ЖСДП Атырау филиалы тасқын судың алдын алу жұмыстарын зерделеді

Жалпыұлттық социал–демократиялық партияның Атырау облыстық филиалы Атырау облысында жүргізіліп жатырған тасқын судың алдын алу шараларын білу мақсатында «Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» басшысының орынбасары Н.Қалиевамен, Атырау облыстық жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының бөлім басшысы Б.Масатовпен, Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Ж.Демешовпен және Атырау қалалық Төтенше жағдайлар басқрмасы басшысының міндетін атқарушы С.Борашевпен кездесті.

Кездесу барысында ЖСДП өкілдерінің лауазым иелеріне өткен жылғы су тасқыны кезінде жіберілген қателіктер мен қиыншылықтарды ескеріп, биыл оларды болдырмау және алдын алу үшін жасалып жатырған шаралар туралы сұрағына Атырау облыстық жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының бөлім басшысы Б.Масатов та, «Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» басшысының орынбасары Н.Қалиева да соңғы 30 жыл бойына өңірде судың шектен тыс тасуы болмағандықтан, осы жылдар бойына арналар тазаланбағандығын жеткізді. Биылдан бастап каналдар республикалық теңгерімнен жергілікті коммуналдық меншікке алынып, бақылау жүргізіліп, жер үсті суларының арнасын тазарту және түп тереңдету жұмыстары жүйелі түрде жергілікті бюджет есебінен жасалынатын жеткізді.

«Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» басшысының орынбасары Н.Қалиеваның айтуынша, қазіргі уақытта, су тасқыны салдарынан балық пен жануарларды қорғау аясында өр су келуі әсерінен кесіліп қалған су айдындарында, су жиналып қалған және балық шабақтары көп мөлшерде шоғырланған учаскелерде шабақтарды құтқару жұмыстары қарқынды жүруде екен.

Бұған дейін облыс көлеміндегі шабақ құтқару жұмыстары нәтижесінде 101 млн. данаға жуық балық шабақтары құтқарылды, құтқару жұмыстардың басым бөлігін Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, балық шаруашылығы субъектілерінің қызметкерлері мен әскери қызметшілер атқарған. Облыс аумағында көктем мезгіліндегі су тасқынының негізінен, Жайық, Ойыл, Қиғаш, Жем және Сағыз өзендерінің жоғарғы бассейндеріндегі күзгі топырақтың ылғалдылығына, жауын-шашын қорына байланысты болады.

Қазіргі таңда Атырау облысының су тасқыны кезеңіне дайындық республикалық және өңірлік бағдарламалық құжаттар шеңберінде қарқынды жүзеге асырылуда. Бүгінгі күнде облыс бойынша 590,6 шақырым бөгет салынған. Облыс аумағындағы су тасқынын алдын алу мақсатында, тиісті жоспарлар мен алгоритм жасақталған.

Сонымен қатар, инженерлік жұмыстар жоспарымен 19 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 8 іс-шара орындалып, 11 іс-шара бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атырау қаласы, барлық аудандарда бөгет нығайту жұмыстарын жүргізіп жатқандығы белгілі.

Ағымдағы жылы су тасқынының салдарын жоюға 1510 адам, 244 техника, 3 тікұшақ, 187 бірлік мотопомпалар, 20 жүзу құралы жұмылдырылатын болады.

Сонымен қатар жанар-жағар май, инертті материалдар (ПГС, топырақ және т.б.) да әзірленіп қойылған көрінеді. Өткен жылғы су тасқыны кезінде көп зардап шеккен Жылыой ауданында Жем өзенінің ағынын реттеу, табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жою және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мақсатында Құрсай каналы - 46,1 км, Жем өзені - 48,9 км және Бөгет – 61 км түп тереңдету жұмыстарын "Қазгипроводхоз институты" ЖШС 2024 жылғы 10 маусымдағы №39 шарт бойынша жүргізуде.

Су тасқыны орын алған жағдайда облыс аумағында орналасқан сыйымдылығы–29 000 адамдық 200 қабылдау пункттерінің жағдайы тексеріліп, эвакуациялау маршруттары мен автокөліктер дайындығы пысықталған.

Қызылқоға, Индер, Махамбет аудандары бойынша республикалық, облыстық маңызы бар автомобиль жолының су тасқыны салдарынан бұзылған учаскелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл автомобиль жолдарын салу барысында мал өткелдері мен су өткізгіш құбырларды салу жоспарлануда.

Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы бірқатар азаматтардың су тасқынынан баспаналары зардап шегіп, жергілікті атқарушы органнан тағайындалған комиссия тұрғылықты үйлеріне келтірілген шығынды есептеп, құжаттары рәсімделсе де, өтемақының төленбеу себебіне лауазым иелері құзырына жатпайтын болғандықтан жауап бере алмады.

Өткен жылы тасқын судың салдарынан Атырау облысындағы Жылыой, Индер, Қызылқоға және Махамбет аудандарының тұрғындарын ауыз сумен қамту мәселесі күрделі болды, осы мәселе бойынша биылғы жылы жасалынып жатырған алдын алу шаралары туралы да сұрақтарымыз жауапсыз қалуы себепті, бұл мәселелердің шешімі туралы ақпаратты білу үшін облыс әкімінеарнайы хат жолданды.

ЖСДП Атырау облыстық филиалының баспасөз қызметі