Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының орталық аппаратында «Жастардың ауылдан жаппай көшуі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Жастар – елдің болашағы. Алайда ауылда өсіп, ер жеткен жастарымыздың барлығы дерлік ауылда қалғысы келмейді. Олар мектеп бітірген сәттен-ақ қалаға, орталықтарға қоныс аударатыны бәрімізге мәлім. Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, алдағы 10–15 жылда ауылда мүлде жастар қалмайтын түрі бар. Тіпті бұл үлкен мәселеге айналуы ықтимал. Демек, біздің ауылдарымыздың саны азайғанымен қоса, жаппай қартаю үстінде деген сөз.
Міне, ЖСДП осы мәселені жан-жақты талқылап, жағдайды сарапқа салды. Дөңгелек үстелге партия фракциясының депутаттары Нұрлан Әуесбаев, Ажар Сағандықова және Наурыз Сайлаубай, партия төрағасының идеология жөніндегі орынбасары Тазабек Самбетбай, сондай-ақ министрліктердің өкілдері, сарапшылар мен саясаттанушылар қатысты. Олардың қатарында сарапшы Александр Чуприна, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтік-азаматтық даму департаментінің директоры Жамбыл Тілепов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің бөлім басшысы Ақұлан Тастемір, ҚР Энергетика министрлігінің Отын-энергетикалық кешені жөніндегі қоғамдық кеңесінің мүшесі Алмаз Әбілдаев, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің бас сарапшысы Нұршат Айтбаева және өзге де министрлік өкілдері болды.
Ауылдан жастар кеткенмен…
Отырысты тізгіндеген ЖСДП орталық аппаратының жетекшісі Мақсұт Насибулов жиналғандарды таныстыра келе, жастардың бүгінгі ахуалына тоқталды.
«Бізде ғана емес, бұл үрдіс әлемде болып жатқан құбылыс. Бұған жастарды кінәламауымыз керек, себебі заман талабы солай. Қоғамда жайлы өмір сүру туралы түрлі шынайы және жалған ақпарат желдей есіп жүр. Бірақ біз жастарымызға ақпаратты саралап, шынайы өмірге бейім болуды үйретуіміз немесе түсіндіруіміз қажет. Ол үшін не істей аламыз?» – деді ол отырғандарға қарата.
Шындығында, жастардың жаппай қалаға келіп, сонда қалып қоюы, екі қолға бір күрек таппай сенделуі ел экономикасына да, әлеуетіне де кері әсер ететіні анық. Мемлекеттік идеология саласында қандай да бір ақаудың бар екенін сеземіз, бірақ оны түзеудің нақты тетігін таба алмай жүргеніміз рас. Өйткені жастар жаппай қалаға кетіп жатқанда, ауыл шаруашылықтарында жұмыс жасайтын мамандар жетіспей шаруашылықтар да тоқырауға тап болуда.
Бұл туралы депутат Нұрлан Әуесбаев былай деді:
«Заманында мен де бір жыл колхозда жұмыс істеп барып, кейін оқуға аттандым. Ол кезде ауыл жастарының 90%-ы осы жолдан өтетін. Бұл өмірдің алғашқы баспалдағына үлкен трамплин болатын. Ол жұмысшы жастардың 50%-ға жуығы сол күйі ауылда қалып қоятын. Әрине, ауылда да оларға жағдай жасалып, түрлі ұрандармен жастарды жұмысшы, механизатор, шебер ретінде көтермелеп, үй беріп, қолдау көрсетіп отырды. Біз, міне, осы бір үрдісті бұзып алдық», – деді ол.
Депутаттың айтқаны орынды. Бірақ бүгінгі жастар мұндай қолдауды қажет ете ме? Немесе оларды ауылда ұстап қалу үшін қандай жағдай жасау керек деген ой санаға еріксіз оралады. Осы тұста депутат Әуесбаев сарапшылардан ұсыныстар сұрады. «Алдағы уақытта біз партия тарапынан арнайы құжат әзірлеп, бүгін айтылған ұсыныстарды Үкіметке жолдауымыз керек. Мәселе жай сөз болып қалмауы тиіс. Сондықтан осы жердегі айтылғандарды бізге хат ретінде түсіріп жолдауларыңызды сұраймын», – деді ол.
Рас, айтылған ой мен келтірілген мысалдар сөз жүзінде қалмауы керек. Тек ЖСДП емес, өзге де ұйымдар мұндай пікірталастарды жиі өткізіп, мәселені шешудің амалын іздеуі қажет.
