Өндірушілер кедергіге ұшыраса, тікелей министрлікке хабарлассын

ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының мүшесі Нұрлан Әуесбаев Парламент мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Абайұлы Шаққалиевтің атына сауал жолдады.

Өз сауалы барысында ЖСДП депутаты отандық жиһаз өндірушілердің басындағы мәселені айтып, оларға министрлік тарапынан қолдау көрсетуді талап етті.

Ол өз сөзінде, «Еліміздің өңірлеріндегі сайлаушылармен кездесу барысында Түркістан облысының шағын және орта бизнес субъектілері мен өндіріс ошақтарын аралап, жұмысшыларымен кездестім.

Осыған дейін аталмыш сауалды ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жолдаған болатынбыз. Бірақ аталмыш министрлік қанағаттанарлық жауап бермеді. Сондықтан сұрағымызды сізге бағыттап отырмыз.

Өздеріңіз білесіздер Қазақстанда бүгін жиһаз жасаушы кәсіпорындар қарқынды жұмыс істеп жатыр. Тіпті олар өндіріп жатқан жиһаз түрлерінің шет елдің бренд өнімдерінен еш айырмасы жоғына көзіміз жетті. Осы отандық жиһаз жасаушы кәсіпкерлердің бізден сұрағаны өз өнімдерін алыс-жақын шет елдерге шығаруға мүмкіндік жасап, әлемдік деңгейдегі үлкен көрмелерге кедергісіз қатысуға мүмкіндік жасалса дейді.

WhatsApp Image 2025-03-13 at 17.12.48.jpeg

Өндірушілердің өз бетінше сыртқа шығару үшін түрлі әкімшілік және кедендік кедергілерге ұшырап отырғанын айтуда. Біздің өнімдер мұхит аспаса да ең құрығанда көрші және көршілес елдерге еркін шығарылып отырса кәсіпкер үшін де мемлекет үшін де үлкен пайда әкелген болар еді.

Осыған орай менің сұрағым деді Нұрлан Сатыбалдыұлы.

Отанымызда өндіріліп жатқан өнімді сырт елдерге кедергісіз шығарып, көрмелер мен жәрменкелерге қатысуға қолдау жасала ма? Мемлекет тарапынан олардың мүддесін кім қорғайды? Қандай мүмкіндік бар?»,-деген болатын.

Жолданған сауалға отырысқа арнай келген Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция Вице-министрі Қайрат Төребаев жауап бере келе, барынша қолайлы мүмкіндіктердің қарастырылатынын жеткіздіді. Тіпті кедергіге душар болған өндірушілерді тікелей министрлікке шақырды.

«Сауалыңызға рақмет. Соңғы кездері елімізде жиһаз жасаушылардың саны артып келе жатқаны шындық. Біз тек жиһаз жасаушыларға ғана емес еліміздегі барша өндірушілерге қолдау жасап отырмыз. Елімізде өндірушілерді қолдаумен қоса олардың өзге елдерге шығып бизнесті дамытуларына әрекет жасалып жатса олардың көлік шығынын 80 пайызға дейін өтеуге болатынын айта кетейін. Бұл бірінші. Екінші, біз өндірушілерге кредиттер беру кезінде кепіл болуға тәуекел жасаймыз. Одан бөлек олар министрліктің жобаларына қосылып бірге жұмыс жасаса біз сырт елдерде сауда жасау кезіндегі жол шығындарын түгел өтеп беруге тырысамыз. Оған мысал ретінде айтар болсам, өткен жылы шет елдерде оннан аса шара ұйымдастырып, отандық өндірушілермен бірге 386 млн доллар көлеміндегі қаражатқа шарт жасастық. Енді сол компаниялардың маркетингілік әрекеттерін дамытуға да қол ұшын беріп отырмыз. Әрине әр мемлекеттің өз заңдылықтарына сай кедергілер болуы ықтимал. Сондықтан сол елдің талаптарына сай болу маңызды. Ал қандай да бір шешілмес түйінге тап болған өндірушіні қолдаймыз. Тіпті тікелей бізге хабарласуларына болады. Сол кезде біз ресми түрде шешетін боламыз»,- деді Вице-министрі Қайрат Қалмұқаметұлы.

ЖСДП баспасөз қызметі