ЖСДП Атырау облыстық филиалының Қоғамдық қабылдауына келген облыс тұрғындары электр энергиясының жиі өшуі мен тоқ кернеуінің тұрақсыздығына, желілердің тозуына шағымданып, облысты электр энергиясымен қамтамасыз ететін монополист мекеме – «Атырау Жарық» ЖШС-нің жұмысына наразылық білдіруде. Аталмыш мекеменің тарифті 39%-ға көтеруіне өңір тұрғындарының барлығы дерлік қарсы екенін айтуда.
Осыған байланысты ҚР Энергетика министрлігіне қарасты облыстық Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің басшысы Айдос Алтынбайұлы Смайл және «Басқарушы мекеме, сервистік компаниялар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтарының басқару нысандары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Шолпан Әбубекқызы Тоқсейітовамен кездесу өтті. Кездесуде облыс орталығын электр қуатымен жабдықтау қызметінің сапасы, иесіз трансформаторлар, электр желілерінің тозуы және тұтынушылардың электрмен жабдықтау мәселелеріне қатысты басқа да сауалдар талқыланды.
Кездесу барысында департамент басшысы Айдос Алтынбайұлы Смайл электр энергиясының тарифіне жауапты еместігін айтып, Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы нормативтік құқықтық актілер талаптарының сақталуын, электр станциялары мен желілерінің техникалық жай-күйін және электр энергиясының қауіпсіздігін бақылау бойынша жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
«Басқарушы мекеме, сервистік компаниялар және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтарының басқару нысандары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Шолпан Тоқсейітованың айтуынша, жаз бойы электр жарығының жиі өшуіне байланысты мекемеге бірнеше рет шағым түсіп, электр желілерін тексеріп, уақытылы шаралар қабылдау қажеттігі туралы ескертілген.
«Бұған қоса, апатты жағдайлар болған кезде электр желілерінің кімге тиесілі екенін білмей әбігерге түстік. Енді мұндай мәселемен кездеспейміз деп ойлаймын», – деді ол.
Төрайым трансформаторлар мен электр желілерінің иесіз екендігін айтып, олардың иесін анықтауға көмек сұрап, ЖСДП Атырау облыстық филиалына жүгінген. Мәселеге партия араласқаннан кейін ғана желінің иесі табылған.
ҚР Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы А.Смайл электр желілерінің иесіз болмайтынын айтып, электрмен қамту қызметіне қатысты тұрғындардың барлық мәселелерін шешуге дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, облысты электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытында бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр, ал бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін қызмет сапасы айтарлықтай артады.
ЖСДП Атырау облыстық филиалының төрайымы Н.Камалова азаматтардың сұраныстары мен өтініштерін жеткізудің тиімді жолы – «е-Өтініш» ақпараттық жүйесі екенін атап өтіп, «Атырау Жарық» ЖШС халықпен тікелей жұмыс жүргізіп, көрсетілетін қызметтердің тұрғындардың күнделікті өмір сапасына әсер ететінін ескере отырып, аталған мекеменің «е-Өтініш» жүйесіне қосылу қажеттігін айтты.
Партияның облыстық филиалы тұрғындарды электрмен қамту барысында туындаған мәселелер бойынша азаматтармен жұмысты жалғастыра беретін болады.
Дамира Жанаева ЖСДП Атырау облыстық филиалының маманы