«Мен кез келген жағдайға кешенді түрде қарауды дұрыс көремін. Тіпті ғылым саласында да солай болу керек», – дейді сарапшы Александр Чуприна.
«Ауылдық жерлерде жастарды ұстап тұру үшін абстрактілі патриотизм емес, өзін-өзі тану, шығармашылық пен табыс табу үшін жағдай жасайтын нақты әрекеттер жүйесі қажет. Бұл тек ақша берумен шектелмейді, жастардың өз күшімен шағын бизнесті, өмір сүру моделін қалыптастыруына мүмкіндік беру деген сөз. – Жастарға білімдерін жергілікті жерде қолдану мүмкіндігін беру керек. Шеберханалар, технологиялық парктер мен ауыл шаруашылық инкубаторларын құру қажет. Инженерлер, ІТ мамандары немесе агрономдар тек үлкен қалаларда ғана емес, ауылда да қажет екенін дәлелдеуіміз керек», – деді ол.
Сарапшының пікірі орынды. Бірақ жастарды ауылда жоғары деңгейде қолдауға біздің қоғам дайын ба деген сауалдің болатыны орынды.
«Жастар өз жобасын айтып, ауыл әкімдіктеріне барғанда, өкінішке қарай, оларды тыңдайтын, қолдайтын адам табыла бермейді. Университетті жақсы бітіріп, ауылына қызмет етуге барған түлектер көп жағдайда қайта қалаға оралады. Өйткені олар жергілікті әкімдік тарапынан қолдау таппайды. Сондықтан ауылда кадрлық саясатты жолға қою маңызды», – дейді Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Әлеуметтік-азаматтық даму департаментінің директоры Жамбыл Тлепов.
Осы ойды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің бөлім басшысы Ақұлан Тастемір де жалғастырды:
«Гранттық негізде оқыған жастарды жұмыспен қамтуды жүйелі түрде реттеу қажет. Мемлекет есебінен оқыған жастарға қосымша қолдау көрсетіліп, өз жобаларын іске асыруға мүмкіндік берілуі тиіс. Әсіресе Түркістан, Шығыс және Солтүстік Қазақстан сияқты өңірлерге баратын жастарды жан-жақты қолдау маңызды», – деді ол.
Жастарға жағдай жасалсын
Иә, ауыл жастарын технологиялық тұрғыдан қолдау маңызды. Біз жастарды ауылға тартудың өз үлгісін қалыптастыруымыз қажет. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің Отын-энергетикалық кешені жөніндегі қоғамдық кеңесінің мүшесі Алмаз Әбілдаев айтты:
«Қандай жоба ұсынып, қандай үлгі көрсетсек те, оның қазақстандық сипаты болуы керек. Ауылға жастарды тарту үшін кешенді түрде үгіт-насихат жүргізу қажет. Мысалы, ауылда жетіспей жатқан тракторшы, дәнекерлеуші, темір жонушылар үшін жағдай жасалатынын, ауылда да жақсы табыс табуға болатынын нақты көрсетуды жүйелі қолға алу маңызды. Әйтпесе, ауылға жастарды тартамыз дегеніміз бос сөз болып қалады», – деді ол.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің бас сарапшысы Нұршат Айтбаева: «Жастарды қанша жерден қаржылай немесе материалдық тұрғыда қолдағанымызбен, олар үшін демалатын, көңіл көтеретін орта да маңызды. Мұндай үлгілі ауылдар бар, сол тәжірибені кеңінен енгізу қажет», – деді.
Нұршаттың сөзімен толық келісуге болады. Себебі көңіл күйі түсіңкі, жалғызсырап жүрген жас маман ертең бәрін тастап қалаға кетіп қалуы әбден мүмкін. Сондықтан, шынында да, жоғарыда айтылғандай, жастардың мәселесіне кешенді түрде қарау қажет. Айтылған пікірлер арасында ауылда өндіріс орындарын ашу туралы ұсыныстар да болды. Тіпті смарт ауыл жобасын қолға алу керек деген ойлар да ортаға тасталды. Әрине жастарды ауылға жіберуді бір ғана отырыста шашіп тастау мүмкін емес. Сондықтан бұл іске Президенттің де бел шеше араласытын уақытты жетті деп ойлаймын. Бұған мемлекет басшысының «Жұмысшы жастар жылы», не «Еңбак адамы» санды оң бастамаларына жан жақты қолдау көрсетіліп бастаманы бір жылдық емес 5 жылдық жоспар ретінде енгізуді ұсынамыз. Не дегенмен, жастарды ауылға қайтару – бүгінгі күннің басты мәселесі.
ЖСДП: Бердібек Қабай