Халықтың өмір сүру деңгейін айқындайтын бір өлшем–қауіпсіз де жайлы баспана. Қазақстанда тұрғын үй қорының апаттық деңгейі мен тозуы шешімін таппай, күн тәртібінде өзекті тұрған мәселелердің бірі.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Атырау облыстық филиалының Қоғамдық қабылдауына келген апатты деп танылған көппәтерлі үй тұрғындары «жандарын шүберекке түйіп» өмір сүретіндерін айтты. Тозығы жеткен баспанада тұру қауіптілігімен қатар, барлық инженерлік коммуникациялық желілердің ескіруі себепті, күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал онда қарапайым жөндеу еш тиімсіз,- дейді тұрғындар. Ал желілерді түбегейлі жөндеуге, алаңдаулы тұрғындар артық қаражат салғысы келмейді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің биылғы жылғы қыркүйек айындағы мәліметінше, елдегі апатты жағдайдағы көппәтерлі тұрғын үйлердің саны бойынша Атырау облысы көш бастап тұр. Бүгінгі күні облыс бойынша–213 көппәтерлі апатты тұрғын үй тіркелген. Оның 91-і облыс орталығында орналасқан. Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясының тұрғын үй секторының меңгерушісі О.Хасановтың айтуынша апатты және ескі үйлердің нақты саны бұдан да көп көрінеді. Әкімдіктің тізіміндегі апатты тұрғын үйлердің ең көнесі сонау 1917 жылы салынса, ең жаңасы 1990 жылы бой көтерімті. Ал әлгі облыс орталығында тіркелген 91 үй 1929 жылы ең бірінші тұрғындарға есік ашыпты.
О.Хасановтың айтуынша, апатты жағдайдағы үйлердің тұрғындарын көшіру жұмыстарының баяу жүру себебі, аталған мәселеге бөлінетін қаражаттың көлеміне байланысты болып тұрған көрінеді. Атырау қаласында өткен жылы 130 отбасы жаңа үйге көшірілсе, биыл жыл соңына дейін 70 отбасыны жаңа баспанаға көшіру жоспарлануда.
Сәтпаев көшесі 10-шы үйдің тұрғыны Татьянаның айтуынша, оның бес қабатты үйі және қатар тұрған тағы екі үй тозығы жетіп, әбден ескірген. Бір үйдің балкондары қақырап түсіп кеткен. Десе де аталмыш үйдің апаттылығын тану үшін әрекет етуге тұрғындар құлықсыз көрінеді.
1950 жылы салынған Шәріпов көшесі 32-ші үйдің тұрғыны Гүлнәр үйлерінің төбесі құлап, қабырғалараның сөгіліп тұрғанын айтады. Ал көппәтерлі үйлерді апатты деп тану үшін, тұрғындар қаражат жинап, аттестацияланған тәуелсіз сарапшы мекемелердің көмегіне жүгінулері қажет. Әбден тозығы жеткен ескі үйлерде әдетте зейнеткерлер мен аз қамтылған отбасылар тұратын болғандықтан, олардың сарапшыға берер қомақты қаражаттары жоқ. Ақша жинап, апаттылықты растайтын ресми қорытынды алуға әзірге мүмкіндіктері болмай тұр.
Соңғы жылдары Атырау қаласындағы бірнеше тозығы жеткен үйлер мәселесін жергілікті әкімдік реновация бойынша–мемлекет пен жеке меншік компаниялар бірігетін әріптестік нәтижесінде шешті. Яғни құрылыс компаниясы апатты үйдің орнына жаңа үй салып, пәтерлердің бір бөлігін апатты үйдің бұрынғы тұрғындарына бөліп беруге міндеттеме алады да, қалған пәтерлер құрылыс компаниясы иелігінде қалады.
Тозығы жеткен және лайық¬ты өмір сүруге жарамсыз тұрғын үй проблемасы халықтың өмір сүру деңгейіне кері әсер ететіні анық. Осыны ескеріліп, тұрғын үй қорын жаңартуға арналған мемлекеттік бағдарламалар қабылданып тұрғындардың тынышын қашырған апатты үйлер мәселесі түбегейлі шешу күн тәртібінен түспеуі қажет.
Дамира Жанаева ЖСДП Атырау облыстық филиалының маманы