ЖСДП үкіметке салықтар санын азайту қажет екенін баса айтты

Қазақстан Республикасының Салық кодексінің жобасын бірінші оқылымда талқылау барысында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рахымжанов Үкіметке Мемлекет басшысының салық пен салық есептілігін төмендету жөніндегі тапсырмасын еске сала келе, Қазақстанның салық жүйесі әлемдегі ең күрделі жүйелердің бірі екенін атап өтті.

«Атап айтар болсақ, Грузияда бар болғаны 6 ғана салық түрі бар. Олардың ішінде жалақыға, әлеуметтік қамтамасыз етуге немесе мұраға салынатын салықтар жоқ. Ал бізде салық жүйесін тұрақты деп айту қиын. Себебі бұл жүйеге жиі өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отырады.

Салық кодексінің жобасында салықтар саны 12-ден 11-ге қысқартылған. Демек бізде тек бір ғана салық түрі азайған. Ал өзге 10 түрлі төлемнің ішінен тек екеуі ғана алып тасталмақ. Президент тапсырмасында салықтар мен салықтық есеп беру формаларын қысқарту қажет делінген. Алайда кодекс жобасынан бұл талаптың орындалғаны көрінбейді.

Сондықтан менің сұрағым төмендегіше болмақ. Неге президенттің тапсырмасы орындалмай жатыр? Үкімет инвесторлардың елімізге деген қызығушылығы уақыт өте келе төмендеп кетеді деп қорықпай ма?» – деді Асхат Рахимжанов.

Салық кодексі жобасының баяндамашысы, вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, президенттің тапсырмасы орындап жатқандығын алға тартты.

«Шынын айту керек, біз бұл тапсырманың 20 пайызын орындадық – нақты көрсеткіш те бар. Барлығы есепте тұр. 12 салықтың 11-ге қысқаруын нәтиже деп айтуға болады. Кейбір елдерде 30 дан астам салық түрі бар.

Ал енді екі төлемге келсек, біреуі – сыртқы жарнама үшін төлем. Бұл – жергілікті бюджет үшін маңызды табыс көзі, жыл сайын өсіп келеді. Сондықтан бұл шешімді қайта қарап көру керек шығар. Бұл – менің әріптестеріме, депутаттармен бірлесіп, талқылайық деген ұсынысым болып отыр. Өйткені жергілікті бюджеттер онсыз да шектеулі.

Сонымен қатар, салықтық есеп беру формалары 30%-ға қысқарады – бұл үлкен жеңілдік. Жалпы алғанда, жүйе ашық әрі заманауи негізде болып отыр. Мен Салық комитетінің барлық ақпараттық ресурстарын қарап шықтым – салық жүйесі жоғары деңгейде цифрландырылған. Қазір тіпті жасанды интеллект жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Бұл инвесторларға жақсы ынталандыру болады деп ойлаймын. Қарапайым салық жүйесі туралы сіз дұрыс айттып отырсыз. Бұл сырттан инвесторларды тарту да оңтайлы болмақ», – деді вице-премьер ЖСДП депутатына жауап беру кезінде.

Смотрите также:
Депутатские запросы