
Ел асып, білім алу – тек жеке тұлғаның ғана емес, тұтас ұлттың өркендеуіне ықпал ететін маңызды қадамдардың бірі. Шетелде білім алу арқылы жастар жаңа білім мен дағдыларды игеріп қана қоймай, өз елінің дамуына да зор үлес қосары анық. Сондықтан шетелде оқып, ғылым жолына түсу – жас буын үшін де, ел үшін де маңызды мүмкіндік.
Соңғы жылдары Қазақстанға, яғни өзге елжердегі қазақ ұлтының жастарының ата қонысқа келіп, білім алып жатқаны үлкен жетістік десек те болады. Жыл сайынарнайы бағдарламамен келіпбілім алушы шетелдік студенттердің қатары артып келе жатқаны да анық. Сутденттердің дені ТМД елдерімен қатар өзге мемлекеттерден де келе бастаған. Мұндай жастардың санының артқанына қарап өзге мемлекеттердің еліміздің білім беру жүйесі мен сапасына және беделіне деген сенімді айғақтайды. Еліміздегі көпдеген ЖОО қатарында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті де бар. Мұнда да шет елден келіп біліп нәрімен сусындап жүрген студенттердің қатары аз емес. Оқу орны шетелдік студенттер үшін қолайлы жағдай жасап, бар мүмкіндіктерін ұсынып келеді.
Жуырда университетінде шетелдік студенттермен маңызды кездесу өтті. Жиынға «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Сағатұлы Дәуренбеков, университеттің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-офицері Әлібек Бақытжанұлы, Рекрутинг және мансап бөлімінің басшысы Мырзабай Асқат қатысты. Кездесудің басты мақсаты – шетелдік студенттердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен танысып, олардың өзекті мәселелерімен танысып, мүмкіндігінше шешу жолдарын қарастыру болды.
Кездесу барысында шетелдік студенттер білім алу үдерісінде тап болатын бірқатар маңызды мәселелерді ортаға салды. Әсіресе, сабақпен қатар жұмыс істеу мүмкіндіктері ерекше назар аударды. Студенттер жұмысқа орналасу жолдары мен заңды тетіктері туралы сұрақтар қойып, нақты кеңестер алды. Партия өкілдері бұл бағытта түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, заңды жұмыс істеу тәртібі жайында маңызды ақпараттар ұсынды.
- Біздің мақсатымыз – сіздердің құқықтарыңыздың сақталуын қамтамасыз етіп, оқу барысындағы кез келген қиындықтарды шешуге қолдау көрсету. Сіздер ешқашан жалғыз емессіздер, біз әрқашан сіздерге көмек көрсетуге дайынбыз, – деді Нұрбек Сағатұлы.
Сонымен қатар, студенттер медициналық сақтандыру мәселесіне қатысты сауалдарын қойды. Университет өкілдері сақтандыру қызметі туралы мәселені алдағы уақытта түбегейлі шешу үшін жұмыс жүргізетіндіктерін хабардар етті. Бұл бастама студенттердің өз құқықтарын түсініп, медициналық қызметтерді еркін пайдалануына септігін тигізді. Сондай-ақ, жатақхана, тамақтану және қоғамдық көлік мәселелері бойынша да ұсыныстар айтылып, университет әкімшілігі бұл мәселелерді шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.
Партия тарапынан шетелдік студенттерге көрсетілетін қолдау мүмкіндіктері де назардан тыс қалған жоқ. «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының» Қызылорда облыстық филиалы шетелдік студенттердің құқықтарын қорғау бағытында бірқатар бастамаларды қолға алып келеді. Атап айтқанда, партия мамандары тегін семинарлар мен тренингтер ұйымдастырып, құқықтық және әлеуметтік мәселелер бойынша кеңестер береді.
Кездесу барысында айтылған ұсыныстардың барлығы да назарға алынып, университет басшылығы оларды шешу жолдарын қарастыратынын мәлімдеді. Шетелдік студенттер өздерін мазалап жүрген сұрақтарын еркін қойып, нақты жауаптар алды. Мұндай кездесулер шетелдік студенттердің жергілікті ортаға бейімделуіне және олардың құқықтарының сақталуына оң ықпал етеді. Қоғамдық ұйымдар мен оқу орындарының өзара байланысы арқылы білім алушылардың мәселелерін шешуге арналған мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының баспасөз қызметі