Қостанайда азық-түлік өнімдерін қандай бағамен тұтынуға болады?

Қостанай облыстық ЖСДП филиалы 2025 жылдың желтоқсаны мен 2026 жылдың қаңтары аралығындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына салыстырмалы талдау жүргізді. Талдау нәтижесі жаңа жылдың басы тұрғындар үшін оңай басталмағанын көрсетіп отыр. Әсіресе күнделікті тұтынатын негізгі өнімдер айтарлықтай қымбаттаған.

2026 жылғы 6 қаңтардан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі 19 атаудан 31 атауға дейін кеңейтілді. Бұл шешім, бір жағынан, тұтыну нарығын кеңірек қамтуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, нақты баға ахуалын айқындап берді. Жаңартылған тізім бойынша жүргізілген салыстыру бірқатар тауарлар бағасының күрт өскенін анық көрсетті. Бағаның ең жоғары өсімі жармалар мен макарон өнімдеріне тиесілі. 2025 жылдың желтоқсанында күріштің орташа бағасы 376 теңге болса, 2026 жылдың қаңтарында ол 604 теңгеге дейін көтерілген. Қарақұмық жармасы одан да қатты қымбаттап, бір ай ішінде 234 теңгеден 420 теңгеге жеткен. Рожки макарон өнімдері де назардан тыс қалмай, 287 теңгеден 448 теңгеге дейін өскен.

Ет өнімдері бойынша баға өсімі салыстырмалы түрде қалыпты деңгейде болғанымен, мұнда да өсім бар. Сиыр етінің бағасы 3215 теңгеден 3290 теңгеге дейін көтерілген. Бұл өсім күрт болмаса да, жалпы қымбатшылық жағдайында халықтың ет тұтыну көлеміне әсер етуі мүмкін. Сүттің литрі бір айдың ішінде 444 теңгеден 584 теңгеге дейін қымбаттаған. Сары майдың бағасы да айтарлықтай өсіп, 4516 теңгеден 5089 теңгеге жеткен. 2026 жылдың қаңтар айынан бастап әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне алғаш рет қаймақ 2076 теңге пен қатты ірімшік 5295 теңге енгізілді. Көкөністер бағасында күрт өзгерістер байқалмайды. Қырыққабат 130 теңгеден 144 теңгеге, сәбіз 175 теңгеден 178 теңгеге, ал картоп 167 теңгеден 170 теңгеге дейін ғана қымбаттаған. Сонымен бірге тізімге қияр 1832 теңге, қызанақ 1053 теңге және алма 814 теңге енгізілді. Басқа тауарлар арасында да өзгерістер шамалы: жұмыртқа 536 теңгеден 544 теңгеге өскен, қант 424 теңге, ал ас тұзы 82 теңгені құрайды. Ал қаңтар айында тізімге енген қара шайдың орташа бағасы 5862 теңге.

Бағаның өсуі тұрғындардың күнделікті өмірінде айқын сезіле бастады. Көпшілігі азық-түлікке жұмсалатын шығынның артқанын, ал табыстың сол күйі қалғанын айтады.

«Азық-түлік өнімдеріне кететін шығын қатты өсті. Бұрын 5-10 мың теңгеге біршама зат алуға болатын еді, қазір сол ақшаға аса көп дүние сыймайды. Жалақы өзгермейді, ал баға күн сайын өсіп жатқандай әсер қалдырады. Дүкенге кірген сайын ақшаның құны азайып бара жатқанын сезінесің»,- дейді қала тұрғыны.

Қарапайым күнделікті сатып алулардың өзі отбасылық бюджетке салмақ сала бастаған.

«Кейбір өнімдердің бағасы салыстырмалы түрде тұрақты болғаны жақсы, әрине. Бірақ негізгі тұтынатын тауарлар қымбаттағанда оның пайдасы шамалы. Әсіресе ең маңызды дейтін сүт, жарма, ет сияқты күнде керек азық-түлік өнімдері қымбаттаған», - дейді тағы бір тұрғын.

Жалпы алғанда, жүргізілген талдау мен тұрғындардың пікірлері өңірдегі баға өсімінің күнделікті өмірге тікелей әсер етіп отырғанын көрсетеді. Азық-түлікке жұмсалатын шығын көбейгенімен, көпшіліктің табысы өзгеріссіз қалып отыр. Сондықтан тұрғындар үшін ең маңыздысы - әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын бақылауда ұстап, оларды қолжетімді деңгейде сақтау.

Дильназ Изделюева ЖСДП Қостанай облыстық филиалының баспасөз хатшысы