Арал құрғап, экология құлдырап барады: Қызылордада маңызды жиын өтті

Қызылорда облысындағы экологиялық ахуал мен қордаланған мәселелерді талқылауға арналған маңызды басқосу өтті. Жиынды Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы ұйымдастырды.

Кездесу барысында өңірдің бүгінгі экологиялық жағдайы жан-жақты сараланып, өзекті мәселелерді шешудің нақты жолдары талқыланды. Әсіресе, Арал өңіріндегі ахуалға ерекше назар аударылды.

Жиынға қатысушылар теңіз суының тартылуы, топырақтың тұздануы және табиғи тепе-теңдіктің бұзылуы тек экологиялық мәселе емес екенін атап өтті. Мамандардың айтуынша, бұл жағдай халық денсаулығына, ауыл шаруашылығына және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етіп отыр.

Сонымен қатар, басқосу барысында Қызылорда қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауытын салу жобасы таныстырылды. Заманауи технологияларға негізделген жоба өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. Алдағы уақытта осындай қоқыс өңдеу нысандарын аудан орталықтарында да кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланып отырғаны айтылды.

Жиында облыстағы ауылдардың санитарлық жағдайы да көтерілді. Бүгінде өңірде 145 ауылдық елді мекен бар. Олардың барлығында қоқыс тастауға арналған арнайы орындар белгіленгенімен, көпшілігі талапқа сай келмейді.

Қазіргі таңда шамамен 70 ауылда ғана қоқыс полигондары қоршалып, ретке келтірілген. Ал қалған елді мекендерде қоқыс орындарының жабдықталмауы мен қоршалмауы бей-берекет қоқыс тастауға себеп болып, қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіріп отыр.

Кездесу барысында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне де ерекше мән берілді. Қатысушылар табиғатқа жанашырлық ең алдымен жас ұрпақ тәрбиесінен басталатынын атап өтті. Осыған байланысты 8–11 сынып оқушыларын өңірдегі тазалық акцияларына белсенді тарту ұсынылды.

Мамандар мұндай бастамалар жастардың жауапкершілігін арттырып, еңбекке баулуға және қоршаған ортаға деген қамқорлық көзқарасын қалыптастыруға ықпал ететінін айтты.

Дөңгелек үстел қорытындысында экологиялық мәселелерді шешу тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екені айтылды. Жиында көтерілген ұсыныстар мен бастамалар алдағы уақытта нақты жобалар мен іс-шараларға ұласуы тиіс екені атап өтілді.

ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының баспасөз қызметі