
Құрметті Ерлан Жақанұлы, құрметті әріптестер!
Мен ең өзектісі деп таныған елдің келешегінің мызғымас түп қазығы білім саласына қатысты сөз қозғағым келіп отыр.
Білім мен тәрбие ұлтымыздың болашағының айнасы екені рас. Өткен жылы ғана Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы барша білім беру ұйымдарына арнап «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» енгізуді ұсынды. Бағдарлама адами құндылықтарға негізделген деп айтсам болады. Бұл құжатта жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, әлемдік озық білімді игерген саналы азаматты тәрбиелеу мақсаты көзделеді. Әрине мұндай кешенді жан-жақты сұрыпталған бастамалар қажет ақ. Бірақ ұстаздар мектептерге қайта-қайта енгізіле беретін түрлі пилоттық,- деп аталатын жобалар мен бағдарламалардан соңғы кезде мезі бола бастағанын айтып отыр. Алғашқысын толық меңгеріп болмай жатқанда үстіне келетін келесілері білім берудегі жүйені тежеп, кейде мүлде құлықсыз әрекеттерге итермелеп жіберетінін айтуда. Шындығында біздің елде білім саласында пилоттық бағдарламалардың көп екенін мойындау қажет. Тіпті үнемі айтыла беретін болғандықтан пилоттық деген сөзге құлағымыз үйреніп кеткені сонша, маңызына мән бермейтін болып кеттік. Мұндай пилоттық жобалардың зардабы оқушының түпкі білімін түбегейлі тежеп тастамауына кім кепіл. Түркістан облысының аудандарындағы мектептерде болған кездесуде ұстаздар осы мәселеге алаңдаушылық танытып отыр.
Мысалы айтар болсам облыста білім беру ұйымдарына өткен 2024 жылдың өзінде 20 бірдей пилоттық жоба енгізілген екен. Кейбірінің атын атап, түсін түстеу де қиын. Мысалы: «Е-асхана», «Е-Кітапхана», «BilimLand» сынды автоматтандырылған жүйелермен қоса «Alagan», «Tolem» жобалары, «MATATALAB», «Gode play» цифрлық кешенді білім беру жүйесі, «IoT board», «Codrone», «Intellectum» вертуалды ойындары сынды жаңа технологиялар енгізілген. Білім беру ұйымдарында инновациялық деп енгізілген аталмыш бастамалар қаншалықты нәтижелі болып отыр? Шындығына келгенде бүгінде осы жобалардың қаншасы толықтай жүзеге асты? Нәтижесі күмәнді кейбір бастамаларды қабылдап, мұғалім мен оқушыны және мектеп әкімшілігін артық әуіреге салудың қажеті барма?
Жоғарыдағы аты аталған және аталмай қалған жобалардың арасынан бір ғана «MATATALAB» бағдарламасын зерделеген шағымызда. Бағдарламаның 2002 жылдары Мәскеудің жекеменшік мектептеріне енгізілген жоба екенін байқадық. Ал мұндай жобалардың біздің елдің төл білім беру стандарты мен талаптарына қаншалықты сәйкестендіріліп жатқанын, тіпті оның біздің оқушыларға қажет дүние екендігін қандай институт не қандай ғалымдар тобы мақұлдағағаны туралы да толыққанды ақпараттар некен саяқ.
Сондықтан білімді ұрпақ тәрбиелеу біздің басты құндылығымыз екенін жіті түсініп, жоғарыдағы мемлекет басшысының өзі мақұлдаған бағдарлама негізінде ұлттық құндылыққа сай келетіндей дүние жасау маңызды болмақ.
Жаңа жобалар мен бағдарламаларды сырт елдерден сұрыптамай кіргіземіз деп «Біреудің қаңсығы – біреуге таңсық»,-дегеннің кебін киіп, болашақ ұрпақтың білім мен тәрбиесіне кері әсерін тигізіп алып жүрмесек болғаны.
Құрметпен, ЖСДП фракциясы.