Қоғамның тыныс-тіршілігі мен өңірдің келешегіне тікелей ықпал ететін көші-қон мәселесі бүгінде ерекше назарды қажет етеді. Осы маңызды тақырып аясында 3 маусым күні Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Облыстағы көші-қон жағдайы және оны жетілдіру бағыттары» тақырыбында кездесу өтті.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитетінің аумақтық бөлімшесінің және облыстық жұмыспен қамту мен әлеуметтік бағдарламалар саласының өкілі арнайы келді.
Өңірдегі көші-қон үдерістерінің қазіргі ахуалы жан-жақты сараланып, халықтың қоныс аударуына әсер етіп отырған әлеуметтік-экономикалық факторлар кеңінен талқыланды. Әсіресе жастардың өзге өңірлерге қоныс аударуы, еңбек көші-қонының ерекшеліктері, ішкі және сыртқы миграциялық қозғалыстардың аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалы жөнінде маңызды пікірлер ортаға салынды.
Жауапты мекеме өкілдері көші-қон мәселесінің тек статистикалық көрсеткіштермен шектелмейтінін, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, жастарды өңірде ұстап қалуға бағытталған тиімді тетіктерді жетілдіру қажеттігі сөз болды. Көші-қон мәселесі – елдің болашағы мен өңірдің өркендеуіне тікелей әсер ететін маңызды бағыт. Сондықтан бұл саладағы жүйелі жұмыстарды жетілдіру, қоғам мен мемлекет арасындағы тиімді диалогты дамыту бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі болып қала береді.
ЖСДП Қызылорда облыстық филиалаының баспасөз хатшысы Жақсыгүл Оразалиева