансая» мөлтек аудандарын аралап шықты. Бұдан байқағанымыз – орталық көшелерден өзге аймақтарда мектеп маңайында бағдаршамдар мен жолдан өту жолақтары жеткілікті түрде жарықтандырылмаған. Кейбір белгілер мен жаяу жүргіншілерге арналған жолақ мүлдем көрінбей қалған деуге болады. Қыс мезгілі болғандықтан күн ерте батады. Жауын-шашын көбейгенін ескерсек, бұл мәселелердің барлығы қазіргі таңда аса өзекті болып тұр. Бұдан бөлек, жолдан өтуге арналған жолаққа шығу үшін көп жерде пандустар қарастырылмаған. Аталмыш мәселелр бойынша ЖСДП ЖОФ өкілдері тиісті органдарға ресми хат жолдады.
Балалардың жол-көлік жарақатын азайту мақсатында мектептер мен оларға іргелес аумақта орналасқан жерлердегі жол инфрақұрылымының жай-күйі де назардан тыс қалмады. Мектептер мен балабақшаларға баратын жолдардың жарық болуы шарт. Соңғы кездері мектеп маңындағы көшелерде бағдаршам, жол кедергілері және аяқжолдың болмауынан келеңсіз оқиғалар жиілеген. Сондықтан қауіпсіздікті барынша күшейтуді қолға алу мәселесі төңірегінде көтерілген ұсыныстар тұрғындар тарапынан да көп айтылуда. Соған байланысты шағымдарды жинау жұмыстарын қолға алған ЖСДП-ның Жамбыл облыстық филиалы, алдағы уақытта да осындай маниторнигті тұрғындармен бірге өткізуді қолға алмақ.
Мектеп маңындағы қауіпсіздікті жақсарту үшін қосымша бағдаршамдарды, сондай-ақ «Абайла Балалар!» сынды белгілерді орнатып, жылдамдықты төменгі шектік белгілер қоюды қала әкімшілігінен талап етуді көздеп отыр.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, Жамбыл облыстық филиалының маманы Бақберген Аяулым