Кибералаяқтық – жүйелі қауіп! ЖСДП төрағасы Асхат Рахимжанов нәтижелер мен заңнамалық өзгерістердің қажеттілігі туралы айтты

ЖСДП Алматы облыстық филиалының бастамасымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, партия төрағасы Асхат Рахимжанов кибералаяқтықтан зардап шеккен азаматтармен кездесуі өткізді.

Соңғы жылдары киберқылмыс мәселесі жүйелі сипат алып, елімізде сан мыңдаған азамат алданып қалды. Адамдар тек тікелей қаржылық шығынға ұшырап қана қоймай, алданғандарын дәлелдеу мен әуре болып жүр. Тіпті несие тарихын түзетуде және заңсыз рәсімделген қаржылық міндеттемелерді жою жолында сан алуан қиындықтарға тап болуда. Кездесу барысында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына, соның ішінде «Банктер және банк қызметі туралы» және «Кредиттік бюролар мен несие тарихын қалпына келтіру» туралы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігіне ерекше назар аударылды. ЖСДП Алматы облыстық филиалының өкілдері мен киберқылмыстан зардап шеккен азаматтар қолданыстағы заңнаманың азаматтарды қорғау тетіктері көптеген жағдайда жеткіліксіз екенін атап өтті. Кибералаяқтықтың адам өміріне тигізген салдары туралы кездесуге қатысушы, киберқылмыстың құрбаны Анна Старчевус былай дейді:

«Алаяқтарға алданып шын құрбан болғаннан кейін сені ешкім тыңдамайды. Біз тек қаржылық шығынға татып қана қоймай толық қорғансыз кейіпке түсі отырмыз. Дәл бүгін бізді естіитін және қорғайтын заң қажет. Бұл өте маңызды», – деді.

Ал Полина Мамонова есімді тұрғын киберқылмысқа қарсы күрестің жүйелі алдын алу шаралары болуы тиіс екенін атап өтті:

«Алдын алу – киберқылмысқа қарсы күрестегі ең тиімді құрал. Адамдар күн сайын ескерту ақпаратын көріп, естіп отыруы керек»,-дейді.

Осыған дейін қолға алынып жүргізілген жұмыстар туралы айтқан ЖСДП төрағасы Асхат Рақымжанов партия мен парламенттік фракция бұл мәселемен бірнеше жылдан бері жүйелі түрде айналысып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, шамамен екі жыл бұрын кибералаяқтық тақырыбы бойынша алғаш рет депутаттық сауал жолданып, содан бері бұл жұмыс тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқанын жеткізді.

«Сол уақыттан бері мақсатты жұмыс жүргізілуде. Ерекше айта кететінім, алаяқтық жолмен рәсімделген несиелерді жаппай есептен шығару жағдайлары да тіркелді. Мысалы Қазақстан бойынша 247 адам несиенің алаяқтық жолмен рәсімделгенін заң жүзінде дәлелдей алды.», – деді Асхат Рахимжанов.

Ол бұл жағдайларда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Бас прокуратура және банктер зардап шеккен азаматтарға түсіністік танытқанын атап өтті:

«ҚНРДА, Бас прокуратура және банктер азаматтарға қолдау көрсетті. Ол үшін оларға алғысымызды білдіреміз. Осылайша белгілі бір нәтижеге қол жеткіздік, бұл өте маңызды әрі үлкен жетістік»,-деді ол.

Сондай-ақ ЖСДП төрағасы Заңға партия ұсынған түзетулердің бір бөлігі салалық жұмыс топтары аясында қабылданғанын, алайда негізгі өзгерістер әлі қаралуы тиіс екенін жеткізді:

«Біздің кейбір түзетулеріміз екі жұмыс тобында қабылданды. Алайда Қылмыстық-процестік кодекс, Азаматтық кодекс, Қылмыстық кодекс және Әкімшілік кодекске қатысты негізгі түзетулер алда қаралады. Бұл алдын алу шараларының барлығы заңнамалық тұрғыда енгізілуі қажет. Алда атқаратын жұмыс көп»,-деді.

Оның айтуынша, осы мәселе бойынша жұмыс жүргізілген уақыт ішінде ЖСДП фракциясына кибералаяқтық құрбандарынан 600-ден астам өтініш келіп түскен. Бұл өтініштердің барлығы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жолданып, әрқайсысы жеке тәртіппен қаралуда. Қазіргі сын-қатерлер туралы айта келе, Асхат Рақымжанов кибералаяқтық бүгінгі таңда азаматтар үшін ең қауіпті жағдайлардың бірі екенін атап өтті:

«Бүгінде кибералаяқтық азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне төнетін ең үлкен қауіптердің біріне айналды. Мемлекет тек салдарымен күресіп қана қоймай, заңнамадан бастап халықты ақпараттандыруға дейінгі жүйелі алдын алу жұмыстарын жүргізуге міндетті»,- деп түйді.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар халық арасында ауқымды алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік бюджеттен жеке қаржы қарастыру қажеттігі туралы ұсыныстар айтты. Бұл киберқылмыстың алдын алуға бағытталған ақпараттық материалдарды дайындау және орналастыруды қамтуы тиіс. Атап айтқанда, баннерлер мен жарнамалық парақтар, радио мен теледидардағы аудио-бейнероликтер, банкоматтарда, қоғамдық көліктерде, адам көп жиналатын орындарда, саябақтар мен скверлерде ақпараттық хабарламалар орналастыру ұсынылды. ЖСДП Алматы облыстық филиалы азаматтардың құқықтарын қорғау, қаржы институттарының жауапкершілігін арттыру, заңнаманы жетілдіру және кибералаяқтыққа қарсы тиімді жүйе қалыптастыруға бағытталған бастамаларды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырады.

ОСДП Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі