Көктемгі әскерге шақырылым–2026 және білім

2026 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқаны Жетісу облысында жүйелі өзгерістердің бастауы ретінде қарастырылуда. Талдықорғанда өткен дөңгелек үстелде әскерге шақыру жүйесін жетілдіру және білім беру мен әскери дайындық арасындағы байланысты күшейту мәселелері талқыланды.

ЖСДП Жетісу облыстық филиалы ұйымдастырған іс-шараға әскери комиссариат өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары, сарапшылар мен қоғам белсенділері қатысты. Кездесудің басты мақсаты – әскерге шақыру жүйесін жетілдіру, сондай-ақ білім беру мен әскери дайындық арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеру. Жетісу облысында биыл 8 300-ден астам жас әскер жасына келеді екен. Бірақ олардың тек шамамен 25%-ы ғана әскерге жарамды. Яғни, әр төрт жас азаматтың үшеуі түрлі себеппен өтпей қалады деген сөз. Бірінің денсаулығы әлсіз, бірі физикалық тұрғыда дайын емес, енді бірі мүлде есепке алынбаған. Бұл құр цифр емес. Бұл – ел үшін қажет мыңдаған жастың әлеуеті толық іске аспай жатқанын анық аңғартады.

Сессия барысында қазіргі жүйедегі бірқатар мәселелер ашық айтылды. ЖСДП Жетісу облыстық филиалының төрағасы Жасулан Мукаманов мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалмауы өзекті мәселе екенін атап өтті. Оның айтуынша, жыл сайын әскери кафедраларға бөлінетін 5 миллиард теңгенің нәтижесі мардымсыз: түлектердің небәрі 10%-ы ғана әскери қызметке баратын көрінеді. Сондай-ақ ел экономикасына шетелдік студенттерден миллиардтаған табыс түсіп жатқанымен, отандық, әсіресе ауыл жастарының білім беру жүйесінен шет қалып отырғанын да тілге тиек етті.

Кездесу барысында Жетісу өңірінің әлеуеті де айтылды. Мысалы, Жаркент, Қапал, Тоқжайлау және Көксу колледждері толық жүктелмегенімен, олардың инфрақұрылымы сақталған. Ғимараттар мен жатақханалар бар, тек тиімді жүйе мен нақты бағыт жетіспейді. Сарапшылардың пікірінше, дуалды оқыту жүйесін енгізу арқылы жыл сайын 1 000-ға дейін маман даярлауға болады. Басты мәселелердің бірі – жастардың әскери даярлығының жеткіліксіздігі. Мектептердегі алғашқы әскери және технологиялық дайындық, колледждердегі тәжірибелік оқыту және әскери мамандардың қатысуы өзара үйлесіп, біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуі тиіс.

Осы ретте 21751 әскери бөлім командирі, полковник Абдыжамит Джаммалладиновичтің айтуынша, соңғы жылдары жастар арасында әскерге баруға деген қызығушылықтың төмендеуі байқалады. Көптеген жас азаматтар түрлі себептермен әскери қызметтен жалтаруға немесе кейінге қалдыруға тырысады. Бұл үрдіс әскердің кадрлық сапасына ғана емес, жалпы әскери-патриоттық тәрбиенің деңгейіне де кері әсерін тигізіп отыр.

Дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылар бірқатар ұсыныстарды қолдады. Соның ішінде ең маңыздысы – Жетісу облысындағы төрт колледжге «дуалды оқытудың әскери-техникалық орталығы» мәртебесін беру. Бұл бастама қосымша қаржыны талап етпейді, бастысы – ресурстарды тиімді пайдалану. Ұсынылған модель жүзеге асса, жастардың әскери дайындық деңгейі артып, колледждердің жүктемесі көбейеді. Сонымен қатар ауыл жастары үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып, мемлекетке бәсекеге қабілетті дайын кадрлар қалыптасады. Көктемгі шақырылым–2026 – бұл тек әскерге адам жинау науқаны емес, білім беру, тәрбие және ұлттық қауіпсіздік мәселелерінің тоғысқан тұсы. Қорытындылай келе, жүйе дұрыс құрылса, жастар да, мемлекет те ұтары сөзсіз.

🖋 ЖСДП Жетісу облыстық филиалының баспасөз қызметі