Жалдамалы пәтерім, жекешелеп әпергін…

ЖСДП орталық аппаратында өткен «Жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй, мәселелері және оларды шешу жолдары»,- тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында жастар үкіметтен өздеріне тағы бір мүмкіндік берілуі туралы бастама көтерілді.

Елімізде баспана мәселесінің басты тақырып болып келе жатқаны жасырын емес. Түйткілдің түйінін тарқату тұрғысында ел үкіметі бірнеше бастамаларды қолға алып, біршама бағдарламалар жүзеге асырылды. Дегенмен баспана мәселесін қаншалықты оңтайлы шешуге тырыссақ та түйткілдің түйінін түбегейлі шешу мүмкін болмай тұр.

Дөңгелек үстел отырысының модераторы, партияның жастар қанатының жетекшісі Мақсұт Насибулов бағдарлама қатысушы жастардың тарапынан бүгінгі таңда туындап отырған мәселелерге тоқтала келіп шешілуі қажетті біршама түйткілдерді тізіп берді. «ЖСДП көп жағдайда билік пен халық арасын жақындастыруға, түрлі мәселеде екі аралыққа алтын көпір болуға тырысады. Бүгін де осы жастарымыздың басындағы мәселелерге назар аударып, мемлекеттік орган өкілдерін арнайы шақырып өздеріңізбен жүздестіріп отырмыз. Әрине, біз екі жақты да түсінеміз. Шешілуі қажет дүниелер өте көп, сондықтан жастар тарапынан келген арнайы өкілдер өздерінің нақты ұсыныстарын осы жерде айтып тиісті сұрақтарын мемлекеттік орындардан келген өкілдерге жолдаса деген ниетпен жиналдық»,- деді.

Отырысқа жиналғандардың дені осыдан 4-5 жыл бұрын мемлекет тарапынан сатып алу құқығынсаз 5 жылға дейін жалдамалы баспанамен қамтылған жандар. Нақтырақ айтсақ, осы 2024-2025 жылдары жалдап алушы жас отбасыларының алғашқы ілегінің уақыттары аяқталуы керек. Сөйтіп мемлекет ұсынған негіздемеге сай жастар уақыты аяқталған шақта баспаналарын өзінен кейінгі кезекте тұрғандарға босатып берулері тиіс.

Алайда үйлерді 5 жылға дейін жалдап тұру құқығына ие болған жастар түрлі себептер мен жағдайларға тап болуына байланысты мемлекеттен өздеріне тағы бір мүмкіндік беруді сұрап отыр. Себебі баспаналы болған жастардың дені бұл үйлерінен шыққаннан кейін барар жерлері жоқтығын алға тартуда. Осы мәселеге байланысты еліміздің үш қаласында, атап айтқанда Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жастар жергілікті әкімшіліктен бастап мемлекет басшылығына дейін өздерінің арыз-шағымдарын айтып түрлі хаттар мен ұсыныстарын жолдап отыр. Тіпті олар Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына да және партия депутаттарына да өтініштерін жеткізіп, өздерін қолдауды сұраған болатын. Мәселеге орай партияның орталық аппаратының жетекшісі, Жастар қанатының жетекшісі Мақсұт Насибулов жастарды және мемлекеттік органдардың өкілдеріне партия қабырғасынан алаң ұсынды. Мақсат, жастардың уәжін тыңдап, мүмкін болса мемлекеттік органмен бір ортақ мәмлеге келу.

Сонымен шараға, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты ЖСДП фракциясының мүшесі Наурыз Сайлаубай, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Жастар және отбасы істері» комитетінің басшысы Қайрат Қамбаров, Астана қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ директоры Даулет Рахимгулов, Астана қаласының «Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы» ММ басшысының орынбасары Бейсен Усенов, «Жастар және отбасы істері басқармасының» басшысы Ақұлан Тастемір сында азаматтар шақырылды.

Қонақтарды отырысқа шақырудағы мақсаттың негізін жоғарыда айттық. Одан бөлек жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлықтар мен елдегі баспана саясатының негізін жіті түсіндіріп, қоғамда түрлі алыпқашпа қауөсеттерге жол бермеу болды.

Расында да баспана басты мәселе екені шындық,- деп тағы да қайталасақ болады. Себебі отырысты партияның әлеуметтік парақшалары арқылы тікелей көрсетілімге қатысушылардың санының көптігі дәлелдеп отыр.

Шараға арнайы келген «Жұмыс істейтін жастарға арналған сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасының қатысушысы Тілеуқұл Асқардың айтуынша өз замандастары қазіргі таңда шарасыз күйде қалып отырған көрінеді. «Ия біз бағдарлама қатысушылары барша жастар атынан мемлекетімізге алғыс білдіреміз.

Мәселе тек Астана, Шымкент немесе Алматы қалаларында болып тұрған жоқ. Еліміздің барлық өңірлерін қамтып отыр. Біздің артымызда 19-25-ке дейін баспана алған 13 мыңға жуық отбасы бар. Тек Астана қаласының өзінде 3000-ға жуық отбасы бар.

