Ертістің жағалауындағы тарихи палеонтологиялық нысанға қауіп төніп тұр

Депутат Сағандықова Павлодар қаласы іргесіндегі Ертіс өзені жағалауында орналасқан үлкен ғылыми әрі тарихи нысанның жойылып бара жатқаны туралы мәселе көтерді.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ЖСДП депутаты Ажар Сағандықова Премьер-Министр Олжас Бектеновтың атына депутаттық сауал жолдады. Өз сауалында халық қалаулысы Павлодар қаласының жағалауын абаттандыру кезінде тарихи нысанға өрескел жағдайда зақым келіп жатқанын айтты.

Депутаттың айтуынша, еліміздің түкпір-түкпірінен ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Павлодар облысының тұрғындары республикалық маңызы бар бірегей палеонтологиялық ескерткіш болып табылатын – «Қаз қонағын» сақтау мәселесі бойынша хабарласып, хат жазған екен.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың қыркүйегінде Павлодарда жұртшылықпен кездесуде “Қаз қонағы” палеонтологиялық орнынды сақтаудың маңыздылығын атап өткен болатын. Дегенмен аталмыш орынның бүгінгі жағдайы көңіл көншітіп отырған жоқ. Ол жер – ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Бұл жағдайда онда абаттандыру жұмыстарын жүргізуге болмайды. Тіпті ескерткішті консервациялау немесе археологиялық алаңға түрлі павильондар орнатуға да тыйым салынуы керек», – деді депутат Ажар Бақытқызы.

Естеріңізге сала кетейік, 1928 жылы көрнекті ғалым Юрий Александрович Орловтың мұрындық болуымен ашылған жаңалық бүкіл әлем палеонтологтары үшін нағыз сенсация болған еді. Төрт миллион жылдан астам уақыт бойы қойнауында тұмса тарихты бүгіп жатқан өзен жағалауындағы бұл тарихи орын кейін Еуразиядағы палеонтологиялық олжаларды зерттеудің эталонына айналды. Кеңес өкіметі кезінде жетекші палеонтологтар бұл аумақтан 16 тоннаға жуық түрлі жануарлардың сүйектерін пойызбен әлемнің түкпір-түкпіріне зерттеуге жіберген. Осылайша бұл тарихи нысан неоген дәуіріндегі жануарлардың әлем бойынша қоры ең мол әрі ерекше жағдайда сақталған мекендерінің бірі болып отыр.

«Мұнда ашылған жаңалықтардың арқасында бүкіл әлем бойынша сол кезеңдегі зерттелген жануарлар қорымдарына салыстырмалы талдау жүргізілді. Сол себепті “Қаз қонағы” табиғи аумағы мен Ертістің осы жағалау бөлігі эталон болып саналады», – деп аумақтың маңыздылығын тағы бір рет атап өтті депутат.

Ежелгі жануарлар дүниесінен ақпарат беретін орасан көп мөлшерде шоғырланған сүйектер ошағының табылуы – әлемде сирек кездесетін жағдай. Әдетте ең ірі ошақтарда жануарлар саны 20-дан аспаған. Ал сүйек қалдықтарының сақталу деңгейі бойынша «Қаз қонағы» теңдессіз екенін әлем ғалымдары мойындаған. Бұл жерді зерттеу ғалымдарға жердің даму тарихындағы көптеген құпияларды ашуға мүмкіндік беріп отыр. Мұнда қазіргі уақытта 20-дан астам бұғы тектес жануардың, 40 жирафтың, 130 мүйізтұмсықтың, 200-ден астам гиппарион мен басқа да жануарлардың қалдықтары табылған. Бұл – бірегей табиғи мұрағат, оның құндылығына баға беру бүгінгі таңда мүмкін емес деуге болады. Сонымен қатар, бұл – қала шегінде орналасқан әлемдегі жалғыз осындай ескерткіш. Сондықтан оны бірегей кешен ретінде сақтап, зерттеу де қиындық туғызып отырғаны рас. ЖСДП депутаты Ажар Сағандықова мәселені ерекше назарда ұстау қажеттігін, әйтпесе теңдессіз дүниеден айырылып қалу қаупі бар екенін айтты.

Депутаттың дабыл қағуы жай байбалам емес екені айтпаса да түсінікті. Оның сөзінше, Ертіс өзені 2002 жылдан бері жағалау сызығының үштен бір бөлігін шайып кеткен. Ал 2019 жылы жүргізілген абаттандыру жұмыстары кезінде ондағы ақпараттық белгілер бұзылып, жолдар бүлінген.

Бұған дейін отандық ғалымдар аумаққа қорғаныс кешендер салу, жағалауды нығайту және қоршау орнату туралы бірнеше рет ұсыныс бергенімен, жағдай өзгеріссіз қалып отыр. Уәкілетті органдар тарапынан жауапкершіліктің жоқтығына қынжылған депутат, енді пәрменді шараны Премьер-Министрдің өзі қабылдайды деп үміттенеді. Шын мәнінде, бұл бірегей әрі әлемдік деңгейдегі ескерткіш бүгінде иесіз, жауапты органсыз және қаржыландырусыз қалып отыр. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының мүшесі аталмыш аумақты ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қарамағынан алып, жергілікті әкімдікке беру қажет деген пікір білдірді.

Осы мәселеге байланысты халық қалаулысы Үкіметке бірнеше нақты талап қойды:

  1. 2025 жылдың соңына дейін жағалауды нығайту, қоршау орнату және қорғаныс павильонын салуды қамтитын ескерткішті консервациялаудың кешенді жоспарын бекіту;

  2. 2026 жылдың бірінші тоқсанында Үкіметке «Қаз қонағы» кешенін «Ұлттық мұра – ғылыми табиғи нысан» ретінде белгілеу туралы ұсыныс енгізіп, жауапты органды нақты айқындау;

  3. Егер ескерткіш Экология министрлігінің құзырында қалатын болса, оны қорғауға және дамытуға дербес жауапты мемлекеттік органды тағайындап, тиісті қаржыны көздеу, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау және ғылым жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларға палеонтологиялық нысандарды сақтау туралы жеке бөлім енгізу;

  4. Мерзімдер мен жауапты тұлғаларды белгілей отырып, бір ай мерзімде осы шараларды іске асырудың жол картасын Парламентке ұсыну керектігін айтты.

Депутат өз сөзін қорытындылай келе «Қаз қонағы» бүкіл Қазақстан үшін қазына, жаһандық маңызы бар алаң екенін атап өтті. Тіпті нысанды сақтау мен қорғау жұмыстарын бұдан әрі кешіктіру қылмыстық немқұрайлылық екенін және бірегей табиғи әрі ғылыми мұраны жоғалтудың қасақана жолы болы екенін ашық айтты.

                                                          ЖСДП баспасөз қызметі