Астананың қоқысын шығаратын орын қалмады...

Астана қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының 3-ші камерасының құрылысы қашан іске қосылады?

ЖСДП партиясының Астаналық филиалы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының 3-ші камерасының құрылысын жедел жүзеге асыруға қатысты дөңгелек үстел өткізді. Шара барысында елорданың экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық ахуалы, сондай-ақ адам денсаулығына қауіп төндіретін жүйелі мәселелер талқыланды. Жиналысты жүргізген филиал төрағасы Талғат Омаров, Астанадағы екі ірі қоқыс полигоны да лық толғанын атап өтті.

«Біздің білуімізше, қазір Астананың қоқысын шығаратын орын қалмады. 1 және 2-камералар артығымен толып кеткені рас. Енді 3-камера іске қосылуы тиіс еді, бірақ жобаның жүзеге асуы кешеуілдеп жатыр. Сонда алдағы жағдай не болмақ?» – деген сауал қойды ол.

Талғат Табысбайұлының сөзін сарапшылар мен құзырлы орган өкілдері растады. Отырыста тау болып жиналған қалдықтарды өңдеу мәселесі де назардан тыс қалмады. Эколог, сарапшы-аналитик Аслан Құлмағамбетов те қазіргі жағдайға алаңдаушылық білдірді.

«Мен сынау үшін емес, ертең орны толмас экологиялық зардаптың алдын алу қажеттігін түсіндіру үшін айтып отырмын. Ең алдымен 3-қоқыс жинау камерасының жобасын жылдам реттеу керек. Жобада биогазды жинау және кәдеге жарату жүйесі, сондай-ақ ағынды суларды тұрақты тазарту қондырғылары қарастырылмаған. Тіпті қоқыс үйіндісінде метан газы жиналып, жарылыс қаупін тудыруы мүмкін», – деді ол.

Сарапшының айтуынша, үш камераны да жаңа технологияларды қолдана отырып тездетіп іске қоспаса, 1 және 2-қоқыс алаңдарындағы жағдай күрделене береді. Қазіргі таңда Астанадан шығарылған тұрмыстық қалдықтар полигондарға жеткізіліп, сол жерде тапталып, жиналып жатыр. Қатты сығымдалған қалдықтар уақыт өте келе табиғи жолмен метан газын түзетіні белгілі. Ал бұл газды кәдеге жарату мәселесі де бүгінгі таңда өзекті болып отыр. Мамандардың айтуынша, толып тұрған екі полигон да газ жинағыш жүйелермен толық жабдықталмаған. Сондықтан жобаланып жатқан 3-полигонда биогаз өндіру кешенін және ағынды суды тазарту жүйелерін міндетті түрде қарастыру қажет.

Жалпы алғанда, №3 қатты қалдықтар полигонының жобасы дамыған елдердегі қауіпсіздік талаптарына сай болуы тиіс. Оның құны да арзан болмайтыны анық. Отырыста партия өкілдері қазіргі толып тұрған полигондардың аумағын кеңейту мүмкіндігі туралы да сұрады. Алайда «ЭКО ПОЛИГОН АСТАНА» ЖШС басшысы Талғат Жомартқалиұлының айтуынша, полигон аумағын кеңейту мүмкін емес, себебі ол Астананың жасыл белдеуінің орман алқабымен шектеседі. Ал жасыл желекті кесу – үлкен жауапкершілік және заңмен қатаң реттелетін мәселе. Жиынға қатысқан Астана қаласының экологиялық мәселелеріне жауапты бөлім өкілдері көтерілген мәселелерден хабардар екенін айтты. Сәйкесінше тиісті органдарға хат жолданғанын және қазіргі уақытта жауап күтіп отырғанын жеткізді. Жағдай бір отырыста шешілмейтіні белгілі. Сондықтан ЖСДП өкілдері 2026 жылы да бұл мәселеге белсенді араласып, оның толық шешілуіне ықпал ететіндіктерін жеткізді.

ЖСДП баспасөз қызметі