ЖСДП депутаттары қарт жауынгерлерді құттықтай барды

2- дүниежүзілік соғыстың зардабын адамзат баласы мәңгі-бақи сезініп, сол бір сұрапыл соғыстың естеліктерін де сан ғасырлар бойы ұмытпайтыны анық.

Күллі әлемді күңіренткен қан майданға Қазақстаннан да талай боздақ аттанып, талай шаңырақтың оты өшкенін біз тарихтан білеміз. Ал сол сұрапыл соғыстың аяқталғанына да биыл 80 жыл толып отыр. Осы 80 жылда талай мұрағат көтеріліп, сан мыңдаған майдангердің тағдыры зерделенуде. Бүгінгі қолда бар мәлметке сенер болсақ соғыс жылдары майданға Қазақстаннан 1 миллион 200 мың адам аттанды. Соғыс оты тұтанғанға дейін қазақ сахарасынан әскери борышын атқаруға Мәскеу маңына 187 мың сарбаз жіберілген деген дерек шықты. Сонда Қазақстаннан барлығы 1 366 000 адам соғысқа қатынасып, жауға қарсы оқ атқан болып отыр. Ең өкініштісі сол әлгі майдангер жастар мен хас батырлардың 600 мыңнан астамының кеудесін қорғасын оқ тесіп, майдан шебінде қаза тапқан. Бүгінде отанға оралмай қалған жауынгердің есімдері Естелік кітабына енгізіліп, еліміздегі барлық мұрағаттар мен кітапханаларға таратылуда. Ал 270 мыңнан астам қазақстандық жауынгердің тағдыры әлі күнге дейін белгісіз күйде қалып отыр. Түрлі зерттеу жұмыстары мен ғылыми дәлелдер із-түзсіз жоғалған осынау 270 мың жауынгерлердің тағдыр тарихын да алдағы уақытта зерделеп нақты анықтайды деген ойдамыз.
Ал осы майдан даласынан аман оралып бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның аспанында өмір кешіп, ұрпақ өсіріп отырған қарт жауынғарлерді ұлықтап, оларға құрмет көрсету соңғы 80 жылдықтың айнымас дәстүріне айналғаны анық.
Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның мүшелері және партия ұжымы Астанадағы соғыс ардагерлерінің үйлеріне арнайы барып, оларға ерліктері үшін Құрмет грамотасы мен бағалы сыйлықтарын табыстап қайтты.
ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты ЖСДП фракциясының мүшесі Нұрлан Ауесбаев, соғыс ардагері Байкешев Рзағұл ақсақалды Жеңіс күнімен арнайы құттықтап, оған ерекше алғысын білдірді. Ардагеріміздің ерлігі мен елге сіңірген еңбегі - біз үшін үлкен мақтаныш,-деді Нұрлан Ауесбаев. Өз кезегінде майдангер қарт депутат бастаған топқа шынайы ризашылығын білдіріп, ел халқына арнап бата берді. Ал Депутат Ажар Сағандықова 98 жастағы Сердюков Василий Антоновичтің шаңырағына бас сұғып, майдангер ақсақалдың отты жылдардағы өмірінен естеліктер тыңдап біршама уақыт бойы қасында болып қайтты. Ажар Бақытқызының арнайылап келгеніне разы болған Василий ақсақал, депутатқа алғысын жаудырып, қызыметіне адал болуды тапсыра келе елдің амандығын тіледі. ЖСДП депутаты Наурыз Саятұлы арнайы барған 99 жасар ардагер Қайыр Хасенов ем алу мақсатында шипажайға кеткендіктен апарған Құрмет грамотасы мен сыйлықтарын туысқандарына табыстап, қарттың деніне саулық тілеп қайтты. Жеңістің күнін жақындатқан жауынгер қарттарды есте сақтау, олардың ерлігі мен еңбегін ұмытпау ұрпаққа аманан дейді ЖСДП мүшелері. Қарт жауынгерлердің майдан даласындағы және еңбек жолындағы талайғы естеліктері мен арман-тілектерін тыңдаған депутаттар, батырлардың дендеріне саулық тілеп, туған-туыстарына жылы лебіздерін арнады.

ЖСДП баспасөз қызметі

Смотрите также:
Депутатские запросы