Атыраулық тұрғындар үшін қолжетімді баспана мәселесі талқыға салынды

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ажар Бақытқызы Сағандықова Атырау облысына жұмыс сапары барысында орташа табыс табатын азаматтар үшін қолжетімді баспана мәселесін шешуге қатысты ұсыныстар айтып, пікір алмасу мақсатында жауапты тұлғалармен кездесті.

Урбанизация үдерісінің күшеюі, ішкі көші-қон және халық санының өсуі ірі қалаларда тұрғын үй мәселесінің өзектілігін арттырып отыр. Әсіресе орташа табысы бар азаматтар үшін тұрғын үйді жалға алу немесе қолжетімді баспанаға қол жеткізу күннен-күнге қиындап барады. Тұрақты жұмысы мен табысы бола тұра, көптеген отбасылар тұрғын үйді ұзақ мерзім жалдауға мәжбүр. Осындай отбасылардың жеке баспана сатып алуға мүмкіндіктері жетпей отырғаны белгілі.

Пәтер бағасы мен жалдау ақысының өсуі орташа жалақының өсу қарқынынан жоғары болғандықтан, азаматтардың табысының қомақты бөлігі баспана жалдауға жұмсалады. Бұл жағдай орташа табыс табатын отбасылардың жинақ жасауына әрі болашақты жоспарлауына елеулі кедергі келтіруде.

Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары негізінен әлеуметтік осал топтарға бағытталған. Ал орташа табысы бар азаматтар үшін ипотекалық несиелердің пайыздық мөлшерлемесі мен бастапқы жарнасы тым жоғары болып отыр.

Жалдамалы пәтерде тұрып жатқан отбасылар үшін тағы бір өзекті мәселе – пәтер ақысының ескертусіз көтеріліп кетуі. Жалдау келісімшарттарының көп жағдайда ұзақ мерзімге жасалмауы жалға алушылардың құқықтарының сақталмауына әкелуде.

Аталған мәселелерді шешу үшін мемлекет тарапынан жалға берілетін қолжетімді тұрғын үй қорын қалыптастыру, ипотекалық бағдарламаларды орташа табыс деңгейіне бейімдеу, пайыздық мөлшерлемені төмендету және бастапқы жарнаны жеңілдету немесе оны субсидиялау қажеттігі айтылды. Сонымен қатар жалға алушылардың құқықтарын қорғау мақсатында жалдау нарығын заңнамалық тұрғыда реттеу мәселесі де көтерілді. Бұл мәселелердің барлығы ЖСДП депутатының қатысуымен өткен кездесуде жан-жақты талқыланды.

Кездесуге қатысқан Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ж. Оспан облыста баспанаға мұқтаж шамамен 30 мың азаматтың біріккен тізімі өткен жылдың жазында «Отбасы банкке» жолданғанын хабарлады.

Ал «Отбасы банк» АҚ Атырау облыстық өңірлік филиалының қызметкері Ш. Ырысбек баспана мәселесін шешуде мемлекет жүргізіп отырған реформалардың тиімді екенін атап өтті.

– Соңғы алты айда Атырау облысында баспана алуға үміткер азаматтардың саны 30 мыңнан 44 мыңға жетті. Бұл – халықтың мемлекетке деген сенімінің көрсеткіші. Осы сенімді ақтау үшін банк өз жұмысын жауапкершілікпен атқарады. Клиенттер санының артуына байланысты қызметкерлер штаты да көбейіп отыр, – деді ол.

«Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің сектор меңгерушісі Г. Жолдасова баспана алуды рәсімдеудің «Отбасы банкке» шоғырландырылуының тиімділігіне тоқталды. Оның айтуынша, бұрын жергілікті атқарушы органдарда ақпараттық базаға қолжетімділік болмағандықтан, азаматтар ұсынған құжаттармен ғана жұмыс жүргізілген. Ал қазіргі таңда «Отбасы банк» қызметкерлерінің барлық ақпаратты көру мүмкіндігі бар, бұл рәсімдеу үдерісін жеңілдетіп, деректердің шынайылығын қамтамасыз етіп отыр.

Кездесу барысында сала мамандары тұрғын үй саласындағы өзекті қиындықтарды ортаға салып, оларды шешу жолдарын талқылады.

Мәжіліс депутаты А. Сағандықова қатысушыларға ашық пікірлері үшін алғыс білдіріп, бұл мәселелерді шешу үшін заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті. Алдағы уақытта депутат көтерілген мәселелер бойынша әріптестерімен бірлесіп жұмыс жүргізетінін жеткізді.

Дамира Жанаева ЖСДП Атырау филиалының маманы