Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде депутат Наурыз Сайлаубай Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының жұмыс жоспарына сәйкес «Халықаралық мүгедектер күніне орайластырылған инклюзивті қоғамды дамыту мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Жиынға Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясының мүшесі, депутат Ажар Сағандықова, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Еділқызы Сәрсенова, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Инклюзия департаментінің директоры Күләйім Жақсылыққызы Біржанова қатысты. Отырысты ашқан Наурыз Саятұлы мәселенің өзектілігін атап өтіп, оған бейжай қарауға болмайтынын жеткізді. Ол өз сөзінде жыл өткен сайын мүмкіндігі шектеулі жандар саны артып келе жатқанын айта отырып, жағдайдың алдын алу үшін мемлекет тарапынан барынша күш жұмсау қажеттігін сөз етті. Сонымен қатар, осы мәселе бойынша құзырлы министрліктер қандай жұмыстар атқарып жатқанын сұрады. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Еділқызының айтуынша, елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың жалпы санының 84%-ы ересектер, ал 16%-ы — 18 жасқа дейінгі балалар.
«Бұл көрсеткіш бойынша елдегі жалпы балалар санының шамамен 1,6%-ы — ерекше балалар. Ал нақты санға келсек, елімізде 737 450 мүгедек жан бар, оның 622 723-і — ересек, 80 984-і — бала. Ерекше балалар саны жыл сайын артып келе жатқаны жасырын емес», — деді департамент директоры. Оның айтуынша, елдегі ерекше балалардың 28%-ы психикалық ауытқулар, 21,3%-ы жүйке аурулары және 22,8%-ы туа біткен сырқаттар бойынша есепке алынған екен.
Министрлік өкілінің айтуынша, соңғы 6–7 жылда жүргізілген кешенді жұмыстардың нәтижесі де жоқ емес. Дегенмен жыл өткен сайын адам ағзасынан анықталатын ауру түрлері де көбейіп кеткен. Мұның себептерін сұраған депутатқа Гүлнар Еділқызы:
«Әрине, бұл мәселе ең алдымен елімізде адам санының өсуімен тікелей байланысты. Екіншіден, жаңа заманауи технологиялар арқылы мамандар адам ағзасы мен денсаулығында бұрын қарапайым тәсілдермен байқалмайтын диагноздарды анықтай бастады. Сондықтан көрсеткіштер жыл сайын ұлғайып жатыр. Бұл — сырқатты ерте анықтап, ерте оңалтуға мүмкіндік береді», — деп жауап берді.
Оның айтуынша, жаңа технологиялар балалар арасындағы аутизмді ерте анықтауға да көмектеседі екен.
«Елімізде мүгедектіктің ең көп өсуі — аутизм спектрінің бұзылуы бар балалар мен психикалық бұзылуларға ұшыраған жандар үлесінде. Аутизм – бүкіл әлемде өсіп келе жатқан жаһандық денсаулық мәселесі. Бұл — өмір бойы сақталатын сырқат. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауынша, әлемде шамамен әр 100 баланың 1-і — аутизм спектрінің бұзылуы бар бала қатарында. Ал Қазақстанда 500 балаға 1 жағдай тіркеліп отыр. Нақтырақ айтқанда, еліміздегі 6,8 миллион баланың 116 977-сі (1,8%) — мүгедек, оның 14 474-і аутизммен ауырады», — деді Гүлнар Еділқызы.
Айтылған деректер расымен алаңдатарлық. Жағдайдың алдын алу үшін елімізде жаңа туған нәрестелер мен 6 жасқа дейінгі балалардағы мүгедектік пен ауру қаупін ерте анықтауға арналған скринингтің 4 түрі жүргізіледі. Мамандардың айтуынша, бұл балаларды ерте оңалтуға және кешенді ем-шара жүргізуге мүмкіндік береді екен. Отырыста талқыланған тағы бір мәселе — балаларды оңалту орталықтарының жай-күйі. Белгілі болғандай, жыл сайын 4,5 миллионға жуық бала профилактикалық тексеруден өтеді. Ал сырқат анықталған балалар денсаулық сақтау жүйесі негізіндегі тәулік бойы жұмыс істейтін 4367 төсектік 80 оңалту орталығында ем қабылдай алады. Оның ішінде республикалық деңгейдегі 3 орталықта 530 төсек орны бар. Орталықтар неврология, патология, жарақаттан кейінгі және операциядан кейінгі оңалту бағыттарына бөлінген. Сонымен қатар, дамуында кемістігі бар және психомоторлық дамуы тежелген балалар да осы орталықтарда ем алады. Мұндай қамқорлық — мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғам мүшесі ретінде қабылдау қағидатының алғышарты. Осындай әділетті қоғам құру, мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, құқықтарды шектемеу мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылдың желтоқсанында 2025–2030 жылдарға арналған Инклюзивті саясат тұжырымдамасы қабылданды. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Инклюзия департаментінің директоры Күләйім Жақсылыққызының айтуынша, аталмыш тұжырымдама 13 бағыт бойынша 52 кешенді шараны қамтып, инклюзивті қоғам құрудың ұзақ мерзімді бағыттарын айқындайды екен.
