Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар–шілде айларында елімізге 24 мың шетелдік турист келген. Зерттеу қорытындысына сәйкес, олардың 73,1 пайызы Қазақстанға жеке мақсатта, ал 26,9 пайызы іскерлік бағытта келгені анықталған. Туристердің басым бөлігі Астана, Алматы және Маңғыстау облыстарын таңдаған. Соның ішінде Маңғыстау өңірі еліміздегі ең көп турист тартатын аймақтардың біріне айналып отыр.
Маңғыстау табиғатының ерекше көріністері мен геологиялық нысандары шетелдік саяхатшылардың назарын өзіне аударып келеді. Солардың ішіндегі ең танымалы — Бозжыра шатқалы. Бұл аймақ өзінің ерекше жартас пішіндері мен табиғи пейзажының әсемдігімен көз тартады. Ақтаудан шамамен 300 шақырым жерде орналасқан шатқал бүгінде Қазақстанның визиттік картасына айналған. Алайда соңғы жылдары тұрғындар мен туристер тарапынан жиі көтеріліп жүрген мәселе — Бозжыраға апарар жолдың сапасы. Жол инфрақұрылымының нашарлығы өңір туризмінің дамуына елеулі кедергі келтіріп отыр. Мамандардың айтуынша, сапалы жол құрылысы тек туристік қозғалысты жеңілдетіп қана қоймай, ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына да серпін береді. Жол салынса, туристер саны артып, жаңа жұмыс орындары ашылады, шағын және орта бизнес жанданады. Жол бойында дәмханалар, демалыс орындары, автотұрақтар мен қонақүйлер сияқты сервистік нысандардың көбеюі өңір экономикасына қосымша табыс әкеледі. Жуырда ЖСДП партиясының өкілдері «Болашаққа жол: туризм мен өңір дамуы» атты бастама аясында Бозжыра бағыты бойынша фото және видеофиксация жүргізіп, жолдың қазіргі жағдайын әлеуметтік желілерде жариялады. Белсенділер мен танымал пабликтер бұл бастаманы қолдап, #БозжыраЖолы және #ДорогаВБудущее хэштегтерімен жазбалар таратты. Бұл қоғам назарын мәселенің өзектілігіне аударып, билік органдарының нақты шара қабылдауына түрткі болады деген үміт бар. Сонымен қатар, Бозжыра бағыты бойынша аяқталмаған құрылыс нысанының бар екені де айтылып жүр. Алайда оның нақты мақсаты мен жол құрылысына қатысы әзірге белгісіз. Мұндай жобалар ашық түрде, қоғамдық бақылаумен жүзеге асса, тиімділігі әлдеқайда жоғары болары анық. Туризмді дамытамыз деп жиі айтамыз, өңірдің сұлулығын насихаттау үшін танымал адамдар мен қонақтарды шақырамыз. Бірақ ең басты мәселе сол, әсем жерлерге жеткізер жол мен инфрақұрылымның сапасы назардан тыс қалып отыр. Егер бұл түйткіл шешілмесе, ешқандай жарнама немесе имидждік науқан туризмді шынайы деңгейге көтере алмайтыны анық. Бозжыраға сапалы жол салу — бұл тек туризмді емес, жалпы Маңғыстау өңірінің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық қадам. Табиғи мұраны сақтай отырып, заманауи инфрақұрылым қалыптастыру – келешек ұрпақ үшін жасалған инвестиция болмақ.
ЖСДП Маңғыстау облысы