Маңғыстау облысында мектеп асханаларына мониторинг жүргізілді

ЖСДП Маңғыстау облыстық филиалы мен Маңғыстау облысы білім басқармасы бірлесіп, білім беру ұйымдарындағы тамақтандыру жүйесінің сапасына мониторинг жүргізді.

Атап айтқанда, сараптама тобы Ақшұқыр ауылы М. Әбдіхалықов атындағы мектеп-гимназиясында, Қызан ауылы «Ә. Жангелдин» атындағы мектепте және Ақшымырау ауылы «Ә. Тобанияз атындағы жалпы білім беретін мектепте» болды. Мониторингке Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Қумбаев Амантай және ЖСДП Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Мыңбаев Сәкен қатысты.

Тексеру барысында мектеп асханаларындағы бракераж журналдары мен өзге де тиісті құжаттардың толық әрі талапқа сай екендігі тексерілді. Сонымен қатар, асхана қызметкерлерінің медициналық кітапшаларын электронды жүйеге көшіру қажеттігі жөнінде ескертулер берілді.

Ақшұқыр ауылындағы мектеп-гимназияда асхана қызметіне қатысты тағам үлгілерін (проба) оқушыларға берерден бұрын сынама алу қажеттігі айтылып, буфет тағамдарының бағасын төмендету жөнінде ұсыныстар берілді. Сондай-ақ, кәсіпкердің айтуынша, таңғы ас мәзірінде балаларға сорпа емес, жеңіл каша ұсынылады екен. Бұл мәзір ата-аналардың келісімімен және денсаулық сақтау органдарымен бекітілген көрінеді. Қызан ауылындағы мектепте қараша айында жүргізілген тексеріс барысында анықталған бірқатар кемшіліктердің толық түзетілгені белгілі болды. Құжаттамалар талапқа сай реттеліп, асхана жұмысы қалыпты жүргізіліп отырғаны анық болды. Ал Ақшымырау ауылындағы мектепте өткен тексеріс кезінде қараша айында берілген ескертулердің орындалу нәтижелері қаралды. Алғашқы тексеріс кезінде бракераж журналдары толық болмаған еді. Ағымдағы тексерісте кемшілік оңалып, бракераж рәсімдерінің жүргізілмегені анықталды. Сонымен қатар, мектеп асханасындағы жарық шамдарының жеткіліксіздігі, балаларға тағамның уақытылы берілуі және күнделікті мәзірдің уақтылы бекітілуі бойынша ескертулер жасалды.

Жалпы мониторинг нәтижесінде білім беру ұйымдарындағы тамақтандыру сапасын тұрақты бақылауда ұстау, санитарлық талаптарды қатаң сақтау және балалардың қауіпсіз әрі сапалы тамақтануын қамтамасыз ету маңызды екені айтылды.

ЖСДП Маңғыстау облыстық филиалының баспасөз қызметі