
Қоғамда үнсіз жүрген еңбек адамын есту – бүгінгі күннің басты міндетіне айналды. Қызмет пен құрмет қатар жүруі үшін, жұмысшының сөзін елеп, ұсынысын шешімге айналдыру қажет. Апта басында Қызылорда локомотив пайдалану депосында дәл осы мақсатпен ашық форматтағы маңызды кездесу өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жариялаған «Жұмысшылар жылы» аясындағы бұл басқосу – жай ғана кездесу емес, нақты сұрақтар мен өмірлік ұсыныстардың тоғысқан сәті болды. Игі бастаманың ұйымдастырушысы – Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы.
Диалог алаңына партия өкілдері, инженерлік-техникалық қызметкерлер, машинистер, сала ардагерлері мен кәсіподақ ұйымы мүшелері жиналды. Бірақ бұл жиын – хаттамалық жоспар бойынша өткен ресми басқосу емес, ел экономикасының күре тамыры саналатын теміржол саласындағы адам тағдыры мен қоғам мүддесін тоғыстырған маңызды мәселелерді талқылау алаңы болды.
Кездесуді ашқан ЖСДП ҚОФ Төрағасы Нұрбек Дәуренбеков елдегі жұмысшы қауымының үні шынайы естілетін уақыт келгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жиын тек сұрақ-жауап емес, нақты шешімге бастайтын үнқатыс алаңы болуға тиіс.
Біз бүгін Қызылорда локомотив депосының ауласында ғана емес, елдің еңбек рухының өзегі саналатын ортада бас қосып отырмыз. Теміржол – бұл жай ғана қатынас құралы емес. Бұл – елдің экономикасы, жүрегі, жүйкесі. Ал сол жердің соғып тұрған жүрегі сіздерсіздер – теміржолшылар, – деді Нұрбек Сағатұлы.
Кездесуде заңның әр адамға ортақ екенін, алайда оны жүрекпен ұғып, тәжірибемен қорғау қажеттігін де атап өтті. «Ешқандай заң сіздің құқығыңызды өзіңізден артық қорғай алмайды», – дей отырып, жұмысшылардың үнсіздігі үкімге айналмауы керек екенін ескертті.
Кездесуде бірқатар нақты мәселелер де көтерілді. Соның бірі – облыс орталығында балаларға арналған жазғы лагерьдің жоқтығы. Қызметкерлер өз балаларына қалада қолжетімді әрі қауіпсіз демалыс ұйымдастыра алмай отырғанын айтып, балаларға арналған лагерь салу мәселесін көтерді.
Тағы бір күрделі мәселе – Қызылорда қаласындағы Арай мөлтек ауданында орналасқан, халық арасында «Остров» аталып кеткен аймақ. Көпшілік бұл жер телімі мемлекетке тиесілі болғанымен, жекеменшікке өтіп кеткенін жеткізді. Бұл ақпаратты назарға алған филиал төрағасы, аталған аумаққа қатысты құжаттарды қарап, заңдылығын зерделеп, қажет болса мемлекет меншігіне қайтару бойынша ұсыныс жасау мәселесін қарастыратындығын жеткізді.
Одан бөлек, экологиялық сипаттағы маңызды мәселе де көтерілді. Мәселен, Қармақшы ауданына қарасты Төретам мен Ақай елді мекендерінің жанынан өтетін теміржол жағасына арық қазылып тасталғанын, бүгінде ассенизатор көліктердің (кәріз қалдықтарын таситын арнайы машиналар - авт.) заңсыз түрде сол арықтарға лас суды төгіп жатқаны анықталған. Бұл санитарлық қауіпсіздікке ғана емес, экологиялық апатқа апаратын қадам екенін айтқан жұмысшылар, осы әрекетті шұғыл түрде тоқтатуды сұрады.
Кездесуде тағы бір өзекті мәселе – Қызылорда теміржол ауруханасының мәртебесіне қатысты болды. Қызметкерлер аталған мекеменің нақты кімге қарайтынын білмей отырғанын, соның салдарынан теміржолшылардың толыққанды емделуге қол жеткізе алмай жүргенін мәлімдеді.
Сондай-ақ, көпжылдық өтілі бар жұмысшыларға жылына бір рет берілетін ынталандыру сыйақысынан табыс салығының тым жоғары мөлшерде ұсталуы да сөз болды. Бұл жайт ынталандырудың шын мәнінде мотивациялық әсерін төмендетіп отырғанын айтқан жұмысшылар, салықтың пайызын азайту қажет екенін ұсынды. «Кәсіподақ – жай ғана бюро емес. Ол – жұмысшының қорғаушысы, ұжымның тілі. Сондықтан алдағы уақытта кәсіподақпен бірлесе еңбеккерлердің құқығы бойынша жұмыстар істейтін боламыз. Өйткені біздің партия – қарапайым халық пен еңбек адамының мүддесін қорғайды», – деді Н.Дәуренбеков жиын соңында.
Ол барлық ұсынысты жазып алып, алдағы уақытта зерделеу жүргізіп, нақты ұсыныстар әзірлейтінін айтты.
Қызылорда локомотив пайдалану депосы басшысының орынбасары Қаныш Өтегенов:
«Бүгін көтерілген мәселелердің барлығы өмірден алынған, шынайы сұрақтар. Біз де осы ұжыммен біргеміз. Бірқатар мәселелерді ішкі резервпен шешуге болады. Ал күрделі түйткілдер бойынша партия және жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз», – деді.
Ал мекеме басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары, бас инженер Қайрат Ибадуллаев еңбек қауіпсіздігі мен техникалық жабдықтау мәселелері бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды атап өтті. Ол цифрлық жүйеге көшу, ауысымдағы қауіпсіздік нұсқаулықтарын жаңарту, құрал-сайманмен қамтамасыз ету жөнінде нақты қадамдар туралы баяндады.
Бұл кездесу тек пікір алмасу емес, нақты сұрақтар мен өмірлік маңызы бар ұсыныстарды жинаған шынайы алаң болды. Осындай форматтағы диалогтар еңбек адамының үнін естіртіп қана қоймай, қоғамның әділет пен парасат жолымен дамуына негіз болары анық.
Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ, ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының Баспасөз хатшысы