
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астанадағы президент саябағында орналасқан «Ынтымақ аллеясына» алма көшеттерін отырғызды.
Шараға партия депутаттары мен орталық аппарат ұжымы және Астанастаналық филиал қызметкерлері түгел жиналды. Бір айта кетерлігі аталмыш «Ынтымақ аллеясы» ЖСДП-ның үлесінде десек болады. Себебі осыдан бірнеше жыл бұрын президент саябағындағы орынды көгалдандырып, гүлдендіру мен түрлі сән ағаштарымен көркемдеуді партия өз мойынына алған. Содан бергі уақытта партияластар мен депутаттар аллеяға үнемі барып оның күтімі мен тазалығына жауапкершілікпен қарайды. Қазіргі таңда ЖСДП аллеясында демалуға арналған орындықтар мен жаяу жүргінші жолдары бар. Партияның орталық аппаратының басшысы Мақсұт Насибуловтың сөзінше бірнеше жылдан соң, балалар мен саябақ демалушылары осы «Ынтымақ аллеясынан» келіп ағаштан алма үзіп жейтін болады,-дейді.
Ағаш отырғызып маңайды тазартуға Астана қаласындағы Талант мектебінің оқушылары да келді. Партиямен үнемі қоғамдық және мәднени байланысын үзбейтін мектептің оқушыларын шақырудағы басты мақсат, жастарды еңбекке, ел-жерді аялауға баулу.
«Біз әр жылда бірнеше рет өзімізге тиесілі осы маңды ерекше күтіп баптау үшін аллеяға жиналамыз. Бүгін оқушыларды да өзіміздің балаларымызды да арнайы ертіп әкелдік. Себебі олар да өскенде өз елін, отанын, туған қаласы мен өлкесін аялап ұстауы керек. Адам өмірінде ұрпақ тәрбиелеу, ағаш отырғызу, үй салуы қажет дейді екен бабамыз. Бабалардың осы бір тағылымын біз ұрпақ алдында жаңғыртуымыз қажет. Өйткені қазіргі бала ертең елдің тізгінін ұстар азаматтар. Сондықтан жастарға тәрбие беру маңызды іс»,-деді шараға жиналғандар алдына шыққан партияның орталық аппаратының басшысы Мақсұт Бейбітұлы.
Алма көшеттерін отырғызуға келген оқушыларға партия тарапынан шағын сыйлықтар да үлестірілді. Оқушылардың ата-аналары балаларына көрсетіліп жатқан құрметке өз ризашылықтарын білдірді.
Сонымен «Ынтымақ аллеясының», маңын тазартып ретке келтірген ЖСДП – үзеңгілестері осы жылы 50 түп алма көшетін отырғызды. Одан соң арнайы жасалған «Ынтымақ аллеясы»,- деген жазуы бар белгі тұғыр орнатылды.
«Үнемі кабинетте отырып жиналсытардан қол тимейтін біздер үшін мынандай табиғатқа шығып қол еңбегімен айналысу шынымен де бір серпілтіп тастайды екен. Мүмкіндік болса депутаттар ұжымы жоқ дегенде жылына бір не екі рет қол еңбегімен шұғылдану керек. Бір жағы денсаулыққа да пайдасы көп. Мұнда жүріп еркін тыныстап жұртпен емін-еркін әңгімелесесің, пікір алмасасың»,-дейді ЖСДП фракция мүшесі ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ажар Сағандықова.
ЖСДП баспасөз қызметі