Саңырау жүйе, соқыр қоғам: АСБ бар балалардың мәселесі ашық көтерілді

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Абай облыстық филиалы ерекше қажеттіліктері бар балалардың мәселесіне арналған маңызды қоғамдық тыңдау өткізді. Іс-шара филиал төрағасы Рүстем Сармановтың бастамасымен ұйымдастырылды.

«Ата-аналар үні: АСБ (аутизм спектрінің бұзылуы) бар балаларға көмек көрсету жүйесіндегі нақты кедергілер» тақырыбында өткен жиында өңірдегі инклюзия саласындағы өзекті мәселелер ашық талқыланды.

Қоғамдық тыңдаудың басты мақсаты — ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың жанайқайын тыңдап, мемлекеттік қолдау жүйесіндегі қордаланған проблемаларды қоғам талқысына шығару болды. Жиын мемлекеттік органдар мен ата-аналар қауымдастығы арасындағы ашық диалог алаңына айналды.

Кездесу барысында сапалы оңалту, білім беру, әлеуметтік қолдау және балалардың болашағына қатысты жүйелі мәселелер көтерілді.

Ата-аналар Абай облысында аутизмі бар балаларға арналған ірі мемлекеттік оңалту орталықтарының жоқтығын, ерте анықтау жүйесінің әлсіздігін және психиатр мамандар тапшылығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, балалар 18 жасқа толғаннан кейін диагноздың өзгеруі көптеген әлеуметтік қиындықтарға әкелетінін жеткізді.

Қоғамдық тыңдауда психикалық денсаулық орталықтарында жасөспірімдер бөлімдерінің жоқтығы да сынға алынды. Соның салдарынан жасөспірімдер ересектермен бірге ем қабылдауға мәжбүр екені айтылды.

Бұдан бөлек, ата-аналар күндізгі орталықтардың тапшылығын, АВА-терапиясының қымбаттығын, тегін қызмет көрсететін мекемелердегі ұзын-сонар кезекті, арнайы дайындалған тьюторлардың аздығын және мектептердегі ресурстық сыныптардың жетіспеушілігін көтерді.

Көп жағдайда ерекше балаларды үйден оқыту форматына ауыстыру тәжірибесі қалыптасып кеткені де айтылды. Бұл олардың қоғамнан оқшаулануына алып келетін негізгі себептердің бірі ретінде бағаланды.

Спорт пен әлеуметтік бейімделу мәселесі де назардан тыс қалмады. Ата-аналардың айтуынша, өңірде бейімделген дене шынықтыру жаттықтырушылары жоқтың қасы. Көптеген спорт секциялары ерекше балаларды қабылдаудан бас тартады. Сондай-ақ қолжетімді бассейндер мен иппотерапия орталықтарының тапшылығы да өткір мәселе болып отыр.

Жиында аутизмі бар азаматтардың 18 жастан кейінгі өміріне қатысты проблемалар да көтерілді. Атап айтқанда, кәсіпке баулу бағдарламалары мен арнайы шеберханалардың жоқтығы олардың қоғамға бейімделуіне кедергі келтіріп отырғаны айтылды.

Қоғамдық тыңдауға қатысқан «Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы», «Абай облысының білім басқармасы», «Абай облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы», сондай-ақ «Абай облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» өкілдері көтерілген мәселелерді назарға алып, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді.

Жиын қорытындысында қатысушылар ерекше қажеттіліктері бар балалардың мәселесі тек бір отбасының емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі екенін атап өтті.

Айта кету керек, бұл мәселелер Парламент деңгейінде де тұрақты түрде көтеріліп келеді. Мәжіліс депутаты, ЖСДП фракциясының мүшесі Ажар Сағандықова ерекше қажеттілігі бар балалардың құқықтарын қорғау мәселесін бірнеше рет көтеріп, жүйелі өзгерістер енгізу қажеттігін айтып жүр.

Қатысушылар мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен әрекеті ғана ерекше балалардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

ЖСДП Абай облыстық филиалының баспасөз қызметі