Атырауда көпқабатты үйлерді басқарудағы ашықтық мәселесі көтерілді

Соңғы жылдары Қазақстанда көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізілді. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес тұрғындардың ортақ қаражатының жұмсалуы ашық болуы тиіс. Алайда Атырауда бұл талаптардың орындалуына қатысты сұрақтар әлі де аз емес.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Атырау облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына келген тұрғындар сервистік қызмет көрсететін ұйымдардың қаржылық есепті уақытылы ұсынбайтынына шағымданды.

Атырау қаласының тұрғыны Ж. Қожағұлованың айтуынша, тұрғындар бүгінде үйді күтіп ұстауға арналған ағымдағы төлемдермен қатар күрделі жөндеу қорына да тұрақты түрде қаржы аударады. Алайда жиналған қаражаттың нақты қайда және қалай жұмсалатыны жөніндегі ақпарат барлық жағдайда қолжетімді емес.

Осындай мәселені Вокзал маңы-3а ықшам ауданындағы 19а үйдің тұрғындары да көтеріп отыр. Олардың айтуынша, үйлеріне қызмет көрсететін мекеме тұрғындарға қаржылық есепті толық көлемде ұсынбайды.

Аталған жағдайға байланысты ЖСДП Атырау облыстық филиалы қала әкімдігіне ресми хат жолдаған. Берілген жауапта қаржылық есептің тұрғындарға қолжетімді жерге орналастырылғаны көрсетілгенімен, тұрғындардың айтуынша, іс жүзінде мұндай ақпарат табылмаған.

Мәселені жан-жақты талқылау мақсатында партия өкілдері Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясының жауапты мамандарымен кездесті.

Мамандардың түсіндіруінше, Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 46-бабына сәйкес кондоминиум объектілерін басқарушы субъектілер әр айдың 20-на дейін тұрғындарға қаржылық есеп пен атқарылған жұмыстар туралы ақпаратты ұсынуға міндетті. Бұл мәліметтер көпшілікке қолжетімді жерде орналастырылып, ақпараттық жүйелерде жариялануы тиіс.

Заң талаптарын орындамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес есепті уақытылы ұсынбағаны үшін айыппұл салынады, ал заң бұзушылық қайталанса жаза мөлшері арта түседі.

Соған қарамастан, тұрғындардың айтуынша, тәжірибеде заң талаптарының орындалуын бақылау жеткіліксіз. Көп жағдайда азаматтардың өтініштері мен шағымдарына формалды жауап беріліп, мәселенің түпкі себебі шешілмей қалады.

Сарапшылардың пікірінше, тұрғын үй саласындағы реформалардың тиімділігі тек заң қабылдаумен шектелмеуі тиіс. Ең бастысы, заң талаптарының нақты орындалуын қамтамасыз ету және тұрғындардың ортақ қаражатының жұмсалуына қоғамдық бақылауды күшейту.

Атырауда көтерілген бұл мәселе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы ашықтық пен есептілік мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсетіп отыр. Заңдағы өзгерістер тұрғындардың өмір сапасын жақсартуы үшін олардың орындалуы тұрақты бақылауда болуы қажет.

ЖСДП Атырау облыстық филиалының баспасөз қызметі