Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) жүйесін жаңғырту мәселесі әлі де өзекті. Өңірлердегі кадр тапшылығы, колледж инфрақұрылымының тозуы, педагогтердің әлеуметтік мәртебесінің төмендеуі – бұл саладағы шешімін таппаған мәселелердің аз емес екенін аңғартады. Осы түйткілдер Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Наурыз Сайлаубайдың қатысуымен өткен дөңгелек үстелде кеңінен талқыланды.
Бүгінде колледждерде білім беретін кіші қызметкерлер мен техникалық персоналдың еңбекақысына байланысты мәселе көп. Дөңгелек үстел барысында сөз алған Талдықорған индустриялық колледж директоры Әсет Жұмаділов осы мәселеге тоқталып, назардан тыс қалдырмау керектігін айтты.**
– Қызметкерлердің алатын жалақысы 93 мың теңгенің ар жақ бер жағы, ал штаттық жалақы 112 мың теңгеден аспайды. Сауықтыру жәрдемақысының төленбеуі де қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына кері әсерін тигізуде. Осындай олқылықтар кесірінен кадр тапшылығы туындап отырғаны жасырын емес, – деді ол.
Одан бөлек, магистр және PhD дәрежесі бар педагогтерге тиесілі үстемақылардың жалақы есептеу кезінде толық ескерілмей отырғаны көтеріліп, қатысушылар бұны заңнамалық және нормативтік деңгейде реттеу қажеттігін атап өтті. Дөңгелек үстелде аталған мәселелерді шешу бойынша ұсыныстар айтылды. Кездесу барысында колледждердің инфрақұрылымдық жағдайы да кеңінен талқыланды. Жетісу құрылыс техникалық колледжінің директоры Санат Рамазанов өңірдегі құрылыс нысандарын күрделі жөндеуден өткізу жайлы ұсыныс білдіріп, бюджеттен қаражат бөлу туралы бастама көтерді. Шарада бұдан бөлек, Талдықорған индустриялық колледжінің жатақханасына жөндеу жұмыстарын жүргізу жайы сөз болды. Сондай-ақ, Қанабек Байсейітов атындағы саз колледжі мен Сарқан көпсалалы колледжіне спорт және хореография залын салу мәселесі көтерілді. Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің директоры Шыңғыс Нұрғожаевтың айтуынша, колледждерді басқару және коммерцияландыру бойынша да мәселелер бар. Шара барысында сөз алған ол шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын нысанына өткен колледждерге қатысты заңнамалық өзгерістердің нақты нәтижесі байқалмай отырғанын көтерді.
– Колледждердің коммерциялық мүмкіндігі тек өнім өндірумен шектеліп, жоғары оқу орындарындағыдай ғимаратты жалға беру, ақылы қызмет көрсету, қосымша табыс көздерін пайдалану мүмкіндігі жоқ. Сонымен қатар тарификациядан штаттық жүйеге көшу өз кезегінде инновациялық жобаларды іске асыруға, кадр мәселесін шешуге және педагогтердің еңбегін әділ бағалауға жол ашар еді, – деді ол.
Қатысушылар «Жас маман» бағдарламасының өз кезегінде колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңартуға оң әсер еткенін атап өтті. Алайда бағдарлама негізінен қалалық колледждерге бағытталып, ауылдық оқу орындары назардан тыс қалып жатады. Әсіресе Ақсу агротехникалық колледжінің материалдық-техникалық жағдайы алаңдаушылық тудырып отыр. Шараға қатысқандар бұл мәселенің де назардан тыс қалмау керектігін атап өтті.
Іс-шара қорытындысы бойынша техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін кешенді реформалауға бағытталған резолюция қабылданды. Онда барлық ұсыныстарды тиісті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға жолдау, сондай-ақ көтерілген мәселелерді депутаттық бақылауға алу қажеттігі нақты көрсетілді. Жалпы, ЖСДП үшін кәсіби білім беру – тек білім саласының мәселесі емес, бұл әлеуметтік әділеттілік, өңірлік даму және ел экономикасының болашағы. Партия бұл бағыттағы бастамалардың қағаз жүзінде қалмай, нақты нәтижеге айналуы үшін жүйелі жұмысын жалғастыра бермек.
Айжан Туғанбаева, ЖСДП Жетісу облыстық филиалының баспасөз қызметі