Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ЖСДП фракциясының мүшесі Нұрлан Ауесбаев еліміздің шығысына жасаған жұмыс сапары барысында Семей қаласының бүгінгі ахуалымен танысып, ондағы қордаланған мәселелер мен шешімін тапқан оң нәтижелерді өз көзімен көрді.
Сапар барысында депутат Абай облысының әкімі Берік Уалимен кездесті. Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары, мемлекеттік және өңірлік бағдарламалардың іске асырылуы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен Қазақстан Республикасы Парламенті арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіруді қажет ететін өзекті мәселелер мен бастамалар талқыланды. Одан бөлек Мәжіліс депутаты жоспарға сәйкес Семей қаласындағы РСУ-1 кентінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу ашық диалог форматында өтті. Онда кенттің әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелері, сондай-ақ оларды шешу жолдары жан-жақты қаралды. Тұрғындармен кездесуге ЖСДП депутатымен бірге жергілікті билік өкілдері де келді. Кездесу барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен әлеуметтік инфрақұрылым саласындағы кенттің негізгі проблемаларын анықтау, оларды жергілікті атқарушы органдар деңгейінде, қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасы Парламенті деңгейінде қарау үшін нақты ұсыныстар әзірлеу қажеттігі айтылды. Кездесу кезінде РСУ-1 кентінің тұрғындары бірқатар өзекті әрі жүйелі мәселелерді айтты. Кенттің белсенді тұрғыны Светлана Рахманова ең маңызды проблемаларға арнайы тоқталып, қордаланған мәселелерді жіпке тізді.
«Кентті орталықтандырылған жылумен жабдықтау мәселесі әлі шешілмеген, медициналық мекеме, емхана немесе аурухана да жоқ, мектеп салынбаған, автомобиль жолдарының жағдайы да өте нашар. Бұдан бөлек мұнда әлеуметтік түйткілдер аз емес. Біз кенттік жағдайын айтып, тиісті органдарға үнімізді жеткізе алмай жүрміз», – деді ол. Өз кезегінде депутат Нұрлан Сатыбалдыұлы тұрғындардың мәселесін жедел шешу қажеттігін қадап тұрып айтты.
«Жергілікті әкімшілік өкілдері жағдаймен неге таныспайды? Тұрғындар қанша уақыт шырылдап жүруі керек? Егер азаматтарымызды қорғай алмасақ, оларға лайықты жағдай жасамасақ, онда мәселені түбегейлі өзгерту қажет. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар бұл мәселелермен дереу айналысуы тиіс», – деді депутат.
Айтылған ұсыныстар мен өтініштерді кент тұрғындарының басым бөлігі қолдап, бұл жағдай халықтың қазіргі ахуалға деген алаңдаушылығының жоғары екенін көрсетті.
Кездесу қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаты Нұрлан Ауесбаев халықпен тікелей диалогтың маңыздылығын атап өтіп, көтерілген мәселелердің көпшілігі жергілікті сипатқа ие екенін және оларды ең алдымен жергілікті атқарушы органдар тарапынан жедел қарау мен шешу қажеттігін жеткізді.
ЖСДП партиясының Абай филиалының баспасөз қызметі