Дегенмен, жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасының негізгі мақсаты жұмыс істейтін жастар үшін бастапқы жарнаға қаражат жинау болды. Бірақ өздеріңіз білесіздер, 2019 бен 2025 жыл алағында елімізде түрлі жағдайлар орын алды. Тіпті әлемді дағдартқан ауыр пандеми́я COVID-19 да осы тұсқа дөп келді. Салдарынан көп жастар жұмысынан айырылып алғашқы жарнаға ақша жинамақ түгілі мемлекеттің жеңілдікпен берген баспанасының төлемақысын да төлеп отыруға шамасы әрең жетті. Бұл дағдарыспен бірге экономикадағы толқулар да өте көп проблемаларды әкеліп отыр. Сондықтан мемлекет бізге тағы бір мүмкіндік берсе дейміз»,-дейді.

Бағдарлама қатысушысы Тойжан Есболованың сөзінше жұмысшы жастар ретінде нарықта бар ипотекалық бағдарламалардың өздеріне сәйкес келмей отыр екен. Себебі жастар жалдамалы үйдің кілтін қолына алған сәтте мемлекеттік тұрғын үй кезегінен шығып қалған. «Өздеріңіз білесіздер, инфляцияның өсуіне байланысты жастар бейресми жұмыс орындарында жұмыс істеп жүрумен қатар, қосымша табыс табуға мәжбүр. Өйткені көбі елдегі тұрғын үй бағдарламалары мен ипотекалық бағдарламалардың талаптарына сәйкес келмеуде. Себебі біздің жастардың банктерге төлем қабілеттері де жетпей қалып отыр. Өйткені жалдамалы үйге келген кезде жастарымыздың дені бір не екі балалы болса қазіргі таңда сол отбасыларының кейбірінің балалары 5-6 балаға дейін өскен. Сәйкесінше жан басы ұлғайған сайын төлем қабілеті де төмендеп кететіні белгілі.

Сондықтан біз жастарымызға берілген өз баспаналарын жекешелендіріп беруді сұраймыз. Өйткені бұл отбасыларында басқа амал болмай тұр. Олай дейтінім, бірінші отбасыларымыз үй кезегінен шығып қалған. Екінші, пәтерлер алғашқыда сапасыз болғандықтан түрлі жағдайда жөндеу жұмыстарын жүргізген. Үшінші, балабақша, мектеп, емхана және өзге де маңызды нысандарға тіркеліп сол жерлерге орынығып алған. Енді оны қайта өзгертіп үлкен толқу туғызу тұрғындар үшін де қызмет көрсету орындары үшін де үлкен ауыртпашылық болмақ»,-дейді.

Шынымен де мәселенің мәніне үңілер болсақ, орынығып қалған елді орыннан қопара көшіру өте қиын. Өздерін «Жаңа қазақстан жастары» деп атап, қоғамдық бірлестік құруға ұмтылып жүрген жас отбасылар тобының көшбасшылары өткізген сауалнамада отбасылардағы балалар санының өсуімен бірге ерекше қажеттілікті талап ететін балалардың өмірге келуі және асыраушысынан айырылған отбасылардың да тіркелгені белгілі борлған.

Жоба қатысушысы Шымкент қаласынан арнайы келген Әсел Әуезқызы мемлекет тарапынан берілген аталмыш жалдамалы үйлерді болашақта сатып алу құқығы арқылы 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге қайта ұсыну қажеттігін айтты. «Мен Шымкент қаласындағы 2900-ден астам жастың атынан келіп отырмын. 5 жыл дегеніміз аз уақыт емес екен.

бір адамның тағдыры деп айтсақ болады. Осы 5 жыл ішінде жетім-жесір болып қалғандар да бар. Тіпті балалары түрліше ауыр сырқатқа ұшырап қиындық көріп жүрген жастар өте көп. Бір отбасын бір өзі ғана сүйреп жүрген жас аналарды көрдім. Себебі жолдасы жұмысқа жарамсыз болып қалған. Ия түсінеміз бізге үй берілген 5 жылда біз алғашқы жарнамызды жинап өз бетімізше үй сатып алу керек тұғымыз. Бірақ жағдай біз бен сіздер ойлағандай болмай шықты. Қаражат жоғарыда айтқан балаларымыздың дәрі-дәрмегіне кетті. Тіпті шет елге барып емдетуге дейін барған жандар бар.

Сондықтан біз де жоғарыдағы замандастарыммен толықтай келісеміз. Және соларды қолдаймын»,- деді.

