Асхат Рахымжанов: «Телефон мен интернет – алаяқтардың негізгі құралдары. Мемлекет азаматтарды қорғауға міндетті!»

ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ЖСДП фракциясының басшысы Асхат Рахымжанов Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Ұлттық банк өкілдеріне азаматтарды телефон арқылы жасалатын кибералаяқтықтан қорғау мәселесін көтерді.

Депутаттың айтуынша, қазақстандықтар күн сайын алаяқтардың құрбанына айналуда. Ал бұл қылмыскерлердің негізгі құралы – қарапайым телефон.

«Біздің азаматтарымыз күн сайын алаяқтардың құрбаны болуда. Бұл қылмыскерлердің басты құралы – қарапайым телефон. Тек осы жылдың алғашқы тоғыз айында Ішкі істер министрлігі 67 миллион алаяқтық қоңырауды тіркеген. Бұл елдің әрбір азаматына орта есеппен 3-4 қоңыраудан келеді екен», – деп налыды Асхат Рахымжанов.

Фракция жетекшісі 2025 жылдың жазында ұялы байланыс операторларының жауапкершілігін арттыру және SIM-карталарды тіркеу кезінде міндетті биометриялық сәйкестендіруді енгізуді көздейтін түзетулер қабылданғанын еске салды. Алайда, шектеулер енгізілгеніне қарамастан, азаматтарға әлі күнге дейін қазақстандық нөмірлерден жалған қоңыраулар түсіп жатқанын айтты.

Асхат Рахымжанов министрлік пен Ұлттық банкке төмендегіше нақты сұрақтар қойды:

  • Рұқсат етілмеген трафикті бұғаттау және SIM-карталарды тіркеу үшін биометриялық деректерді енгізу бойынша қандай шаралар қабылдануда?
  • Неліктен қазақстандық нөмірлерден қоңыраулар әлі де түсіп жатыр?
  • Әлсіз киберқауіпсіздік үшін операторлар мен банктерге жазаны күшейту қажет пе?

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, жалған қоңыраулардың көпшілігі әлеуметтік желілер мен хабар алмасу қосымшалары арқылы жасалады. Бұл платформаларда SIM-картасыз тіркелуге мүмкіндік бар. Ол сондай-ақ елде рұқсат етілмеген SIM-карталар санын азайтып, киберқауіпсіздікті күшейтуге бағытталған жаңа биометриялық сәйкестендіру ережелері енгізіліп жатқанын атап өтті.

«Біз биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізу арқылы тіркелген SIM-карталар санын азайтып, белгілі бір нөмірдің нақты кімге тиесілі екенін дәл анықтай алатын күн алыс емес деп есептейміз. Сонымен қатар, жұмыс тобы мен заң жобасы аясында қосымша ұсыныстарды қарастыруға дайынбыз», – деді Коняшкин.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов шілде айында ұялы байланыс операторларын алаяқтыққа қарсы орталыққа қатысуға міндеттейтін түзетулер қабылданғанын еске салды. Сондай-ақ, банктер мен операторлар арасындағы алаяқтық әрекеттер туралы ақпарат алмасу жүйесі 2026 жылдың 2 қаңтарынан бастап іске қосылатынын айтты.

«Алаяқтыққа қарсы орталық 2024 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бізде тәуекелдерді анықтау бойынша әзірлемелер бар. Байланыс операторлары мен банктердің киберқауіпсіздік саласындағы жауапкершілігін арттыру жөніндегі ЖСДП ұсыныстарын қарастыруға дайынбыз», – деп атап өтті Ұлттық банк өкілі.

ЖСДП азаматтардың цифрлық қауіпсіздігі мәселесін үнемі көтеріп келеді. Партия банктер мен байланыс операторларына бақылауды күшейтуді талап етеді және азаматтардың деректері мен қаржысын қорғау жауапкершілігі жеке тұлғаларға емес, жүйелі деңгейде жүзеге асырылуы тиіс деп санайды.

Дамир Хайдар, ЖСДП орталық кеңсесінің баспасөз қызметі