
ЖСДП Ақтөбе облыстық филиалы облыстағы жастардың жұмыссыздық мәселесін біршама уақыттан бері өз бақылауында ұстады. Соған орай жинақталған деректермен ақпараттарды ұсына отырып, жастарға бағдар көрсетуді көздейді.
Ақтөбе облысында жастар арасындағы жұмыссыздық – ресми деректерге қарағанда әлдеқайда күрделі екеніне көз жетті. Жұмыссыздықтың ресми деңгейі 2,6% деп көрсетілсе де, іс жүзінде көптеген жастар тұрақты жұмысы жоқ немесе мамандығына сай емес қызметтерде еңбек етеді. Бұл мәселе облыстағы экономикалық жағдаймен, еңбек нарығындағы сұранысты және ұсыныстың сәйкес келмеуімен жастардың кәсіби дайындығының жеткіліксіздігі көрсетіп отыр. Алдымен өңірдегі жұмыссыздықтың негізгі себептерін бағамдасақ.
-
Жұмыс орындарының жетіспейді. Ақтөбе облысында өндіріс орындары мен кәсіпорындар көп болғанымен, олардың көбі жоғары білікті мамандарды қажет етеді немесе автоматтандырудың әсерінен жаңа жұмыс орындарын ашу баяу жүріп жатыр. Ал шағын аудандар мен ауылды жерлерде жұмыс орындары тіпті аз. Бұл жағдай көптеген жастың басқа аймақтарға немесе ірі қалаларға көшуіне себеп болып отыр.
-
Жас мамандарға тәжірибенің жетіспеуі. Көптеген жоғары оқу орындары мен колледж түлектері жұмысқа орналасарда тәжірибесіздіктен қиналады. Көптеген жұмыс берушілер еңбек өтілі бар мамандарды ғана іздейді. Ал оқу орындарында теорияға көп көңіл бөлініп, тәжірибелік дайындық жеткіліксіз болғандықтан жастардың дені шарасыз күйге түседі.
-
Кәсіби бағдардың әлсіздігі жастар үшін кері әсер болып отыр. Жастардың көпшілігі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар туралы толық ақпарат алмайды. Соның салдарынан заңгер, экономист сияқты мамандықтарды таңдап, бәсеке жоғары болғандықтан, кейін жұмыс таба алмай жүреді. Ал аймақта сұранысқа ие техникалық және жұмысшы мамандықтарына жастардың қызығушылығы өте төмен.
-
Жалақының төмендігі де көп жағдайда басты мәселе болуда. Жастарға облыстағы көптеген жұмыс орындары төмен жалақы ұсынады. Жас мамандардың көпшілігі 100-150 мың теңге көлеміндегі жалақыға жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл олардың тұрақты жұмысқа орналасуына ынтасын төмендетеді және көбі басқа табыс көздерін іздеуге немесе бейресми жұмыс істеуге мәжбүр.
-
Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігінің төмендігі.
«Жастар практикасы», «Еңбек» бағдарламасы сияқты бастамалар бар болғанымен, олардың әсері ұзақ мерзімді шешімдер ұсынбайды. Жастар көбіне осы бағдарламалар арқылы уақытша жұмысқа орналасады, бірақ келісімшарт мерзімі аяқталған соң қайтадан жұмыссыз қалады.
ЖСДП Ақтөбе облыстық филиалының сарапшылары мәселені шешудің бірнеше жолы бар деп отыр.
-
Жұмыс орындарын көбейту және жергілікті кәсіпкерлікті қолдау Мемлекет пен жергілікті билік шағын және орта бизнесті дамыту үшін арнайы бағдарламалар әзірлеуі керек. Әсіресе ауылдық жерлерде кәсіпкерлерге арналған жеңілдетілген несие беру механизмдері қарастырылуы қажет. Жаңа өндіріс орындарын ашып, инвесторлар тарту басты міндет болмақ.
-
Жастарға тәжірибе жинауға мүмкіндік беру. Жоғары оқу орындары мен колледждер дуалды білім беру жүйесіне көшуі керек, яғни студенттер теориямен қатар өндірісте жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болуы қажет. Жергілікті кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер жастарға арналған тағылымдамалар санын арттыруы тиіс.
-
Кәсіптік бағдар беруді жұмысын жүйелі қолға алу маңызды. Мектептерде еңбек нарығының сұранысына сай мамандық таңдауға бағытталған арнайы бағдарламалар енгізу керек. Жастар арасында техникалық және жұмысшы мамандықтарын насихаттауға ерекше мән беілуі тиіс.
-
Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру маңызды. Қазіргі жүргізіліп жатқан бағдарламалар қысқа мерзімді емес, ұзақ мерзімді жұмыспен қамтуға бағытталуы керек. Осылайша әрбір бағдарламаның нақты нәтижелері бойынша есеп беру жүйесі енгізілуі тиіс.
Ақтөбе облысындағы жастар жұмыссыздығы – тек цифрларға емес, нақты жағдайға қарай бағалануы керек. Егер жүйелі шаралар қабылданбаса, бұл мәселе тереңдей түсіп, жастардың басқа аймақтарға немесе шетелге кету үрдісі жалғаса береді. Сондықтан, еңбек нарығын зерттеп, нақты қажеттіліктерге сай шаралар қабылдау өте маңызды. Жастарға жұмысқа орналасудың нақты тетіктерін ұсынбай, бұл мәселені толық шешу мүмкін емес.
ЖСДП Ақтөбе облыстық филиалы жастардың мәселелерін әрқашан назарында ұстайды. Жастар елдің ертеңі және болашақтын иесі. Еліміздегі жастардың жағдайы болашақ еліміздің жағдайы деп есептейміз.
ЖСДП Ақтөбе облысы филиалы төрағасы Майлишов.Б