Одан бөлек Әсел Әуезқызы жалдап алу уақыты аяқталған соң босап қалған үйлерді күрделу жөндеуден өткізу аса маңызды. Себебі бұл тұрғынүйлер өте сапасыз салынғанын көлденең тартып отыр. «Біз қазір бұл үйлерді шынымен өз баспанамыз екен деп түрлі жағдайда жөндеу жұмыстарын өткізіп жатырмыз. Тіпті кейбір отбасылар пәтерлеріне күрделі жөндеу де жасатты. Себебі сапасыз құрылыс заттарымен салынған үйдің 3-4 жылда қабырғалары қақырап, терезелері шатынады. Оның бәрін ретке келтіріп жатырмыз. Енді Үкімет бізді әуреге салмай-ақ осы үйлерімізді қосымша алғашқы жарнасын 30 %-ға дейін алғашқы жарна сала отырып жекешелендіріп берсе дейміз. Себебі біздің жастарымыздың 80%-ының өзге банктер арқылы несие рәсімдеуіне мүмкіндігі жоқ. Олар елдегі екінші деңгейлі банктердің алдына келгенде салы суға кетіп отыр. Өйткені табыстары төмен, не бұған дейін алған несие қарыздары бар. Ал ел Үкіметі талабымызды орындаса біз өз пәтеріміз үшін жан салып табыс тауып мемлекеттің сенімін ақтаған болар едік»,-деп отыр.

Жастар ұйымы жүргізген есептеулер бойынша 3 млн алғашқы жарнаны құя отырып пәтерлерді жекешелендіретін болса мемлекет қорыжынына жылына 2 миллиард 400 миллионнан астам қаражат құйылады екен. Олардың сөзінше бұл қаражатқа нарықтан жүздеген пәтер сатып алуға болады. Сөйтіп жыл сайын келесі жастарды үйлі етуге мүмкіндік тумақ.

Жастардың қандай мүмкіндіктерді сұрап отырғанын және олардың талаптарының да нендей болып отырғанын бастан-аяқ тыңдап ойларына қанық болған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Жастар және отбасы істері» комитетінің басшысы Қайрат Қамбаров өз кезегінде бағдарламаның шынымен де жастар үшін тиімді болып отырғандығын жеткізді. «Біз сіздермен де және өзге де белсенділер тобының басшыларымен де бір емес бірнеше рет жолықтық. Біздің ел бұрынғы кеңестік жүйедегі мемлекеттердің ішінде мұндай бағдарламаны жүзеге асырып отырған бірден бір ел.

Сондықтан біз кемшін тұстарын тағы да заңдық тұрғыда толықтырып жүйелі бағдарламаны ары қарай жалғастыруымыз қажет. Себебі заң солай жазылған. Ереже қабылданып мемлекет басшысы тапсырма берді. Сондықтан сіздердің пәтерлерді жекеге беру туралы бастамаларыңызды қолдамаймын. Және бұл жеке менің пікірім емес. Олай дейтінім сіздерден кейінгі кезекте тұрған жастардың да құқығын ойлауымыз керек.

Олар да бұл сәтті асыға күтіп жүр. Сол себепті біз барлығын бірдей тең дәрежеде қарастыруымыз керек. Әрине бағдарламаны жасаған кезде 100 % пәтер ақыны жинау деген ойда болмады. Басты мақсат тек бастапқы жарнаны жинау болды. Сол себепті жастарға талап қойылды, басты шарт 5 жыл. Мақсат, жұмыс істеп жүрген жастарды мемлекеттік қолдау болды. Сондықтан біз сіздердің талаптарыңызды әрине ескереміз және болашақтағы жобаларда пайдаланатын боламыз»,-деді.

Әрине жастардың жалдамалы үй алып түрлі жағдайларға ұшырап қалған түйткілді тұстарын мемлекет ескеруі керек құсайды. Себебі халықты қолдау мемлекеттің міндеті. Бұл тұста Астана қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ директоры Даулет Рахимгулов мұндай жағдайда сотқа жүгіну керектігін айтты. Бірақ бұл, сот мәселені түбегейлі жастардың мүддесіне шешіп береді деген сөз емес.

Не дегенмен де тараптардың уәжі толық тыңдалып мәселенің мәніне үңілгендер болашақта мұндай мемлекеттік бағдарламаларды қабылдаған шақта жан-жақты тексеріп, әбден зерделеп барып іске кірісу керектігі анық. Қажет болған жағдайда қоғам өкілдерін де жұмыс тобына араластырып олармен бірге талқылау керектігі де сөз болды.

Жиналғандар ЖСДП-ның мұндай үлкен бастамаға себепші болып екі жақтың бір ортада тоқайласып, ашық пікірлесуіне жағдай жасап бергеніне разылықтарын білдірді. Алдағы кездерде де осы сынды талқылауды партия алаңында өткізіп тұр керектігін айтты. Ал партияның жастар қанатының жетекшісі Мақсұт Насибулов қорытынды сөзде қашан да халық пен билік ортасына алтын көпір болу ЖСДП-ның басты мақсаттарының бірі екенін жеткізді.

Бердібек Қабай

Смотрите также:
Депутатские запросы