Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ЖСДП фракциясының мүшесі Ажар Сағандықова Атырау облысына жұмыс сапары барысында «Ембімұнайэнерго» басқармасының жұмысшыларымен кездесті.
Кездесу барысында Ажар Сағандықова ЖСДП депутаттарының Мәжілісте көтерген мәселелері, депутаттық сауалдары және алдағы уақытта жоспарланған жұмыстар туралы баяндады.
Жиында сөз сөйлеген Нұрлан есімді азамат Атырау облысында мұнай өндіру ісіне жүз жылдан астам уақыт болғанын, мұнай-газ өндірісінің қарқынды дамуы ел экономикасының өсуіне және тұрақты жұмыс орындарының құрылуына ықпал еткенін атап өтті. Алайда ол жергілікті тұрғындардың экологиялық ахуалы нашар аймақта өмір сүріп отырғанын, Атырау облысының экологиясы күрделі аймақ ретінде ресми бекітілмегендіктен, тиісті коэффициенттің төленбей отырғанын қынжыла жеткізді.
Сонымен қатар жиында сөз алған Айман есімді тұрғын 55 жастан асқан әйел адамдардың денсаулығы әлсіреп, еңбекке қабілетінің төмендейтінін айтып, елімізде әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын 55–58 жас аралығына дейін қысқарту мәселесін көтеруді ұсынды.
Кездесуге қатысушылар мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімсіздігіне, медициналық мекемелердегі қызметтердің сапасыз ұйымдастырылуына, елді мекендерді жол, аялдама және көше жарығымен қамтудың мардымсыздығына, сондай-ақ сапасыз құрылыс пен баспана алу қиындықтарына тоқталды. Олар депутаттан бұл мәселелерді назарға алып, оң шешілуіне ықпал етуді сұрады.
Ажар Сағандықова кездесуге қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, көтерілген мәселелерді назарға алып, шешу жолдарын қарастыратынын айтты.
Айта кетейік, «Ембімұнайгаз» АҚ-ның өндірістік құрылымдық бөлімшесі — «Ембімұнайэнерго» басқармасы 2008 жылы құрылды. Басқарма энергетикалық жабдықтарға техникалық қызмет көрсетіп, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізеді, негізгі құралдарды сынау және баптау, мұнай құбырларына электр-химиялық қорғау бойынша техникалық қызметтер атқарады. Сондай-ақ қоғамның өндірістік кәсіпорындарын үздіксіз электр энергиясымен және сумен қамтамасыз етеді.
Дамира Жанаева ЖСДП Атырау филиалының маманы