Қостанайда маңызды мәселе көтерілді

ЖСДП Қостанай облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың мәселелері мен перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Бас қосуға МИБ төрағалары, қоғамдық ұйым өкілдері және партия мүшелері қатысып, жергілікті өзін-өзі басқару институтын дамытуға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Кездесуде тек тұрғын үйлерді басқару сұрақтары ғана емес, Құрылтай сайлауының қорытындылары, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның фракциясын қалыптастыру, сондай-ақ алдағы кезеңдегі бірлескен жұмыстың бағыттары да кеңінен сөз болды.

Кездесу барысында Құрылтай сайлауының қорытындылары мен ЖСДП фракциясының қалыптасуы туралы да ақпарат берілді. ҚОФ төрағасы Дамир Жақанов өз сөзінде Құрылтай сайлауынан кейінгі партияның негізгі міндеттерінің бірі-сайлау нәтижесіне қарамастан, халықтың күнделікті мәселелерін шешуге бағытталған жұмысты жалғастыру екенін атап өтті.

«Жергілікті өзін-өзі басқару - белгілі бір депутаттың немесе бір сайлаудың мәселесі емес. Бұл - халықтың күнделікті өміріне тікелей қатысты жүйе. Сондықтан Құрылтайға кімнің өткеніне қарамастан, біз ТКШ мәселелерін көтеруді, МИБ-мен жұмыс істеуді және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға күш салуды жалғастырамыз», – деді Дамир Жақанов.

Тиімді жергілікті басқару жүйесі азаматтардың белсенділігі мен жауапкершілігін арттырып қана қоймай, тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты да күшейтеді. Сондықтан МИБ институтын дамыту өңір үшін маңызды бағыттардың бірі. Қостанай облыстық филиалы бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жүргізіп келеді. 2023 жылдан бері МИБ институтын нығайтуға бағытталған 20-дан астам іс-шара өткізілді. Сонымен қатар МИБ өкілдерімен келісім бойынша қаланың Әуежай және КСК шағын аудандарында партиялық офис ашылды. Мұнда МИБ төрағаларына тұрақты түрде консультациялық көмек көрсетіліп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мәселелер талқыланады.

«Бұл бағытты дамыту - тұрақты жұмысты, тұрғындардың белсенділігін және қоғам мен партия арасындағы өзара байланысты қажет ететін ұзақ процесс. Сондықтан біз МИБ төрағаларымен жұмысты күшейтіп, нақты мәселелерді бірге көтеріп, олардың шешілуіне ықпал ететін алаңдарды көбейтуіміз керек», – деді қатысқандар арасында белсенділер.

Кездесу қорытындысында МИБ төрағалары жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бағытындағы жұмысты жалғастыруға дайын екендерін білдірді. Атап айтқанда, Әуежай мен КСК шағын ауданы МИБ төрағалары ЖСДП -мен бірлескен жұмысты әрі қарай күшейтуге ниетті екенін жеткізді. Сонымен қатар алдағы уақытта шағын аудандардағы белсенді тұрғындар арасынан қоғамдық бастамаларды қолдайтын азаматтарды анықтап, оларды Қостанай қалалық мәслихаты депутаттығына ЖСДП атынан ұсыну мәселесін қарастыру туралы мақсат қойылды. Ал партияның Қостанай облыстық филиалы өз тарапынан қала тұрғындары үшін маңызды ТКШ мәселелерін талқылауға арналған тұрақты іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр. Бұл жұмыстарға МИБ төрағалары қоғамдық өкілдер мен сарапшылар ретінде тартылмақ.

ЖСДП Қостанай