Құбыр зауытын қиындықтан алып шығу аса маңызды

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ЖСДП фракциясының мүшесі Ажар Сағандықованың Маңғыстау өңіріне сапары жалғасуда.

Бүгін 2025 жылдың 18 тамызында Мәжіліс депутаты Ақтау қаласында орналасқан құбыр шығаратын «Qarmet Tubular Products Aktau» зауытына барды. Аталмыш зауыт осыдан 20 жыл бұрын іске қосылған. Мақсат, еліміздегі мұнай мен газ және өзге де шикізатты құбыр арқылы тасымалдайтын ірі компаниялардың қажеттілігін өтеу болған. Ал аталмыш зауыт мұнай шығаратын алып кәсіпорындар үшін аса жоғары қысымға төзімді темір құбырларын өндірумен айналысады. Жалпыұлттық социал демократиялық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Ажар Бақытқызы алдымен құбыр қоймалары мен электр дәнекерлеу цехының, қорғаныс жабындары цехының және зауыт зертханасының жұмысымен танысып шықты. Танысу барысында қарапайым дәнекерлеушілермен де жоғары дәрежелі мамандармен де тілдесіп, өндіріс ошағының бүгінгі ахуалын сұрап білді.
Qarmet Ақтау құбыр зауыты қазіргі таңда 60 мың тоннаға дейін өндіріс күшін ұлғайтуға мүмкіншілігі бар көрінеді. Бұл туралы арнайы кездесуде өндіріс ошағының маркетинг жөніндегі директоры Абдат Бердаулетов айтты.

«Қазіргі уақытта зауыт өзінің бар мүмкіндігінің тек 20%-ын ғана пайдаланып отыр. Себебі бізге тапсырыс өте аз келуде. Олай болатын себебі еліміздегі көптеген ірі кәсіпоырндар құбырды ресейден не көрші қытай елінен тасымалдап жатыр. Өйткені ол жақта құбырдың құны біздегіден әлде қайда төмен бағада саудалануда. Сондықтан кәсіпорындарға біздің құбырларды сатып алғаннан қарағанда сырттан тасымалдаған тмиімді болып отыр»,-дейді маркетинг директоры.

Мемлекет басшысы отандық өнімді қолдау керек,- деп қанша жерден айтқанымен өнімді пайдаланушы компаниялар бұл нұсқаулыққа құлық аспай отыр. Өйткені көрші елдер сауда саясатына байланысты сан түрлі әрекеттер жасай отырып, Қазақстандық өндірістің өркен жаюына мүмкіндік бермеуде. Өз кезегінде ЖСДП депутаты мәселеге терең үңіліп, заңдық тұрғыдан да, жүйелік тұрғыдан да бақылап, өндіріс саласына ерекше талдау жасау керектігін айттты.

«Әрине мемлекеттің бағдарламасын қолдау аса маңызды. Әсіресе қазіргі Ақтаудағы құбыр шығаратын зауыт сында ірі жобаларды ел Үкіметі назардан тыс қалдырмауы керек. Сондықтан мен алдағы жұмыстарымның барысында жалпы отандық өндіріс саласының мәселесіне үңіліп, тиісті құрылымдармен бірлесе жұмыс жүргізетін боламыз. Біздің партия депутаттары да түйткілдің түйінін тарқатуға келгенде аянып қалмасы анық. Бұл шынымен де қолдайтын, қорғайтын мәселе»,-деп атап көрсетті.

«Qarmet Tubular Products Aktau» зауында қазіргі таңда барлығы 250 ге жуық азамат жұмыс істеп отыр. Олардың басым көпшілігі өз ісінің нағыз маманы екенін зауыт жетекшілері де айтты.

Бір айта кетерлігі Ақтау құбыр зауытынан шығарылып жатқан құбыр өнімдері эуропалық стандартқа сай және өте сапалы тұрғыда өндіріліп жатқан көрінеді. Мұны сапар барысында ЖСДП депутаты өз көзімен көріп, мән-жайға қанық болды. Шойын құбырларды ішкі және сыртқы жабындылармен қаптаудың сан алуан түрі мен төзімділігі өзге шет елдерден кем емес. Тек мемлекет тарапынан қолдап, заң аясында басымдық көрсетілетін болса мұндай ірі бастамалар айналасы бірнеше жылда үлкен әрі күшті зауытқа айналып шыға кететіні белдігі. Сондықтан отандық өнім өндіретін ауыр технологиялық зауыттарды ерекше қолдау мәселесін біріздендіру бүгіннің басты міндеті болмақ. Ал зауытқа қолдау көрсетілмесе ақыры құрдымға кетуі әбден мүмкін. Сондықтан жедел әрекет жасау абзал-ақ.

ЖСДП баспасөз қызметі