
19 сәуір күні Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Жамбыл облыстық филиалы Меркі ауданының белсенді жастарымен бірлесіп «Таза Қазақстан» акциясына қатысты. Бұл бастама табиғатты қорғауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
Қоршаған ортаны қорғау – әр азаматтың міндеті. Туған жерімізді, туған қаламызды аялау, оны көздің қарашығындай қадірлеу ортақ іс. «Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаты – табиғатқа ұқыпты қарауға шақыру, экологиялық мәселелерге назар аудару және қоршаған ортаны ластанудан сақтау. Іс-шара барысында еріктілер мен жастар әсем табиғаты бар Меркі тауларының бөктерін тазалап, қоқыс жинап, ағаштарды суарды.
Шараға Меркі ауданының белсенді жастары мен партия өкілдері жұмыла қатысып, табиғатты қорғауға өз үлестерін қосты. Жастардың табиғатқа жанашырлық танытуы және экологиялық мәдениетті қалыптастыруы қоғам үшін маңызды қадамдардың бірі. Бұл акция тек сенбілік өткізу ғана емес, сонымен қатар экологиялық тәрбиенің бір бөлігі болып табылады.
Акция барысында қатысушылар экология мәселелері бойынша пікір алмасып, қоршаған ортаны қорғау жолдары туралы ой талқылады. Жамбыл облыстық ЖСДП филиалы өкілдері табиғатты аялау – болашақ ұрпаққа қалдыратын баға жетпес мұра екенін атап өтті.
Осындай игі шаралар жастардың бойында жауапкершілік сезімін қалыптастырып қана қоймай, экологиялық мәселелерге бей-жай қарамауға үйретеді. Қоршаған ортаны таза ұстау – әрбір азаматтың міндеті. «Таза Қазақстан» секілді бастамалар еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартуға септігін тигізері сөзсіз.
Мақаланы дайындаған Жамбыл облыстық ЖСДП филиалы маманы Әбуәлі Мұхтарәлі Мұратұлы