«Инклюзивті саясаттың маңызды бағыты — абилитация және реабилитация жүйесін жаңғырту. Осы мақсатта «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен төрт өңірде балаларды үй жағдайында оңалту жобасы іске қосылды. 403 бала инновациялық техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етілді. Жоба нәтижесінде 289 балада оң динамика байқалып, 18 бала өздігінен жүру мүмкіндігіне ие болды. Бұл — үй жағдайындағы реабилитацияның тиімділігін дәлелдейтін нақты нәтиже», — деді ол.
Осы тұста ЖСДП депутаты Ажар Сағандықова балалар денсаулығына қатысты алаңдаушылық білдіріп, министрлік өкілдеріне сауал қойды: «Соңғы кездері балалар арасында онкологиялық аурулар көп анықталып жатыр. Бұған түрлі жағдай себеп болуы мүмкін. Мұндай сырқаттардың алдын алу немесе ерте анықтау мүмкін бе? Сондай-ақ қатерлі сырқаттар жиі анықталып жатқан өңірлерде кешенді зерттеулер жүргізіле ме?» — деп сұрады.
Депутаттың сауалына жауап берген Инклюзия департаментінің директоры Күләйім Жақсылыққызының айтуынша, 2026 жылдан бастап қазіргі 4 скринингтің үстіне қосымша тағы бір кешенді зерттеу енгізілмек көрінеді.
«Жыл сайын балаларды денсаулық скринингінен өткізуге қосымша МРТ енгізілгелі отыр. Бұл зерттеу онкологиялық сырқаттарды ерте анықтауға бағытталған. Қазір бірнеше өңірде пилоттық жоба ретінде іске асырылуда. Ал сырқат көп анықталатын өңірлер ошағын зерттеу — тек бір министрліктің құзырындағы шаруа емес, оған бірнеше сала бірлесіп жұмыс жүргізуі қажет», — деді.
Шара барысында тағы бірнеше өзекті мәселе талқыланды. Депутат Наурыз Сайлаубай өңір тұрғындарынан жиі келетін шағымдарға тоқталды: «Өңірлерді аралаған кезде көптеген азаматтар мүгедектігін қайта-қайта дәлелдеуге мәжбүр болатынын айтты. Мысалы, қолынан не аяғынан айырылған адамдар да мүгедектігін растау үшін арнайы комиссиядан бірнеше рет өтеміз, деп шағымданды. Бұл — қисынсыз. Қолы жоқ адамның мүгедек екені айтпаса да түсінікті ғой. Неге оларды әуреге саламыз? Екіншіден, азаматтар, әсіресе ауыл тұрғындары, оңалту орталықтарын ашқысы келетінін айтады. Оларға мемлекет тарапынан қандай қолдау бар? Осы сауалдарға жауап берсеңіздер», — деді депутат. Сауалға жауап берген Күләйім Жақсылыққызы қазіргі заңнама бойынша денесінің бір мүшесінен айырылған азаматтар ешқандай әуресіз-ақ бірден мүгедектік рәсімдей алатынын айтты.
«Қазір еліміздегі барлық медициналық ұйымдар жұмыс істейтін 20 түрлі электронды-цифрлық база бар. Иә, кейде осы базалар арасында үйлесімсіздік, сәйкессіздік орын алып жатады. Мысалы, кез келген азамат биыл жеке клиникаға, келесі жылы мемлекеттік клиникаға тіркелуі мүмкін. Базалар бір-бірімен үйлеспегендіктен, сырқан адам өзінің диагнозын растау үшін екі жақтан анықтама жинауға мәжбүр. Енді біз бірнеше министрлікпен бірлесіп, барлық базаларды бір жүйеге біріктіруді қолға алдық. Келер жылы жұмыс толық аяқталуы тиіс. Сол кезде азаматтар үшін барлық ақпарат автоматты түрде қолжетімді болады. Ал оңалту орталығын ашу үшін алдымен арнайы тексерістен өту қажет. Сонымен қатар, бұл белгілі бір мөлшерде қаржыны талап етеді. Орталықтағы мамандар да сертификатталған болуы тиіс. Талаптарға сай келсе, орталық ашуға кедергі жоқ», — деді Күләйім Жақсылыққызы.
Қорытындылай келе, кешенді шаралар қабылдау көп мәселені шешіп, азаматтардың бойындағы сырқаттың алдын алуға мүмкіндік беретіні анық. Құзырлы органдар бұл бағытта жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал ЖСДП мәселені дер кезінде көтеріп, инклюзивті қоғамды дамытуды барынша қозғай береді. Жиналғандар келер 2026 жылы шараны кең көлемде қайта өткізуді жоспарлады.
Бердібек Қабай,
ЖСДП баспасөз қызметі