Кәсіпкерлік — экономика тірегі

Ағымдағы жылдың 14 сәуірінде Абай облысының орталығында Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) филиалының белсенділері «Өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту: қолдау шаралары, жобалар мен келешегі» атты дөңгелек үстел өткізді.

Жиынға мемлекеттік орган өкілдері, қаржы институттары мен кәсіпкерлер қатысып, аймақ экономикасының жай-күйін талқылады. Басқосуда бизнесті ілгерілетуге бағытталған жаңа жобалар мен мемлекеттік қолдау тетіктеріне ерекше назар аударылды.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Абай облысы бойынша аймақтық филиалының директоры Мұрат Қайымбаев қазіргі ахуал барысын баяндады. «Абай облысының құрылуы өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына жаңа серпін берді. Біздің басты мақсатымыз — кәсіпкерлерді тек қаржылай қолдап қана қоймай, олардың жобаларының тұрақты әрі бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасау. Бүгінде мемлекеттік бағдарламалар арқылы ұсынылатын субсидиялар мен кепілдіктер — жаңадан бастаған бизнес үшін де, жұмысын кеңейткісі келетіндер үшін де нақты мүмкіндіктердің көзі бар»,- екенін айтып өтті.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда ҚҚС (қосылған құн салығы) мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға дейін көтерілді. Бұл өзгеріс үлкен талқылау мен шағымдар туғызды. Мысалы: тіркеу шегінің төмендеуі, бағаның өсуі мен сұраныстың төмендеуі, пайданың азаюы, тауар қалдықтары мәселесі туралы қатысушы кәсіпкерлердің уәжі тыңдалды.

Осыған байланысты Семей қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Дияз Раимханов түсіндірді. «Бүгінгі таңда Абай облысы бойынша жеке кәсіпкерлер (ЖК) санының динамикасында белгілі бір өзгерістер бар. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек 2025-2026 жылдың қаңтар, ақпан, наурыз айларын салыстырғанда ЖК-нің тіркелуі 28,3%-ға азайып, жабылуы 18,9%-ға өсіп және уақытша тоқтатылуы 22,2%-ға ұлғаю үрдісі тіркелді. Алдымызға қойған межеміз - кәсіпкерлерді жазалау емес, оларға салықтық жеңілдіктер мен арнаулы салық тәртібін дұрыс пайдалануды түсіндіру», - деді.

ЖСДП Абай облыстық филиалының төрағасы Рүстем Сарманов отырысты қорытындылай келе былай деді. «Біздің мақсатымыз - елдің әл-ауқатын арттырып, кәсіп бастаған азаматтарға нақты септігімізді тигізу. Кәсіпкерлік - мемлекетіміздің іргетасы, сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамауы тиіс», - деді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Абай облыстық филиалы Хозаев К.Н.