Жаһандану дәуірінде цифрлық технологиялар экономиканың басты қозғаушы күшіне айналып отыр. Мемлекеттік басқару мен кәсіпкерлік саласында жүріп жатқан цифрлық үдерістер жұмыс өнімділігін жеңілдетіп қана қоймай, екі сектор арасындағы өзара қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруде.
Осы мәселелер Талдықорған қаласында 2025 жылғы 5 желтоқсанда өткен «Мемлекеттік қызметтер мен кәсіпкерлік саласындағы цифрландырудың жаңа толқыны» атты дөңгелек үстел барысында кеңінен талқыланды. ЖСДП Жетісу облыстық филиалы ұйымдастырған шараға мемлекеттік органдар, университет өкілдері, тұрғын үй-компания басшылары, IT мамандар мен қоғам белсенділері қатысты.
Цифрландыру – тек технология емес, басқару мәдениеті
ЖСДП Жетісу облыстық филиалының төрағасы Жасулан Мукаманов цифрландырудың қоғамдағы ашықтықты, әділдікті және тиімділікті арттырудағы рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, электрондық қызметтер халыққа да, кәсіпкерлерге де қолайлы жағдай жасауға тиіс. Алайда өңірдегі инфрақұрылым біркелкі дамымағандықтан, цифрлық шешімдердің мүмкіндігі ашылмай отыр. «Халық цифрландырудың нақты нәтижесін сезінуі керек», – деді ол.
Өңірлік түйткілдер: ПИК–тен бастап IT нарығына дейін
Саладағы ең өзекті мәселелердің бірі – тұрғын үй-коммуналдық сектордың цифрланбауы. «Универсал А» басқарушы компаниясының басшысы Виктория Анатольевна, пәтер иелерінің кооперативтері есеп-қисаптың әлі күнге дейін қолмен жазылатынын, бұл қателіктер мен түсініспеушіліктерге әкелетінін айтты.
Бұл салада да цифрлық жүйе енгізілсе, төлемдер автоматты тіркеліп, тұрғындар ақпаратты онлайн көріп, салада ашықтық орнайтын еді. Ал Жетісу университетінің өкілі Мейрамбек Әділет өңірде IT мамандарды даярлау сапасы жақсы болғанымен, жергілікті мекемелер тарапынан цифрлық жобаларға нақты сұраныс жоғын атап өтті. Бұл жағдай жас мамандардың ірі қалаларға кетуіне, өңірдің цифрлық әлеуетінің төмендеуіне себеп болып отыр. Цифрлық үдеріс қоғамның кез келген саласында қажет етіледі. Мәселен, онлайн кезек пен электрондық сервистер халықтың уақытын үнемдеп, мемлекеттік қызметтерді пайдалану процесін жеңілдетуге сеп болар еді. Жиынға қатысқан көпбалалы ана Анар Хангельдинова да осы пікірде. Яғни, ол сияқты қарапайым тұрғындар үшін цифрлық қызметтердің қолжетімді болуы – өмір сапасын арттыратын негізгі фактор. Кездесу соңында қатысушылар өңірде толыққанды цифрлық экожүйе қалыптастыру үшін мемлекеттік құрылымдар, білім беру ұйымдары және бизнестің бірлескен жұмысы қажет деген ортақ пікірге келді.
Цифрландыру – тек техникалық жаңарту ғана емес, жаңа экономикалық мәдениеттің бастауы. Ол Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартып, кәсіпкерлікке жаңа мүмкіндік ашады.
🖋ЖСДП Жетісу облыстық филиалының баспасөз қызметі