Цифрлық дәуірдегі қауіпсіздік пен құқық мәселесі талқыланды

Қостанай облыстық ЖСДП филиалы «Ақпараттық қауіпсіздік және азаматтардың цифрлық құқықтары» тақырыбында диалогтық алаң ұйымдастырды. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, құқық қорғау саласының мамандары мен қала тұрғындары қатысты. Жиынның басты мақсаты - азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелерді жан-жақты талқылап, ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеу арқылы қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге үлес қосу.

Кездесу барысында қатысушылар жеке деректердің қорғалуы, интернет алаяқтықтың алдын алу, цифрлық сауаттылық деңгейін арттыру, сондай-ақ кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкіне кіретін аумақтарда байланыс желілерін монтаждау және пайдалану тәртібі жөніндегі түйткілдерді кеңінен талқылады. Цифрландыру үдерісі қарқынды жүрген сайын ақпараттық қауіпсіздік мәселесінің маңызы артып отырғаны атап өтілді.

«Ағымдағы жыл Мемлекет басшысының бастамасымен цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. 10 шілдеде Цифрлық кодекс қабылданды. Алайда азаматтардың жеке деректерін қорғау және цифрлық құқықтарын сақтау мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Кибералаяқтық фактілері, әсіресе шетелден әрекет ететін қылмыстық топтардың белсенділігі қоғамды алаңдатады. Сондықтан біз бұл мәселені ашық талқылап, нақты ұсыныстар әзірлеуді мақсат еттік», -деді Қостанай облыстық ЖСДП филиалының төрағасы Дамир Жақанов.

Аймақтағы киберқылмыстың ахуалы мен алдын алу шаралары жөнінде құқық қорғау органдарының өкілі жан-жақты ақпарат берді. Ол соңғы жылдары интернет арқылы жасалатын алаяқтық, фишинг, жалған жобалар тәсілдерінің көбейгенін атап өтті.

«Біз профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргіземіз. Білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінде түсіндіру кездесулерін өткізіп, халық көп жиналатын орындарда ақпараттық материалдар таратамыз. Киберқылмыстың ең кең тараған түрлерін нақты мысалдармен түсіндіріп, азаматтарды сақ болуға шақырамыз. Цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құқық қорғау органдары мен қоғам арасындағы өзара іс-қимыл аса маңызды», - деді облыстық Полиция департаментінің киберқылмыспен күрес басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Жанбек Рахметов.

Жастар арасында киберқылмыстың алдын алу мәселесі де кеңінен қозғалды. Әсіресе соңғы уақытта жастардың қаржылық қиындықтар немесе жеңіл табысқа қызығушылық салдарынан дропперлік қызметке тартылу фактілері алаңдаушылық тудырып отыр.

«Жастар қанаты киберқылмыстың алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Басты мақсатымыз - жастардың қылмыстық схемаларға, әсіресе дропперлік қызметке тартылуын азайту. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері қатысқан 12 қоғамдық іс-шара өткіздік. Әр кездесуде нақты мысалдар келтіріліп, заңдық жауапкершілік түсіндірілді. Сонымен қатар, жыл соңында «Кибералаяқтардың құрбаны болмаудың жолдары» тақырыбындағы парақшалар кеңінен таратылды. Нәтижесінде Қостанай, Рудный, Лисаковск, Арқалық қалалары мен Қарабалық кентінде 700-ден астам парақша орналастырылды»,-деді Қостанай облыстық ЖСДП филиалы Жастар қанатының жетекшісі Владислав Яковлев.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылардың ұсыныстары мен бастамалары негізінде азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге, ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және өңірде осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде үйлестіруге арналған қорытынды резолюция қабылданды.

Дильназ Изделюева ЖСДП Қостанай облыстық филиалының баспасөз хатшысы