Атырау қаласының тұрғындары газбен жабдықтау мекемелері қызметкерлерінің ескертусіз келіп тексеріс жүргізіп, ақауларды жөндеуге байланысты қомақты қаржыны тұрғындардың жеке нөмірі арқылы аудартатын талап етуге байланысты және көппәтерлі үйлердегі газ жүйесінің тозғандығы мен басқа да мәселелерге шағымданып жатыр.
Мәселенің анық-қанығын білу үшін ЖСДП Атырау облыстық филиалы кездесу ұйымдастырып, кездесуге Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының, Төтенше жағдайлар басқармасының, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің, Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі және тұрғын үй басқармасының, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ, «АтырауГазИнвест» ЖШС, «ГорГазСтрой» ЖШС және көппәтерлі үйлерге сервистік қызмет көрсететін мекемелер өкілдері мен тұрғындар қатысты. Азаматтардың құқықтарын қорғап, заңсыз әрекеттердің алдын алу мақсатында газ қызметкерлерінің тұрғын үйге кіруі тек тұтынушының рұқсатымен жүзеге асырылатыны туралы Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ж.Оспан түсінік берді. Газды пайдаланғанда қызмет көрсетуші газ компаниясымен келісім-шарт негізінде жұмыс жасау тиімді әрі қауіпсіз дейді,-«АтырауГазИнвест» ЖШС-нің бас инженері Қ.Зинуллин. Көппәтерлі үй тұрғындары жеке нөмірге аударым арқылы төлем жасатқан «ГорГазСтрой» ЖШС мекемеге қатысты тұрғындардың шағымын ЖСДП Атырау филиалы Атырау облыстық кірістер департаментіне жолдап, департамент шара қабылдады. «Пәтер иелері кооперативтері ассоциациясының» төрайымы Г.Салықова отыз жылдан бері Атырау қаласындағы көппәтерлі үйлерге газ жеткізетін желілер мен жәшіктердің қараусыз екенін, әбден тозып, күтім көрмеген желілерді пәтер иелері кооперативтерінің балансына беруге қарсы екенін жеткізді. «Басқарушы мекеме, сервистік компаниялардың және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтарының басқару нысандары қауымдастығы» заңды тұлғалардың бірлестігінің төрайымы Ш.Тоқсейітова көппәтерлі үйлердегі газ пайдалануға қатысты мәселелер мен оларды шешу жолдарын тізбектеп шықты. Кездесуге қатысқан лауазым иелері азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, бірлесе жұмыс жасауға дайын екендерін айтты. Жиында талқыланған пікірлер мен ұсыныстарды филиал қызметкерлері өкілетті органдарға жолдап, орындалуын бақылауға алатын болады.
Дамира Жанаева