«Бізге тек көмек емес,нақты қолдау қажет»
Қостанай облыстық ЖСДП филиалының кеңсесінде ерекше қажеттелегі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар мен қамқоршылардың және осы бағытта жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесуі өтті.
Аталмыш іс-шара Құрылтай сайлауына дайындық аясындағы үгіт-насихат жұмыстарымен қатар, азаматтардың әлеуметтік мәселелерін талқылауға бағытталды. Кездесу басында филиал төрағасы Жақанов Дамир қатысушыларға ЖСДП-ның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, партияның мүгедектігі бар азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында атқарып жатқан жұмыстарының нәтижелерін баяндады. Шараның негізгі бөлігі ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың өзекті мәселелерін талқылауға арналды. Аналар мен қамқоршылар өздерінің күнделікті өмірде кездесетін қиындықтарымен бөлісіп, бірқатар нақты ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, қамқоршыларға еңбекке жарамсыздық парағын беру, қамқоршы мәртебесін нақтылау, ерекше балаларды санаторийлік-курорттық емдеумен қамтамасыз ету, жеке әлеуметтік қызметкерлердің жұмысын ұйымдастыру жағдайлары талқыланды. Одан бөлек, әлеуметтік-инклюзивті жұмыс орындарын құру мәселелері де көтерілді. Сонымен қатар әрекетке қабілетсіз азаматтардың қамқоршыларының құқықтық және әлеуметтік мәртебесін Әлеуметтік кодексте нақты бекіту қажеттігі айтылды. Кездесуде көтерілген ең өзекті мәселелердің бірі - ерекше қажеттіліктері бар балалар 18 жасқа толғаннан кейінгі жағдай.
«Балаларымыз кәмелеттік жасқа толғаннан кейін бұрын қолжетімді болған әлеуметтік қолдау, оңалту бағдарламалары мен әлеуметтік бейімделу мүмкіндіктері шектеліп қалады. Нәтижесінде жас азаматтар мен олардың отбасылары өз мәселелерімен жалғыз қалып жатады. Бұл мәселе әлеуметтік саясаттағы жүйелі өзгерістерді қажет ететін маңызды бағыттардың бірі»,-дейді қатысушылар.
Қатысушылар ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдау балалық шақпен ғана шектелмеуі керек деген пікірді қолдайды. Іс-шара барысында Қостанай облыстық ЖСДП филиалының төрағасы Дамир Жақанов қатысушылардың пікірлері мен ұсыныстарын мұқият тыңдап алдағы жоспарымен бөлісті.
«Біз қазір қоғамдағы көптеген мәселелерді естіп, көріп жүрміз. Бүгінгі кездесудің өзінде сіздерден бірқатар маңызды мәселелерді тыңдадық. Әр отбасының өзіне тән қиындықтары бар екенін түсінеміз. Алдағы уақытта осы бағыттағы мәселелерді жан-жақты зерделеп, сіздерге қолдау көрсетуге және бірге жұмыс істеуге дайынбыз. Кездесулеріміз әрі қарай да жалғасып, нақты ұсыныстар мен шешімдерге жол ашады деп сенемін», – деді филиал төрағасы.
Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар әлеуметтік саладағы қажетті өзгерістерді ілгерілетуге және ерекше балалар мен инклюзивті отбасыларды қолдау тетіктерін күшейтуге бағытталған бірқатар бірлескен қадамдарды жүзеге асыруға уағдаласты.Сонымен қатар азаматтар өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланып, 2026 жылғы 23 тамызда өтетін сайлауға қатысуға дайын екендерін жеткізді.Қостанай облыстық ЖСДП филиалы үшін сайлауалды науқан - тек үгіт-насихат жүргізу ғана емес, халықпен тікелей байланыс орнатып, азаматтардың нақты мәселелерін тыңдау және оларды шешуге бағытталған ұсыныстарды қалыптастыру мүмкіндігі.
ЖСДП Қостанай облыстық филиалы