Сәкен Сейфуллин - қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі ғана емес, ұлттың болашағын стратегиялық тұрғыдан ойлаған мемлекетшіл қайраткер. Сәкен үшін жол, көлік, байланыс - тәуелсіз әрі қуатты мемлекет құрудың басты шарттарының бірі болды.
Осы маңызды тақырып аясында 2026 жылғы 10 ақпанда Талдықорған қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Жетісу облыстық кітапханада «Сәкен аманаты: елді елге жалғаған жол» тақырыбында мазмұнды кездесу өтті. Іс-шараның мақсаты - Сәкен Сейфуллиннің рухани және қоғамдық-саяси мұрасын насихаттау, оның қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы рөлін терең түсіндіру және жастар арасында тарихи сабақтастық пен азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыру болды. Кездесу барысында ЖСДП облыстық филиалының басшысы Жасулан Мукаманов 2 сәуірден бастап Талдықорған Астана бағытындағы пойыз жүре бастайтынын қуана жеткізді. Оның айтуынша, бұл жай ғана пойыздың іске қосылуы емес, өңір тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды жаңалық. Енді ел тұрғындарының орталыққа қатынауы жеңілдеп, оқу, жұмыс, басқа да шаруалармен бару әлдеқайда ыңғайлы болмақ. Сонымен қатар, Жасулан Мукаманов студенттерге арналған тәжірибе орталығын ашу идеясын ұсынды. Бұл орталық студенттердің практикалық дағдыларын шыңдап, жобаларға қатысуға және қоғамдық белсенділікті арттыруға мүмкіндік бермек. Студенттердің пікірін білу мақсатында сауалнама жүргізілді. Көпшілігі орталықты қолдайтынын білдіріп, оны тәжірибе алу мен шығармашылық жобаларға қатысу үшін аса қажет деп бағалады. Ашық пікір алмасу кезінде студенттер орталықтың тек оқу орны емес, идеялар мен жобалар жүзеге асатын кеңістік болғанын қалайтынын жеткізді. Ұсыныс жастардың нақты сұранысына негізделген маңызды бастама ретінде қолдау тапты. Жиынға партиялық актив өкілдері, кітапхана қызметкерлері, Талдықорған индустриялық колледжі, Сервис және технологиялар колледжі, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенттері мен жастар белсенділері қатысты. «Журналистика» мамандығының 2-курс студенттері Оспанғали Аружан, Сүлеймен Гүлжанат және Рысбек Шырын кездесуден алған әсерлерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Астана - Талдықорған пойызының іске қосылуы мен студенттерге арналған тәжірибе орталығы Сәкен Сейфуллин армандаған елді елге, ұрпақты ұрпаққа жалғаған жолдың бүгінгі көрінісі. Бұл кездесу жастарды тарихи сабақтастыққа, азаматтық жауапкершілікке және елдің дамуына белсенді атсалысуға шабыттандырады. Елдің болашағы жастардың қолында, ал Сәкеннің аманаты сол жолда жалғасып жатыр.
🖋 ЖСДП Жетісу облыстық филиалының баспасөз қызметі