
2025 жылдың 29 сәуірі күні Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Жамбыл облыстық филиалы мен Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Толеранттылық – қазақстандық бейбітшілік пен келісімнің кепілі, Қазақстан халқы Ассамблеясы – татулық мекені» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аталмыш жиынға Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының этносаралық қатынастар бөлімінің мамандары, «Жастар ресурстық орталығы» КММ және Жамбыл облысы ҚХА өкілдері мен белсенді жастар қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстандағы этносаралық келісімді нығайту, толеранттылық қағидаларын кеңінен насихаттау және елдегі қоғамдық тұрақтылық пен бірлікті сақтау мәселелерін талқылау болды. Дөңгелек үстелге Жамбыл облысының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, қоғам белсенділері, жастар және сарапшылар да қатысты. Жиын барысында қатысушылар толеранттылықтың маңыздылығын, Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық келісімді сақтаудағы рөлін және бейбіт өмір сүру мәдениетін дамыту жолдарын талқылады.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Жамбыл облыстық филиалы өкілдері толеранттылық қағидаттарын насихаттаудың маңыздылығына тоқталып, қазақстандық қоғамның тұрақтылығы мен дамуы үшін этносаралық татулықтың орны ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар, іс-шарада Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып жатқан жұмыстары және этномәдени бірлестіктердің халықтар достығын нығайтудағы үлесі кеңінен сөз болды. Осы орайда «Ассамблея жастары» РҚБ төраға орынбасары және облыстық «Ассамблея жастары» төрайымы Хамида Тұрдыева өңіріміздегі өзге ұлт өкілдері жастарының волонтерлік жолда өздерін ерекше белсенді ұстайтындықтарын атап өтті. Сонымен қатар, белсенді жастарға бағытталған гранттық бағдарламалардың аздығы жайлы да мәселені көтеріп өтті.
Шара барысында жастар өкілдері қоғамдағы толеранттылықты дамыту жолдары туралы өз ойларын ортаға салды. Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің этномедиация кабинетінің меңгерушісі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Досыбиева Валентинаның пікірінше, Қазақстанда этносаралық келісім мен мәдени алмасуды қолдау үшін маңызды міндеттердің бірі – жастарға көпмәдениетті ортада өмір сүру дағдыларын қалыптастыру маңызды екенін айтты. «Жастар – қоғамның болашағы, және олардың ұлттар мен ұлыстар арасындағы достығын нығайтуға барынша қолдау жасауымыз керек»,- деп атап өтті ол.
Дөңгелек үстелді қорытындылаған қатысушылар этносаралық татулық пен толеранттылықты сақтау бойынша ҚХА-на бірқатар ұсыныстар жолдайтындықтарын айтты. Қазақстанда бейбітшілік пен келісімнің сақталуы – әр азаматтың саналы түрде үлес қосуынан басталады. Осындай кездесулер тұрақты түрде өткізіліп, қоғамдық бірлікті нығайтуға өз септігін тигізбек.
Мейірімділік, түсіністік пен бауырмашылдықтың арқасында көптеген мақсаттарға бірге жетіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еліміздің дамуына үлес қосу, әр азаматтың парызы. «Біз біртұтас елміз!»,- деген қағиданы ұстану өзге де көпэтникалық елдерге үлгі болары анық.
ЖСДП Жамбыл облыстық филиалы маманы
Әбуәлі Мұхтарәлі Мұратұлы