Интернет алаяқтық қоғам қауіпсіздігіне төнген заманауи қатер

Қазіргі таңда интернет-алаяқтық киберқылмыстың ең қауіпті әрі кең таралған түрлерінің біріне айналып отыр. Бүгінде қылмыскерлер ғаламтор мүмкіндіктерін пайдалана отырып, азаматтарды алдап, олардың ақшалай қаражатын, жеке деректерін және мүлкін заңсыз иемденіп отыр. Бұл мәселе тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ алаңдаушылығына айналуы тиіс.

Қазіргі уақытта интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлеріне электрондық пошта арқылы жіберілетін жалған хабарламалар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі фишингтік сілтемелер, банк қызметкері ретінде қоңырау шалу. Мұндай қылмыстардың салдарынан азаматтар ірі көлемде қаржылық шығынға ұшырап қана қоймай, жеке деректерінің таралуы арқылы екінші мәрте зардап шегуі мүмкін.

Осы өзекті мәселе 2026 жылдың 23 қаңтарында Қызылорда қаласында өткен «Аймақтағы кибералаяқтарды азайту мәселелері» тақырыбындағы дөңгелек үстелде жан-жақты талқыланды. Аталған іс-шара Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалының жылдық жоспарына сәйкес ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелге құқық қорғау органдарының, прокуратура мен полиция қызметкерлерінің, Ұлттық банк өкілдерінің, киберқылмыспен күрес басқармасының, Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары, сондай-ақ жоғары оқу орындарының оқытушылар мен студенттері қатысты. Бұл түрлі сала өкілдерінің басын қосқан мазмұнды әрі маңызды жиын болды. Іс-шара барысында өңірде жиі кездесетін интернет-алаяқтық түрлері, олардың жасалу тәсілдері және алдын алу жолдары кеңінен талқыланды. Мамандардың айтуынша, кибералаяқтыққа жиі ұшырайтын әлеуметтік топтардың қатарына егде жастағы азаматтар мен студент жастар жатады. Бұған олардың цифрлық технологияларды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарын толық білмеуі, интернеттегі сақтық шараларына жеткілікті мән бермеуі және жалған ақпаратты ажырата алмауы негізгі себеп болып отыр. Жиын сұрақ-жауап форматында өтті. Қатысушылар киберқауіпсіздік, жеке деректерді қорғау, банк карталарын пайдалану кезінде сақтық шаралары, онлайн алаяқтықтың алдын алу жолдарына қатысты нақты әрі өзекті сұрақтар қойды. Өз кезегінде сала мамандары тәжірибеден алынған нақты мысалдар арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, азаматтарға пайдалы кеңестер берді. Сонымен қатар, жиын барысында қоғамда киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізудің және халықтың цифрлық сауаттылығын арттырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Мамандардың пікірінше, интернет-алаяқтықтың алдын алуда тек техникалық шаралар жеткіліксіз, ең бастысы – азаматтардың жеке жауапкершілігі мен сақтығы маңызды болмақ.

Шара қорытындысы бойынша ЖСДП депутаттарына бірқатар нақты ұсыныстар жолданды. Атап айтқанда, киберқылмыспен күрес басқармасының жұмысын күшейту. Осы мақсатта штат санын арттыру және әр аудан деңгейінде бөлімшелер ашу ұсынылды. Бұл халыққа жақын әрі жедел қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Осы орайда ,банк секторы, ұялы байланыс операторлары және құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды заңнамалық деңгейде күшейту. Күмәнді қаржылық операцияларды дер кезінде бұғаттау және алаяқтық белгілері бар байланыс нөмірлерін жедел шектеу тетіктерін жетілдіру ұсынылды. Сондай-ақ кибералаяқтыққа қарсы қолданыстағы заңнамаға талдау жүргізіп, жауапкершілікті күшейту және заманауи киберқылмыс түрлерін ескеретін өзгерістер енгізу қажеттігі атап өтілді.

Бұдан бөлек, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері өңірде тіркеліп отырған кибералаяқтық фактілері, олардың пайда болу себептері және қылмыстың бұл түрімен күресу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы нақты мәліметтер ұсынды. Алдағы уақытта жауапты органдармен бірлескен профилактикалық шараларды күшейту, халық арасында түсіндіру кездесулерін жиі өткізу және ақпараттық материалдар тарату қажеттігі айтылды.

Мамандардың ортақ пікірінше, кибералаяқтықпен күрес тек мемлекеттік құрылымдардың міндеті емес. Әрбір азамат жеке деректеріне жауапкершілікпен қарап, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуі, белгісіз сілтемелерді ашпау және қаржылық ақпаратты үшінші тұлғаларға бермеу арқылы ғана бұл қылмыс түрінің алдын алуға өз үлесін қоса алады. Тек қоғам болып бірлесе әрекет еткен жағдайда ғана интернет-алаяқтық қатерін азайтуға мүмкіндік болмақ.

ЖСДП Қызылорда облыстық филиалы