ЖСДП Маңғыстау облыстық филиалы мен Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы ұйымдастырған Түпқараған ауданындағы мониторинг жұмысы барысында өңірдегі егін және жылыжай шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің мәселелері көтерілді.
Жұмыс сапары барысында 25 жылдан бері жылыжай және егін шаруашылығымен айналысып келе жатқан ЖК «Таңбай Ғалым» шаруашылығының жұмысымен танысу өтті. Шаруашылық қызанақ өсірумен айналысады. Кәсіпкер өңірдің құрғақ климатында егін шаруашылығын жүргізу қиын екенін айтып, мемлекет тарапынан субсидия мәселесіне қолдау сұрады.
Партия мүшелері сондай-ақ ЖК «Мергенбаев» шаруашылығында болып, сәбіз өсіру бағытындағы жұмыстармен танысты. Бұрын Маңғыстауда сәбіз өсіру қиын болған, тіпті шықпаған. Бірақ шаруашылық өткен жылы ӘКК-ға шамамен 130 тонна өнім тапсырған, бірақ егінге көмек болмаса осындай көлем тапсыру оңай емес екенін жеткізді.
Мониторинг ЖК «Чалак Саид» жылыжай шаруашылығымен айналысатын кәсіпкердің нысанында жалғасып, көкөніс өнімдерін өндіру, сақтау және өткізу мәселелерін талқылады. Кәсіпкер алдағы уақытта жылыжай нысанын кеңейтіп, жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Жобаның болжамды құны 30–50 млн теңге шамасында.
Түпқараған ауданына келудегі негізгі мақсаты – егіншілердің мәселесін тыңдау болды. Шаруалардың айтуынша, өндірілген өнімді өткізу қиынға соғып отыр. Кәсіпкерлер жергілікті өнімді алмайды деген мәселе көтерілді.
Өз кезегінде сауда өкілдері өнім алу кезінде ең алдымен тауардың сыртқы келбетіне, яғни “товарный видке” қарайтындарын жеткізді. Дегенмен, жиын барысында тағы бір маңызды мәселе айтылды — Түпқараған ауданындағы кейбір кәсіпкерлер өңірдің өзінде өсірілетін қияр, қызанақ, алма бақтары бар екенін толық білмейді. Соның салдарынан өнім Ақтаудан тасымалданады. Яғни, Форт-Шевченкодан шыққан өнім алдымен Ақтауға кетіп, кейін қайтадан ауданға жеткізіледі. Бұл арада делдалдар пайда тауып отыр.
ЖСДП Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Сәкен Мыңбаев өңірдегі құрғақшылық жағдайын ескере отырып, егін шаруашылығына арналған субсидияны қайта қарастыру қажеттігін айтты.
– Маңғыстауда егін шаруашылығымен айналысу оңай емес. Су тапшылығы, құрғақшылық, климаттық жағдайлар шаруаларға ауыр салмақ түсіреді. Бұрын гектарына субсидия беру тәжірибесі болған. Осындай қолдау тетіктерін қайта қарау қажет. Егер жергілікті шаруаларға қолдау болса, өңір өзін көкөніспен қамтамасыз етуге қабілетті, – деді Сәкен Мыңбаев.
Түпқараған ауданы кәсіпкерлік және сауда басқармасы мамандарының айтуынша, 2017-2018 жылы егін шаруашылығына гектар көлеміне қарай субсидия беру тәжірибесі болған. Қазіргі жағдайда осы тетікті қайта енгізу қажеттігі көтерілді.
Маңғысту егіншілері қолдау болса сәбіз, қияр, қызанақ, тіпті баклажан шығатынын мәлімдеді.
Партия қорытындысында жергілікті егіншілердің өнімін тікелей сауда орындарына шығару, делдалдар санын азайту, жылыжай шаруашылығын дамыту және шаруаларға нақты мемлекеттік қолдау көрсету бағытындағы ұсыныстар айтылды.
ЖСДП Маңғыстау облыстық филиалының баспасөз қызметі