
Жасөспірімдер арасында болатын түрлі келеңсіздіктер мен оның алдын алу мәселелері бойынша өткен пікір алмасуда жастарарасында болатын ерте жүктілік, түсік жасату, инфекциялар, ана мен бала өлімі секілді мәселелер көтерілді.
Студент жастар арасында репродуктивті денсаулық туралы түсінікті кеңейту, өзекті мәселелерді талқылау және осы бағытта пікір алмасу арқылы олардың денсаулыққа деген жауапкершілігін арттыру мақсатында ЖСДП Жетісу облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Салауатты болашақ: жастардың репродуктивті денсаулығы» тақырыбында ашық кездесу өткізілді. Іс-шараға Талдықорған сервис және технология колледжі, Талдықорған индустриалдық колледжі, Талдықорған аграрлық-техникалық колледжі, Талдықорған спорт колледжі, Талдықорған жоғары политехникалық колледжі және Жетісу әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің студенттері мен оқытушылары қатысты.
Кездесудің алғы сөзін ЖСДП Жетісу облыстық филиалының төрағасы Ж. Мукаманов бастады. Ол жастарға партияның негізгі құндылықтары – еркіндік, әділдік және ынтымақ екенін атап өтіп, партияның бастамалары туралы қысқаша ақпарат ұсынды.
Сондай-ақ, жастардың денсаулығы мен олардың белсенді азаматтық ұстанымының қоғам үшін маңыздылығын ерекше атап өтті. Жетісу облысының Денсаулық сақтау басқармасының «Ана мен бала денсаулығын қорғау жұмысы» бойынша басқарма басшысының орынбасары Нурманбетова Жанета Наримановна студент жастарға репродуктивті денсаулықтың маңызы туралы баяндады. Ол осы бағыттағы мемлекеттік бағдарламалар мен жастар үшін қолжетімді медициналық қызметтер туралы ақпарат беріп, жастар арасында ерте жүктіліктің алдын алу, денсаулық мәдениетін қалыптастыру және медициналық көмекке дер кезінде жүгінудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Жанета Наримановна жастардың репродуктивті денсаулығын қорғау үшін Талдықорған қалалық емханасының базасында «Жастар денсаулық орталығы» жұмыс істейтінін айтты.
Білуімізше бұл жерде келесі қызметтерді ұсынады екен. Атап айтқанда; Репродуктивті денсаулық бойынша ақпараттық кеңестер, Психологиялық, әлеуметтік және медициналық қолдау, Контрацепция әдістері туралы ақпарат берумен қатар сенім телефондарына жасырын түрде хабарласу мүмкіндігі де ұсынылған. Орталықта жастар үшін барлық қызметтер қолжетімді және құпиялық ерекше жағдайда сақталатындығы туралы ақпараттар берілді.
Жастардың репродуктивті денсаулығы – қоғамның тұрақты және салауатты дамуының негізі. ЖСДП-ның басты мақсаттарының бірі де – жастарға сапалы медициналық қызметтер мен қолжетімді ақпаратты қамтамасыз ететін инклюзивті және әділ қоғам құру. Бүгінгі таңда ЖСДП еліміздің әр өңірінде, соның ішінде Жетісу облысында да, жастармен тығыз байланыс орнатып, олардың өзекті мәселелерін талқылау үшін диалог алаңдарын ұйымдастыруда. Біз жас ұрпақтың білімді, дені сау әрі белсенді азамат болуына барынша қолдау көрсетуге дайынбыз.
Әрбір жас өз денсаулығына қамқорлық жасап, уақытылы мамандарға жүгінуді әдетке айналдыруы тиіс. Болашақ ұрпақтың салауатты және жауапты болуын қамтамасыз ету – барлығымыздың ортақ міндетіміз. Бұл тек жастардың ғана емес, бүкіл қоғамның жарқын болашағын құруға жасалған маңызды қадам.
Қосымша ақпарат: Халықтың репродуктивті денсаулығын қорғау – мемлекетіміздің денсаулық сақтау саласындағы басты бағыттардың бірі болып табылады. Қазіргі таңда Қазақстанда 20 млн-нан астам халық тұрса, оның 10 млн-нан астамы – әйелдер, 4 млн-нан астамы орта жастағы әйелдер және 6 млн-нан астамы – балалар. 15-17 жастағы жасөспірімдер саны 987 450 (қыздар – 477 378, ұлдар – 501 072) болса, жасөспірімдер арасындағы ерте жыныстық қатынас орташа есеппен 16,5 жаста басталады (2024 жылғы статистика бойынша).
ЖСДП Жетісу облыстық филиалы