Блогерлердің қоғамға әсері көп болып тұр

Әлеуметтік желі қолданысқа енгеннен бастап блогер деген ұғым пайда болды. Блогер, өз парақшасында автор, корректор, редактор болып, үнемі ізденісте жүретін әртарапты адам. Олар әлеуметтік желіде жазба қалдырып қана қоймай, суретке және видеоға түсіруді меңгеріп, монтаждаудың шебері болып та алған. Қайырымдылыққа қаражат жинайтын, жарнама және тауар сату, ГИВ арқылы табыс тауып жүрген блогерлер де аз емес.

Газет басылымдарындағы ақпараттық мақалалардан гөрі, әлеуметтік желіде жарияланған пікірлер көпшілікке тез таралып, талқыланып, жаңалықты жариялаған парақша иесі танымал болып, блогерлер қоғамдық пікір қалыптастырады. ЖСДП Атырау филиалының өкілдері азаматтардың блогерлер туралы пікірлерін білу үшін сауалнама өткізді.

Сауалнама барысында білгеніміздей, көпшілік қоғамға ақпаратты блогерлердің жеткізетінін айтады және блогерлер қоғамдағы оқиғаларды, жағдайларды оқырмандарына жеткізіп қана қоймай, пікір қалыптастыратын әлеуметтік күш иелері.

Әлеуметтік желіні пайдаланып, азаматтық қоғамды қалыптастырып, мәселені шешуге ұмтылу дұрыс. Ешкімге бағынышты емес, шектеуді білмейтін, ақпарат кеңістігінде еркін ойлы, бірнеше мың оқырманы бар блогерді қоғамның қабылдайтыны анық. Халықтың әлеуметтік мәселелері блогерлердің назарынан тыс қалмай, атқарушы органға жеткізіп, пайдасы тиетін болса құптарлық. Бірақ кейбір белсенді блогерлер аудитория жинап алған соң, әлеуметтік желіні жеке мүддесі үшін пайдалануда.

Мемлекеттік орган қызметкерлерінің айтуынша, көп блогерлер мәслихат сессиясымен бекітіліп, әкімдікте шешіліп, орындалуы ғана қалған мәселені көтеріп, оқырмандары алдында мен жасаттым деп ұпай жинайды. Ал осылай халықтың сеніміне кіргеннен кейін, олардың сөзіне ел сенеді.

Блогерлер–өнімді жарнамалап, кәсіпкерлікпен де айналысатындықтан, блогерлікті табыс көзі деп қарайтындықтан жастардың да қызығушылықтары ерекше. Сауалнамаға қатысқан көпшілік блогерлердің парақшаларында жарияланатын ақпараттарға сенетіндерін айтады.

Белгілі журналист, жазушы Ж.Доспановтың айтуынша блогерлердің бәрі бірдей сауатты емес. Блогерлікпен айналысу үшін, мемлекетіміздің заңдарын білуі және орындаулары шарт. Қарапайым адамдар өздерінің қажеттіліктерін алдымен жергілікті атқарушы органдарға жеткізеді, бірақ азаматтардың өтініштері аяқсыз қалып, нәтиже болмағандықтан, олар блогерлерге жүгінуге мәжбүр болады. Жекеленген блогерлер әлдебір әлеуметтік топтың немесе саяси күштердің мүддесін қорғап, қоғамға ортақ халықтық мәселені екінші кезекке қоятын жағдайлар кездеседі. Мемлекеттік органдар тарапынан ақпарат ашық емес, мемлекеттік органдардың халықтың қажетіне жасалып жатырған жұмыстары әлеуметтік желіде жарияланбайды, мемлекеттік қызметкерлер халықпен кері байланыс орнатуға ынталы емес. Жергілікті атқарушы орган тарпынан ақпа¬рат жеткізу, түсіндіру жүйелі болмағандықтан, оның орнын блогерлер толтыруда. Он, жүз мыңдаған оқырмандары бар кейбір желі белсенділері заңдық тұрғыда бекітілген шектеулер мен кедергілер жоқ болғандықтан тексерілмеген жалған ақпаратты таратып, өзінің жеке ойын қоғамға айтып, теріс қоғамдық пікір қалыптастыру арқылы халық арасында дүрбелең жасайды. Ал мұндай жағдайда жауапкершілік қатаң болуы керек. Мәселенің байыбына бармай, бір тарапты ғана тыңдап алып, әлеуметтік желіге жариялап, кейін кешірім сұрап, жарияланған постты алып тастайтын жағдайлардың куәсі болып жүрміз. Ал журналисттер тараптардың пікірін тыңдап, шынайы ақпарат ұсынады. Бірақ, журналисттің зерделеу нәтижесінде дайындаған ақпаратынан гөрі, қарапайым тілмен жеткізген блогердің айтқандарын көпшілік тез қабылдайды.

Сондықтан көп алдында сөз бастап жүрген блогерлер қоғамға сауатты жазылған шынайы ақпарат, сапалы видеолар, саралы саяси ашық ойлармен жазбалар жарияласа ғана қоғам үшін маңызды болмақ. «БАҚ туралы Заңға» бағынатын журналист ойын ашық жеткізерде тежелетіні рас, сондықтан «блогерлер журналистерге қарағанда батыл» деген пікірлер қалыптасқан. Сол себепті блогердердің де міндеті мен құқығы заң аясында бекітілгені жөн.

Сауалнама барысында біз жалпы жұртшылықтың пікірінен осыны түйдік.

ЖСДП Атырау облыстық филиалы

Смотрите также:
Депутатские запросы